Елордада – елшілер

Павел Утюпин: «Қазақстан – болашағы жарқын ел»

Кезінде Кеңес Одағы аталған алып империяның бір бөлшегі саналатын Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық байланыс өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген. Қос ел арасындағы ресми байланыс 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнады. Өз жұмысын 1997 жылдан бастаған Беларусьтің Қазақстандағы елшілігі екі ел арасындағы көп жылғы әріптестік байланысты нығайтуға күш жұмсап келеді. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қолға алынған «Елордада – елшілер» жобасы аясында Беларусьтің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Павел УТЮПИНМЕН болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Құрметті елші мырза, биыл Қазақстан мен Беларусь елдері Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын тойлауда. Осы жылдар аралығында екі ел арасындағы өзара байланыс жолға қойылып, дамудың даңғыл жолына түсті. Сіз қазақ-беларусь арасындағы қазіргі дипломатиялық қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?

–  Өткен 30 жыл ішінде біздің елдеріміз мемлекеттілікті нығайту мен дамыту, тұрақты экономикалық база қалыптастыру жолынан өтті. Біз өзара байланысты түзуде бәрін басынан бастамай, Кеңес Одағы кезінен келе жатқан әріптестікке иек арттық. Ұлтаралық достық пен мәдениетіміздің жақындығы да бұл үрдіске жақсы әсер етті. Беларусь-қазақ арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінен орнады. Екі ел арасындағы 80 халықаралық келісімнен тұратын дипломатиялық келісімнің құқықтық базасы өте мықты болды. Оның ішінде 2026 жылға дейінгі мемлекетаралық әлеуметтік-экономикалық әріптестік туралы келісімшартты айрықша атап өтуге болады.

Екі ел басшыларының арасында да сенімге негізделген конструктивті байланыс түзілген. Қоғамды трансформациялау бағытында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалар пакетін Беларусь Президенті Александр Лукашенко да қолдайды. Өз кезегінде Беларусь басшысы да халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономиканы басқаруды оңтайландыру салаларына басымдық береді.

Ел басшыларымен Беларусь пен Қазақстан арасында парламентаралық байланыс та жолға қойылғанын атап өту керек. Беларусьтің Республика кеңесі мен Беларусь Ұлттық жиналысы палатасының төрағалары мен Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің басшылығымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап тұрады.

Біздің депутаттар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің парламентаралық ассамблеясында, Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің парламенттік ассамблеясында бірге жұмыс істейді.

Халықаралық саяси аренада да біздің елдердің көзқарасы ұқсас. Біз де күллі әлемдегі тыныштық пен тұрақтылықты, теңқұқылы және өзара тиімді экономикалық байланыс құруды, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды ұстанымдарды ұстанамыз.

Биыл Беларусь елі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына, ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуде. Осылайша бауырлас елдер Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді дамыту, көпжақты әріптестік байланысты тереңдету бағытында қатар жұмыс істеуде. Мұнан өзге, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сынды халықаралық алаңдарда Беларусь пен Қазақстан бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.

[smartslider3 slider=706]

– Екі ел арасындағы қарым-қатынас болашақта қай бағытта дамуы мүмкін?

– Меніңше, беларусь-қазақ байланысын әрі қарай дамытуда бұрын кеңестік елдердің басын біріктірген интеграциялық құрылымдар аясында әріптестігімізді тереңдету басты бағыт болып қала бермек. Жаһандық экономикалық мәселелерді, халықаралық қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатерлерге төтеп беруде ұжымдық байланыстың тиімділігін өмірдің өзі сәт сайын дәлелдеп жатыр. Біз бірлескен кәсіпорындар ашып, технология алмасып, тауар айналымы мен көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтудағы түрлі кедергілерге қарсы тұрып келеміз. Нәтижесінде қос елдің экономикалық әлеуеті нығайып, қарапайым азаматтардың жағдайы жақсара түседі.

Еларалық байланыстың жүйелі жолға қойылуы ұлттық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында да сенімді серіктестікке жол ашты. Біз Ауғанстандағы жағдайдың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан сынды серіктес елдердегі саяси ахуал мен қауіпсіздікке әсер етуінің мүмкіндіктерін де зерделейміз.

Қазір жаһандық қауіпсіздік жүйесіне теріс әсер ететін факторлар бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе «бүлікші» елдерді санкциялық жазалау тәжірибесі кең етек жаюда. Беларусь сырттан енгізілген «жаңа әлемдік тәртіптің» теріс салдарын толық сезінеді. Өткен жылы сырт­қы күштер «адам құқықтарын қорғау туралы» ұранын жамылып, біздің елімізде өздерінің геосаяси жобаларын іске асыра отырып, тұрақсыздық ошағын құруға тырысты. Алайда беларусь халқы өзіндік ұлттық сана-сезімге, менталитетке және көп жылғы тарихи тәжірибеге негізделген өзіндік даму жолын таңдады. Саясат пен экономикадан өзге Беларусь тарапы Қазақстанмен сенімді мәдени байланысты нығайта беруге ниетті.

Мен болашаққа зор сеніммен қараймын. Жалпы халықаралық саясат көбіне экономикалық негізге байланысты. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біздің достығымыз сан қырлы сипатқа ие.

Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда депутаттарымыздың да өз қолтаңбасын қалдыра алатындығына сенімім мол.

Беларусь пен Қазақстан арасындағы экономикалық қатынас табысты жүргізіліп келеді. ТМД елдері арасында біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі үздік үштіктің қатарында.

2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан-Беларусь арасындағы тауар айналымының көлемі едәуір ұлғайды. Дәл осы қарқынды сақтай отырып, жыл соңына дейін біз тауар айналымының жалпы көлемін 1 миллиард АҚШ долларға жеткіземіз. Екі ел арасында, негізінен, машина жасау, ауыл шаруашылығы салаларында тығыз әріптестік орнады.

Өткен айда Қазақстанда Беларусь мәдениетінің күндері өтті. Мәдениет күндері аясында заманауи кинофильмдер көрсетіліп, Беларусь Республикасының жетекші солистері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.

Қазір дипломатиялық қарым-қатынас шеңберінде қос ел арасындағы әуе қатынасын толық қалпына келтіруге күш салып жатырмыз. Пандемияға дейін біздің елдеріміз арасында апта сайын 20 бағытта әуе рейсі болса, қазір олардың саны 8 бағытқа дейін азайып қалды.

– Әлгінде сөз арасында елдер арасындағы мәдени байланыс жайын да тілге тиек еттіңіз. Елордада Беларусь этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Біздің әртістер мен шығармашылық ұжымдар сіздерде өтетін байқаулар мен фестивальдерге жиі қатысады. Сіздің ойыңыз­ша, екіжақты қатынастарды нығайтуда мәдениеттің рөлі қандай?

– Ең алдымен елдер арасындағы өзара мәдени қарым-қатынастарды қолдап, дамытуда қос мемлекет басшылары зор үлес қосты. Нәтижесінде біз үлкен мәдени серпіліс жасадық деп айтсам қателесе қоймаймын. Әсіресе кинематографияда, театр, мұражай қызметі, шығармашылық білім берудегі байланыс жолға қойылды. 2013 жылдан бері екі мемлекеттің аумағында мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Сіздердің өнерпаздарыңыз біздің көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Әсіресе «Славян базары» фестиваліне қатысқан қазақ әншілерінің жарқын жеңісі бүгінге дейін көпшілік жадында. Сол секілді Нұр-Сұлтандағы мәдениет күндерінде беларусь киносы, бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесі, эстрада жұлдыздарының концерті елордалық көрермендердің көңілінен шыққанын көрдік.

Өзіңіз айтқан Беларусь этномәдени бірлестігі де мәдени байланыстарды сақтауға, дамытуға қомақты үлес қосуда. Қазіргі уақытта Қазақстанда осындай 15 ұйым тіркелген.

[smartslider3 slider=707]

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Еліміздің осы жылдардағы дамуын қалай бағалайсыз? Біздің астанамыз туралы қандай ойдасыз? Беларусь пен Қазақстан астаналарының ұқсастықтары бар ма?

– Тарихи өлшеммен алып қарасақ, Қазақстан салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде мемлекеттілікті қалыптастырып, экономикалық әлеуетті арттырып, халықаралық аренада лайықты орын таба алды. Мұның бәрі экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени саладағы жетістіктерге жол ашты. Әрине, бұл – ел тізгінін аса күрделі кезеңде қолға алып, оны асқан біліктілікпен басқара алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі.

Мемлекеттілікті қалыптастырудағы Қазақстанның жетістіктері әлем елдерінің көз алдында. Соңғы зерттеулердің нәтижесі бойынша тұрақты даму мақсатына қол жеткізу бойынша 2021 жылы Қазақстан өткен жылғы позициясын 6 тармаққа жақсартып, әлемнің 165 елінің ішінен 59-орынға табан тіреді. Халық­аралық қауымдастық тарапынан мойындалған бұл көрсеткіш елдің дамып және үздіксіз алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы көшбасшы елдердің қатарына кіреді. Оған 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы ықпал етті. Чернобыль апатының қасіретін басынан өткізген беларусь халқы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаудағы бұл шешімнің маңыздылығын өте жақсы түсінеді.

Ал Нұр-Сұлтан – Қазақстанның жүрегі. Ол экономикалық даму мен елдің мәдени келбетіне айналды. Астананың даму қарқыны барлық жерде байқалады. Бұл қалада ең жоғары әлемдік стандарттарға сай ғимараттар салынып, халықтың экономикалық әл-ауқаты өсті. Қалада өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасалып келеді.

Әлбетте, жаңа астана салу кезінде сіздердің Тұңғыш Президенттеріңіз жастарға арналған қала идеясын табысты іске асыра алды. Елорданың бүгінгі келбетінен Қазақстанның болашағы жарқын, қуатты, бай мемлекет екенін аңғаруға болады. Қаладағы Батыс пен Шығыс стильдерінің араласуы оған ерекше реңк беріп, қайталанбас сәулет нысандары өмірге келді.

Қысқаша өмірдерек:

Павел Утюпин 1976 жылы Ресей Федерациясының Приморский өлкесі Хорольский ауданында өмірге келген. 1998 жылы Беларусь мемлекеттік экономикалық университетін «Халықаралық экономикалық байланыстар» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1999 жылы дәл осы оқу орнында магистратураны, 2002 жылы аспирантураны аяқтап шыққан. Еңбек жолын 1994 жылы «Дубль В» шағын кәсіпкерлігі директорының ішкі экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары болып бастаған. 1995-1999 жылдар аралығында «УТВ» өндірістік-коммерциялық фирмасы4 ішкі экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы. 1999 жылы «Фребор» кәсіпорнында жоспарлау-экономикалық бөлімінің экономисі. 2002-2004 жылдары Могилев облыстық атқару комитеті төрағасының кеңесшісі. 2004-2006 жылдары Могилев облыстық атқару комитеті төрағасының бас кеңесшісі. 2006-2011 жылдары «Белшина» ашық акционерлік қоғамы бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары. 2011-2017 жылдары Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрінің орынбасары. 2017-2018 жылдары Беларусь Республикасы Экономика министрінің орынбасары. 2018-2020 жылдар аралығында Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі. 2020 жылдың шілдесінен Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button