Патша тақтан бас тартқан күнгі Ақмоладағы митинг
1917 жылғы екі революция кезеңіндегі Ақмола қаласындағы жағдайды өз көзімен көрген С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттеген.
«…Елде де, қалада да патша тақтан түскен соң, топ-топ жиылыс. Гу-гу сөздер. Күн сайын жиылыс. Күн сайын митингі. Екі күнде бір комитет сайлау. Екі жердің бірінде бюро сайлау. Жиылыс сайын, митингі сайын сөйлейтін «ораторлар» – шешендер, «көсемдер» шыққан. Бұрын көп көрінбей, білінбей жүретін талай адам жиылыс майданына шыққан. Жиылыс сайын шығып сөйлейтін болған. Қала халқы гу-гу қайнаған. Екпіндеген. Барлы-жоқты, жөнді-жөнсіз сөздер де жүндей сабаланған. Неше заманнан бері халықтың айтуға аузы бармай жүрген сөздер енді бұрқ-бұрқ қайнап шыққан. Бұрынғы приказшік, шолақ сәудегер, алып-сатар, учитель, техник, мұғалім, хатшы, переводчик, уақ чиновник, фельдшер, доктор және басқа осындай адамдардың бәрі енді әлеумет пен саясат майданына шығып, «халық атынан» сөйлеп, «көсем» болып алыпты. Қала халқы жік-жікке бөлінген. Мәселен: казак-орыс, мещан, мұсылман (татар-қазақ), учительдер қауымы, қаладағы солдаттар, еңбекшілер. Бұлардың әрқайсысының өздерінің бөлек-бөлек жиылыстары бар. Қала менен даланы басқаруға жалпы комитет сайланған. «Құрама комитет» (коалиционный комитет) бұрынғы приставтарды түсіріп, олардың орнына жаңа кісілер сайланған. Крестьянский начальниктер түсірілген. Уез түсіріліп, оның орнына комиссар сайланған. Саясат майданы қазандай қайнады. Ескілік пен жаңалық қан майданға шықты. Қартайған дәуір мен жас дәуір белдесті. Талас-тартыс, қайнаған күрес майданы қызды».
Ғазиза ИСАХАН