Басты ақпаратТаным

Періште бөрілер

Жетпісінші жылдардың аяғы. Жаздың басы. Каникул. Күн ашық. Әкем Смағұл жаңа ғана пошташы әкелген газет-журналдарды есік алдындағы ағаш орындықта қарап отыр. Мен көрші құрдас Қасболатпен бірге велосипедімнің майысқан дөңгелегін түзеп әуремін. Жанғали (Жақай) ағам сары мәшинесін әдеттегідей үй мен қораның арасына әкеліп тоқтатып, газын үш рет қаттырақ басып моторын өшірді. Кезектегі мал емдеу мен аурудың алдын алу іссапарынан келді. Жазғы демалыста ойынның қызығына батқан маған ағамның үйге келгені ойынға кедергі. Мал өрісте болғанмен «қора таза ма, қойлар құрттап кеткен жоқ па?» деген сияқты ауылдың күйбің тіршілігінің «дежурный» сұрақтарын қойып тексере бастайды. Малға шорқақтық әкемізден жұққан болуы керек, кешке кезекпен бағылатын өрістен келген қой-ешкі мен қозы-лақты шарбаққа қамай салып, әрі қарай футболды жалғастыруды ойлаймын. Мал басы түгел болса болды, құрттағанын «контроль» жасауға құлық жоқ. Сол үшін сан рет сөз естіп, таяқ та жедік.

…Ағам мәшинеден түсті. Көңілді. «Бір қызық көрсетейін бе?» дейді бәрімізбен амандасқаннан кейін. Анда-санда бір ұсақ мал ала келетіні бар-тын, «қой ма?» деймін қарсы сұрақ қойып. «Жоқ, қазір көресің» дейді, жұмбақтай күліп. Содан «дуктың» артқы кабинасын ашып иттің күшігін алып шықты. Есіміз шығып, мәз болып жатырмыз. Бірақ біз көріп жүрген күшіктердей емес, өзгешелеу. Басынан сипайын десек ырылдап, тісін ақситып, айбат шегеді. «Тазы емес, төбет емес, бұл не ит?» дейді Қасболат. «Бұл бөлтірік» дейді ағам, «Мәссаған, қасқырдың күшігі ме?». «Иә». Одан сайын есім шықты, ауылдағы ең мықты ит сенде болса қайтесің. Сөзге қолындағы газетін жиып алып әкем араласты. Түсі суық, дауысы қатал шықты. «Қайдан алдың мынаны?» «Кенелідегі Дайыр төренің ұрпағы Сейітжан берді» дейді ағам. «Қай апаннан алдыңдар, сонда апарып тастаңдар». Уәж айтып көріп едім, әкем ызғармен маған «сен қысқарт» деді. Ағам шешемнің бір шайын ішті де, қайта кетті Кенеліге… Бөлтірікті ала кетті. Әкемнің көңілі орнына түсті-ау дегенде барып, неге бөлтірікті қайтарып жібергенін сұрадым. «Балам, ол түз тағысы, қолда ұстап асырағанға көнбейді». «Овчаркалар қасқырдың тұқымы дейді ғой» деймін мен. «Олар будан, таза қасқыр бәрібір көнбейді, сосын..» деп көзі жасаурап үндемей қалды, қазбалауға дәтім бармады, ол кісі де сөзін жалғамады.
Сексенінші жылдардың ортасы қазаққа ызғарлы болғанмен, аяғы жаймашуаққа ұласты. Ақтаңдақтардың беті ашылып, арыстар ақталды. Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім… Кітаптары шыға бастады. Бұл есімдерді әкем одан да ілгеріде бізге жасырын айтып отыратын. Мағжанның өлеңдерінен үзінділерді жатқа айтатын. Баспасөзде 1932 жылғы аштық жайында да көп жазылды сол жылдары. Алматыдан осы арыс­тардың баспадан жаңа шыққан кітаптарын арқалап тағы бір жазғы каникулға ауылға келгенімде, көп сыр ашпайтын әкем кітаптарды қарап отырып, біраз әңгіме айтты.
…1932 жыл. Жасым ондарда. Аштықтан күнкөріспен жағалап келіп қалған Семей қаласында тұрамыз. Таңертең шешем Нұржібек бір таныстарға сүтке жібереді. Оның өзінде оны тері торсыққа құйып, ішіме байлап аламын. Далаға шыққанда көшеде самсап сұлап жатқан өліктердің үстінен аттап өтемін. Өліп жатқанның бәрі – қазақ. Бір қызығы, өлген адамның қолында қатып қалған наны болады, жаным үзіліп бара жатқанда жеймін деп сақтап, соңынан жеуге де мұршасы келмей жарық дүниеден аттанып кете баратын болуы керек, шамасы. Түс­тен кейін ат-өгіз арба шығып айыр­менен өліктерді тиеп жатады. Тағы бір есімде қалғаны, бір мешіттің күмбезін арқанмен құрсаулап құлатып жатқанын көргенім.
Бәрібір сол кездегі кейбір кітаптардың ішінде мәтін жолдарының ортасында «ДОЛОЙ СОВЕТСКУЮ ВЛАСТЬ!» деген ұрандар жиі кездесетін. Семейде де ахуалымыз болмаған соң, ұзынқұлақ Ресейде жағдай жақсы деген соң нағашым Жолшыбекпен бірге сол кездегі Новосібір облысы, Алейск стансасына көштік, қазіргі Алтай өлкесіндегі Алейск қаласы. Бір айта кететін жайт, бұл стансада Шәкәрім қажының балалары, Әлихан Бөкейханның інісі Смахан төре сол жылдары жан сақтаған. Шынымен, ол жерде қарнымыз тоқ болды. Бірақ, аштықтан босыған қазақ ауру таратты деген желеумен, сол кездегі үкімет қаулы шығарып, қыс ортасында елге қайта көшуге мәжбүрледі. Нағашым Ақыжан (марқұм соғыста хабарсыз кетті) Алакөл көлінде, балық өндірісінде басшылық қызметте болып, бүкіл ағайын қыстың іші болса да сол кісіні сағаламаққа бел буған. Ол кезде қазақ даласында отарба-пойыздан жақсы қара халыққа көлік жоқ. Оның өзі аштықтан босқан халыққа толы, жатпақ түгілі отыруға орын жоқ. Біз келіп түсетін Бөрілітөбе (қазіргі Ақтоғай) стансасын жұқпалы аурудан карантин деп жауып тастаған. Содан пойыз бұл жерге тоқтамай келесі Лепсі стансасына бір-ақ тоқтады. Бір жақсысы, Бөрілітөбеде вагон терезесінен айғайлап Ақыжан нағашымызбен сөйлесіп үлгердік, ол кісі Лепсіге пойыздың артынан іле-шала ат-шана жіберетін болды.
Лепсіге келіп пойыздан түстік. Қыстың қысқа күні еңкейіп, кеш қарайды. Жолдан шаршаған, әрі ашыққан біз уақыт ұту үшін жол сұрап, ат-шананың алдынан шығуды ұйғардық. Ағайынның жартысы Лепсіде күте тұруды ұйғарды. Екі ара жүз шақырымдық жер. Күн ақпан айы, аздап борап тұр. Мені Күнжан әжем қолымнан ұстап алған, бір топ адам иен далада келе жатырмыз. Боран үдей түскен. Әбден қалжырап, аш келе жатқан жұрт бір-бірінен қала бастады. Түн ауа аяз көтерілді де желмен күшейіп, боран да ақтүтектенді. Қарсыдан соғып көз аштырып жүргізбейді. Ат-шана әлі көрінбейді. Әжем «жолдан ауытқыған жоқпыз ба?» деп сұрап қояды. Темір жол мен мәшине, арба жолы қатар болғанымен, кей тұста бір-бірінен тым алыс­тап кетеді. Бір бей-жайлап қарағанда әжем екеуміз ғана келе жатыр екенбіз. Денемді қорқыныш биледі. Қалғандары озды ма, кейін қалды ма, я адасты ма белгісіз. Жолдың сүрлеуін жоғалтып алғанымызды сезіп келемін. Бетім үсіп, бақайларым тызылдап, қолымның саусақтары сақиып қалған. Біраз уақыттан кейін әжем сыртқы шапанын шешіп жолда қалдырды. «Неге шештің, үсисің ғой» деп едім, «ыстықтап кеттім» деді. Біраздан кейін камзолын шешіп тастады. «Ойбай, әже мұның не?» деп құшақтай алсам, денесі мұз… Адамның миы тоңазыса, сезім мүшелері қателеседі екен. Бойымды одан сайын қорқыныш биледі, камзолын кигізіп жатырмын, «құлыным-ау, ыстықтап келемін дедім ғой» дейді тағы. Енді кішкенеден кейін тізесі бүгіліп құлап түсті, тұрғызайын деп тырмысып жатырмын. «Мені қозғама» деді, әжем. «Мен біттім, өзің жүре бер, жарығым, тек тоқтама». Жылап жатырмын. «Жылама, әлсіреп қаласың, бір Аллаға тапсырдым, өзі жар болсын, тоқтамай жүр» деп, әжем өзі сұлқ қалды… Кішкене аялдап, тұрсам мен де әжемнің кебін кие­тінімді түсініп, бағыт-бағдарсыз, жолсыз жерде, аласапыран боранда әйтеуір жүре бердім. Қанша жүргенім белгісіз, сүрініп жығылғаным есімде, тұруға қау­қарым болмады. Айғайлаған боламын, дауысымды боранның ызыңы басып кетіп жатыр. Ұйқым келіп, көзім жұмыла береді. Ұйықтасам оянбайтынымды ішім сезеді, бірақ дәрмен жоқ…
…Оянып көзімді ашсам, таң атқан екен. Қар ұйтқып денемді басып қалыпты, аяғым ғана қарайып шығып жатыр, қозғап көріп едім, жансыз. Боран басылған. Айқайлаған адамның дауысын естігендей болып, көңілімде үміт оты жарқ ете қалды. Оң жағыма қарасам, қызық, маған қарап екі сұр ит отыр. Адамның дауысы қаттырақ естілді, басымды көтеріп қарап едім, қолында сойылы бар бір аттылы адам айғайлап келе жатыр екен. Әлгі екі ит жылыстап кетіп қалды. Әлі көрер жарық күндерім бар екенін біліп, шүкіршілік еттім. Жаңағы түйе бағып жүрген адам болып шықты. Екі итім – екі қасқыр екен. Айдалада екі қасқырды көріп, бұлар неге бір жерде тапжылмай отыр деп жақындағанда қарайған мені көріп, мал ма, жан ба деп білуге келген екен түйеші. Ақыжан нағашымыз сол кезде жасы он сегізде болса да, беделді адам еді, таниды екен. Дереу атына мінгестіріп алды да, нағашыма хабарласып, ауруханадан бір-ақ шықтым, бақайларым үсіп кетіпті, кесіп тастады. Қалған денемді қар басып үсіктен аман қалсам керек. Осы жасыма дейін таңмын, жаңағы екі қасқыр шын қасқырлар болса неге маған тиіспеді, әлде жаңағы түйешіге көрсетуге қасқыр кейпінде келген періште ме деп… Әрине, бұл менің басымнан ғана өткені, қолдан жасалған бұл аштықта бар қазақтың жартысы қырылып қалды…
Осы әңгіме аяқтала бергенде, әкемнен осыдан біраз жыл бұрынғы ағам әкелген бөлтірікті қайтарып жібергені осы оқиғаға байланысы бар ма деп сұрағанда, үндемей басын изеген. Адам түгілі көкжал бөрінің бір жақсылығын жарты ғасырдан кейін басқа бір бөлтірікке жақсылықпен қайтарған әкеме іштей риза болдым…

Сұлтан ЫБЫРАЙ,
Астана қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button