Басты ақпаратБілім

Педагог тапшылығы туындай ма?

Бүгінгі таңда елорданың білім беру жүйесінде кадр тапшылығы сезілуде. Орта білім беру саласында 90-ға жуық педагог, 60-тан астам әлеуметтік білім беру жүйесінде 120 маман жетіспейді. Астана қаласы мәслихаты әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында білім беру саласында сұранысқа ие кадрларды даярлау қажетін зерделеу үшін еңбек нарығын талдау, сондай-ақ осы сала нарығын дамыту перспективалары талқыланды. Кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешудің жолы ретінде педагогика мамандықтары бойынша грант санын көбейтіп, жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.

– Қазіргі кезде елордада еліміздегі барлық бағыт бойынша мамандар даярлайтын педагогика институты жоқ екенін бірнеше рет атап өттім. Астанада кәсіби кадрларды даярлау­ды «Astana International University» базасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша жұмыс істейтін педагогика колледжі жүзеге асырады. Бұл туралы шешімді елордалық мәслихат депутаттары қолдады. 2026 жылға қарай AIU педагогика колледжін педагогика институтына толық трансформациялау жоспарлануда. Бұл бағытта жеке инвестор белсенді жұмыс істеуде, – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Елордадағы демография өсімі білім алуға деген сұранысты арттыра түсті. Сол себепті ел астанасындағы білім беру жүйесінде кадр тапшылығын болдырмау – өзекті мәселе. Халық қалаулыларының өткір мәселеге үн қатуы да заңды. Болашақ педагогтарды даярлау ісі қалалық Білім басқармасының бақылауында болады

Мәслихат отырысында қалалық Білім беру басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев білім беру саласында сұранысқа ие кадрларды даярлау қажетін зерделеу үшін еңбек нарығын талдау, білім беру қызметі нарығын дамыту перспективалары туралы баяндама жасады.

– Қазіргі уақытта елорданың білім беру саласында 21 мыңнан астам педагог, оның ішінде мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметі бойынша бүгінгі таңда педагогтарға деген қажеттілік 91 адамды құрайды. Қажеттілік орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері (22), математика (27), информатика (18), тарих (3), орыс тілі мен әдебиеті (7), физика (9), химия (5) педагогтарына туындап отыр. Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарындағы арнайы педагогтарға (61), мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілеріне (120) қажеттілік бар, – деді Қасымхан Сенғазыұлы өз баяндамасында.

Басқарма басшысының айтуынша, Астанада 2029 жылға дейін 80 мектеп пайдалануға беріледі, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп есігін айқара ашпақ. Елордада жыл са­йынғы бала өсімі 20 мыңға жетті. Болжамды деректер бойынша 2027 жылы елорда оқушыларының контингенті 330 мыңнан астам баланы құраса, педагогтарға қажеттілік 3 мыңнан асады.

Орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2018 жылдан бастап қала әкімдігі жыл сайын педагогика мамандықтарына Астана қаласы әкімінің грантын бөлуде. Бұл грант елорданың 3 жоғары оқу орнында – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Еуразия гуманитарлық университеті, Астана халықаралық университеті – 2029 жылға дейін 7536 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын беру белгіленіп отыр.

Бүгінде жоғары оқу орындарында 3 мыңнан астам студент білім алуда. 2024 жылы 1286 түлек (РБ грант – 442, ЖАО грант – 370, ақылы – 474) педагогика мамандығы бойынша оқуын аяқтайды.

Биыл 63,1 пайыз, яғни 812 түлекті Астана қаласының білім беру ұйымдарына жұмысқа орналастыру жоспарлануда (педагогика және психология – 9, бастауыш сыныпты оқыту әдістемесі – 21, информатика – 9, биология – 18, химия – 18, география – 5, физика – 3, математика – 22, тарих – 4, шет тілі – 222, орыс тілі мен әдебиеті – 33).

Кадрлық әлеуетті дамытуды жүзеге асыру үшін жоғары оқу орындарымен меморандум жасалып, кә­сіптік бағдар беру жолға қойылған.

«Болашақ мамандыққа қадам» жобасы бойынша биыл 20 мектеп 7 бағытта (педагогика, IT, техника, сәулет, технология, инженерия, ауыл шаруа­шылығы) жұмыс жасауда, 50 педагогика сыныбы ашылды. Жоба бойынша оқыған 36 түлек педагогика бағытындағы мамандыққа оқуға түсті.

Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагогика мамандықтары бойынша мемлекеттік білім грантымен студенттер оқып жатыр. Олардың саны – 1566 студент.

2027 жылы грант бо­йынша оқуын тәмамдаған 5248 жасты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысынан басқа, 2024-2028 жылдарға арналған нысаналы грант бөлінеді (бастауыш сынып – 100, тәрбиеші – 500).

Кадр тапшылығын болдырмау мақсатында гуманитарлық колледж мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Астана» халықаралық университетіне үздіксіз білім беру, яғни жоғары білім беру жүйесін құру мақсатында берілді.

2024 жылғы қыркүйектен бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 11 бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосады. Алдағы уақытта 300 грант бөлу жоспарланған.

Елордадағы демография өсімі білім алуға деген сұранысты арттыра түсті. Сол себепті ел астанасындағы білім беру жүйесінде кадр тапшылығын болдырмау – өзекті мәселе. Халық қалаулыларының өткір мәселеге үн қатуы да заңды. Болашақ педагогтарды даярлау ісі қалалық Білім басқармасының бақы­лауында болады.

 

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button