Мәселе

Пәтер жөндеушілер  жүгенсіздігі

Кейінгі кезде мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау мен қамқорлықтың арқасында қаламызда баспаналы болу бақытына ие болушылар қатары көбейді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Әсіресе, зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтардың баспана сатып алуына пайдалануға мүмкіндік берілуі көп адамның үйлі-жайлы болуына молынан ықпал етті.
Бірақ сіз таңдап,  пәтер сатып алған құрылыс компаниясының да өз шарттары бар. Салып берген пәтерін толық бітіріп, кілтін қолыңызға ұстата салмайды. Сыртқы есік, терезесін қойғанмен, ішкі әрлеу жұмыстарын жарым-жартылай жасап, «қалғанын өзіңіз бітіріп алыңыз» деп жөндеріне кетеді. Сөйтіп, бәленбай миллион теңгеге сатып алған «құжыраңызды» енді өз қаражатыңыз­ға маман жалдап жөндеуге кірісесіз. Барлық қиындық осы жерден туындайды.

[smartslider3 slider=460]

Аңқау елге арамза молданың кебі
Көпшілікке танымал жарнамалық сайттардан «пәтеріңізді жөндеп береміз» деп сізге ізет танытып тұрған жөндеушілер бригадасын лезде табуға болады. Бағалары да әртүрлі. Пәтердің әр шаршы метріне 16 мыңнан 30 мың теңгеге дейін ақы сұрап тұрған олар сіздің барлық талап-тілектеріңізді орындайтын болып ант-су ішеді. Ішінде нарықта қанша жыл жүргенін, өзіндік рейтингін айқындайтын тілдей анықтама қағазын да қоса қыстырып қоятындары бар. Басында күмәнсіз сеніп қаласыз. Бастап­қы талаптары мынадай: келісімшартта келісілген ақшаның бірден 40 пайызын, жұмыстың тең жартысы біткенде 30 пайызын, қалған 30 пайызын жұмыс аяқталған соң бересіз дейді. «Неге бірден 40 пайыз сұрайсыз?» десеңіз, «жұмысшыларымды ынталандыруым керек» деген жауабы да әзір тұрады.
Хош делік, қомақты соманы қолына ұстаттыңыз. Іске сәт, жұмысты бастап кетуі керек еді. Жоқ, олар «материал сатып алып жатырмыз» деп тағы бір екі-үш күн жүріп алады.
Осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» мамандардың айтуынша, тапсырыс берушіні алғашқы алдау осы керекті құрылыс материалдарын сатып алудан басталатын көрінеді. Егер бұл саладан сәл де болса хабарыңыз болмаса, құрдымға кеттім дей беріңіз. Сіздің қолыңызға әкеліп берген құрылыс заттары бағасының түбіртегін жөндеу­ші маманыңыз кез келген құрылыс заттарын сатушыдан қалаған сомасына жаздырып ала алатынына күмәніңіз болмасын. Түптеп келгенде, сіз жөндеуге керекті материалдарыңыздың құнын екі есе (тіпті кейбір алақол арсыздарға үш есеге дейін) асырып төлеп тұрғаныңызды білмей қаласыз. Оның үстіне экопол сияқты құрылыста құны жоғары өтімді дүниелерді жөндеушіңіз артық алдырып, өз керегіне пайдаланатын жайлар да аз емес.
Өйткені қазір белгілі болғанындай, сіз таңдаған жөндеуші бригада сіздің пәтермен қатар тағы бір жерде тап сондай құрылыс нысанына жөндеу жүргізіп жатуы әбден мүмкін. Міне, сөйтіп сізге артық алғызған материалды оларға, олардан артық алынған заттарды сізге пайдаланып, ақшаны қалтасына басатындығы іс жүзінде дәлелденіп жүр.
Алдап, адамгершіліктен безеді
Еркешбек Әлиев жақында Мәңгілік ел даңғылының бойынан заман талабына сай үш бөлмелі пәтер сатып алды. Оны өз қалауынша жөндетіп, жасы жер ортасынан асқанда отбасымен бір жайлы пәтерде тұрғысы кеп-ақ еді. Олай болмай шықты. Есесіне сотқа жүгініп, алдап соққан алаяқтан пәтерін жөндеп беруге берген ақшасын қайтарып ала алмай жүр.
Жарнамада жекеменшік фирмасын көрсетіп, жөндеу­ден өткізген пәтерлерінің суреттерін тап-тұйнақтай тізіп қойған адамға Еркешбек бірден назар аударды. Телефонын теріп еді, көп кешікпей қырықтағы қырма сақал жігіт жетіп келді. Басында әр шаршы метріне 22 мың теңгеден сұрап еді. Сөйлесе келе «Бала-шағаңыз бар екен, менің де бес балам бар. Көпбалалы отбасын түсінемін» деп біраз аяушылық танытқандай болды. Сөйтіп екеуара келісіліп, бір жарым миллион теңгеге келісімшарт жасалды да, пәтер иесі алты жүз мың теңгені Жанаттың қолына санап берді.
Алғашқы күндері төрт тәжік азаматы сол пәтерге қона жатып жөндеу жұмыстарын жүргізе бастады. Бір аптадан кейін екі тәжік қалды. Бірақ жоспарланған жөндеу жұмыстары пәтер иесінің көңілінен шықпаған соң жөн-жосығын сұрағысы келген бұған: «олар өз жұмыстарын біледі, көп араласа бермеңіз» деп кейістік танытты.
Тағы бір он күн өткенде, пәтер иесі өзі қалағандай жұмыс жүріп жатпағанын айтып, қатаң ескерту жасап еді. Келесі күні екі тәжіктің орнын сипап қалды.
«Кетіп қалыпты. Мен сізге айтып едім ғой жұмысына араласа бермеңіз деп. Қап, ақшаларын беріп қойып едім, енді оларды таба алмаймыз. Орнына басқа адамдар істейтін болады. Барлық кем-кетікті қалпына келтіреміз» деп ант-су ішіп, тағы екі адамды алып келеді. Онымен қоймай тағы да 30 пайыз ақшасын сұрап алады.
Қалай бермейін? «Барлық ақауларды жөндейміз. Қам жемеңіз, бәрі ойдағыдай болады» деп тұрса. Бірақ біраз уақыттан кейін келіп тексергенімізде Жанаттың жаңа адамдары да істі маңдытпады. Төсеген паркеттері қисық. Қабырғаға салған молдингтері стандартқа сәйкес емес болып шықты. Шындығында, бұлар ешқандай маман емес, өз беттерінше үйреніп жүрген қарапайым адамдар болып шықты.
Осы жерде ши шықты. Бақсақ бақа екен дегендей, «құрылыс жүргізуде бірнеше жылғы тәжірибем бар маманмын» деп бар жауапкершілікті мойнына алған Жанат Жүнісовтің өзі желбуаз әңгімені үрлеп, талайды сан соқтырып жүрген күмәнді адам болып шықты.
Сотта оның жеке басында ешқандай дүние-мүлік тіркелмегені анықталды. «Бес балам бар, мен ешкімнің ала жібін аттамаймын» деп жүрген жігіт қаланың қымбат ауданынан пәтер жалдап, бірнеше айдың ақшасын төлемей табанын жалтыратқаны су бетіне қалқып шыққанда, беті бүлк етпей «бұл – жеке бастың мәселесі» деп жалтаруы оның ой-санасының қандай деңгейде екенін бірден аңғартады.
Осының бәрі заңның әлсіздігінен
– Қазір екінің бірі осындай оп-оңай қарпып қалғысы келетін жүгенсіз адамдардан зардап шегуде. Біз оларға түсіндіру жұмыс­тарынан басқа ештеңе де істей алмаймыз. Бұл – екі адамның арасындағы өзара келісім. Екі жақ та өз уәждерін айтып, дауласып шыға келеді. Мұндай мәселені тек сот қана шешеді, – дейді Есіл ауданының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Асылхан Әлімов.
Міне, өздеріне нақты жаза жоғын біліп алған құрылыстың айналасындағы Құдайдан безгендер соңғы қаражатын жиып, әрең қолы жеткен пәтеріне өз қалауынша жөндеу жүргізгісі келіп сенім артқан адамдардың ақшаларын алып, алдап, әуре-сарсаңға салуда.
«Мұндайларға бір тоқтам бола ма?» деген сауалымызға Алматы ауданы прокурорының орынбасары Әділжан Казенов:
– Бұл – азаматтық құқық бұзушылық іс. Сотқа жүгінгенде бұл бап бойынша белгілі бір мөлшерде айыппұл ғана қарастырылған. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ол адамның әрекетін алаяқтық бабы бойынша жүйелеу керек. Оған бірнеше адамның жазған шағымы қажет. Әрине, мұндайлар тек бір адамға ғана қиянат жасап тоқтай қалмайтыны белгілі. Сондықтан сот ол адамның үстінен түскен басқа осы тектес шағымдар болса, оны да ескеруі керек деп ойлаймын. Сонда ғана мұндай жүгенсіздерді ауыздықтауға мүмкіндік туады, – деді.
«Жыласаң, тағы сабаймын» дегендей, біз пәтер жөндеушілердің әділетсіздігін айтып ауыз жиғанша болған жоқ. Учаскелік полицияға жиһаз жасаушылардан зардап шеккен тағы екі адамның арызы келіп түсті. Бірі 400 мыңға қымбат материалдан жасауға тапсырыс берген адамның жиһазын арзан материалдан жасап әкеліп, ұстатпай қашып жүрген адамның үстінен шағымданса, екіншісі қабырғаға орнатылуы тиісті үлкен айнаны дұрыс қоймай сындырып алып, бой тасалаған жігітті тауып беруін сұрайды.
Міне, кейінгі кезде осындай келеңсіздіктердің жаппай етек алып бара жатқаны алаңдатады. Бұған құзырлы органдар қандай уәж айтып, шара қолданар екен?..
 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button