Қала мен Сала

ПӘТЕРГЕ ФИРМА ТІРКЕТІП, ПӘЛЕ ТІЛЕМЕ

prodajagf

Артық ақша табамын деген ашкөздікпен кейбір пысықайлар бір мекенжайға бірнеше фирманы тіркей салатыны ешкімге жасырын емес. Мысалы, Астанада бір бөлмелі пәтердің иелері 50-ге жуық кәсіпорынның қағаз жүзіндегі формальді мекенжайын тіркегені туралы мәлім болды.

Әдетте мұндай күмәнді әрекеттерге әрқилы қитұрқы жолдарды пайдалана отырып, салықтан жалтару арқылы мемлекетке зиян келтіретін, сөйтіп көлеңкелі экономиканы «гүлдендіретін» сенімсіздеу салық төлеушілер, ұшарын жел, қонарын сай білетін тұрақсыз кәсіпорындар барады. Ресми деректерге сенсек, Астанаға басқа жақтан келген кәсіпорындардың 61 пайызы осындай көпқабатты тұрғын үй кешендерін жағалайды.

Ал, өз кезегінде пәтер иелері азын-аулақ қолүздікке бола тұрғылықты жерлеріне жалған тіркелуге келісім беру арқылы теріс ниетті салықтөлеушінің сыбайласы болып шыға келгенін байқамай қалады.

Салық департаменті мұндай алаяқтыққа тосқауыл қою үшін коммуналдық қызмет көрсетушілерге ақыны коммерциялық мекеме есебінде өндіріп алу мақсатында әлгіндей пәтер иелерінің тізімін жөнелтіп отырады. Яғни, мұндай пәтерлерді коммуналдық қызмет мекемелері, ПИК бизнес нысаны ретінде қарастырып, ай сайынғы жылу, жарық, ыстық және суық су сияқты коммуналдық қызмет төлемдеріне еселетіп шот қоюға толықтай қақылары бар.

Сол себепті, Салық департаменті іс насырға шауып, кейін материалдық, заңдық зардабын тартпас үшін азаматтарды өз мекенжайларына заңи тұлғаны тіркеуден аулақ болуды қатаң ескертеді.

Арман ӘУБӘКІРОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button