Қала тіршілігі

ПЕРЗЕНТХАНАДАҒЫ БІР КҮН

Есік алдынан күтіп алған бас акушер Жайнагүл Елшібекова жүкті әйелдің перзентханадағы алғашқы күні қабылдау бөлім­шесінен басталатынын айтып, сонда бастап келді.

Қабылдау бөлімшесінің мең­герушісі Баян Бекбаеваның айтуынша, перзентханаға күніне 30-40 әйел жеткізіледі. Бұдан әрі қарай түрлі созылмалы ауру жатырдағы баланың дұрыс жатпауы секілді диагнозбен түскендер паталогиялық жүк­тілік бөлімшесіне, ал, толғағы жет­­кендері босану залына жібе­ріледі.

Босану залы – бұл нағыз қар­баластың қайнаған ортасы.

Біз келгенімізде дәрігерлер операция бөлмесінен кесарь тілігі арқылы дүниеге келген баланы алып шықты. Жарық дүние есігін ашқанына небәрі он-ақ минут болған сәби өзінің тіршілік иесі екенін байқатқысы келгендей тырбаңдап жатыр. Дәрігерден бала мен анасының жағдайы қалай екенін сұрап жатырмыз. Операцияға қатысқан бас дәрігердің орынбасары Светлана Рахымбекова баланың да, анасының да жағдайы жақсы екенін, жан сақтау бөлімінде жатқан анасы екі сағаттан соң палатаға шығарылатынын айтты.

Дәліз бойымен ілгері жылжыдық. Қарсы алдымыздан шыққан алпыс-тан асқан ақ жаулықты қария бізді дәрігер деп ойласа керек, «Менің балам қайда? Қызымның жағдайы қалай?» деп иегі кемсеңдей берді.

Түсіне қойдық. 2-палатада жатқан жаңағы сәбидің әжесі.

Немересін жаңа ғана көргенімді, ұл бала екенін айтып, сүйінші сұрап жатырмын.

Қуаныштан көзіне жас алған апам «Халдері жақсы ма, әйтеуір?» деді.

Не-мереңіздің салмағы 2 келі 750 грамм, бойы 50 сантиметр» – деп, дәрігерден естігендерімді қайталап жатырмын.

Апамның қуаныштан жүзі бал-бұл жанды. Адамдарға қуаныш сыйлаудан асқан керемет сезім жоқ екен ғой. Соны анық түсіндім. Сол баланы өзім босандырып алғандай боп тұрмын. Тілші екенімді, мұнда не үшін келгенімді ұмытып кеткенім соншалық, «Жүріңіз, мен сізге балаңызды көрсетейін» деп палатаға жетектеп әкелдім.

Әдетте, дәрігерлер жаңа туған сәбидің бөлмесіне адамдардың кіруіне тыйым салады. Өйткені, шарана қоршаған ортаға бейім-деліп кеткенінше, оған түрлі инфекциялардың жұғу қаупі жоғары. Оны елеп жатқан біз жоқ. Босандыру бөлімшесінің аға акушері Алмаш Рахымбекова нәрестенің жанында жарты сағаттан артық тұруға болмайтынын ескертті.

Немересін қолына алғаны сол, апам бүкіл дүниені ұмытты да кетті. Безек қағып жатқан қалта телефонын көтеруге де шамасы жоқ. Қуанғанына қарап, мен де мәзбін.

– «Аллам бере салған шаңырақ иесі ғой бұл!», – деп немересін айналып-толғанып жатыр.

Өзімнің тілші екенімді, неме-ресінің суреті ертең газет бетіне басылатынын айттым. Маған сосын ғана мән беріп қарады. Телефонына тынбай қоңырау түсіп жатқанын да енді аңғарған сияқты. Ала сала, ар жақтағы кісіден сүйінші сұрап, келіні мен немересінің халі жақсы екенін айтып жатыр.

– Немерем, аумаған өзім! – деп қояды сөз арасында. Баласын қолына алып, көңілі жайланған соң, апам әңгіме тиегін ағытты. Есімі – Мәулетай. Бес қыз, екі ұлды дүниеге әкелген алтын құрсақ ана екен. Қолындағысы – екінші немересі. «Есімін Әли немесе Әлихан деп қоямыз» деді. Апаның өзіне де, немересіне де ұзақ ғұмыр тілеп, жұмысымызды одан әрі жалғастыра бердік.

Көрші палатаға кіріп бардық. Дәрігер емес екеніміз киімімізден байқалып тұр. Айы-күні жетіп отырған келіншек біздің баса-көктеп кіргенімізді жақтырмағандай кейіп танытты. Кірген соң, үндемей тұра беруге ыңғайсызданып, «Халіңіз қалай?» дедік. Аузымызға түскені осы болды.

«Жақсы!» деген ол теріс айнала берді. «Қайдан жақсы болсын? Адамнан адам шығу оңай ма? Халімді сұрайтын уақытты тапқан екенсің» деген шығар ішінен, кім білсін.

Осыдан бірер жыл бұрын да қаладағы перзентханалардың бі­рі­нен дәл осылай репортаж жа­­са­ғанбыз. Сол жолы босану залындағы әйелдердің бірімен тілдескіміз келіп, әңгімеге тарт­қанымызда, қаламсап, диктофонымызбен қосып сыртқа қуып шыққаны бар. Толғақ қысып, ауруы жанына батқан адамға газетің не керек?

Бір жақсысы, мұндағы палата есіктері шынылы екен. Сондықтан, бұл жолы барынша сақ болып, бәрін де алыстан бақылауды жөн көрдік.

Таяуда ғана шетелдік басы­лым­дардың бірінен оқығанымыз бар. Толғақтың дүниедегі ең ащы азаптың бірі екеніне күмән келтірген голландиялық екі еркек телевизиялық жобаға қатысып, арнаулы медициналық аппараттың көмегімен әйелдердің толғақ кезіндегі ауырсынуларын өз бастарынан өткізіп көрмекке бекінеді.

Сынақ басталысымен санаулы минуттан соң-ақ батырсынған сабаздар миллиондаған те­ле­кө­рерменнің алдында тұр­ғандықтарын ұмытып, жан дауыстары шыға айғайлап, тоқтатуын өтінген екен.

Ерлердің өзі төтеп бере алмайтын қиындыққа мойымайтындығы үшін «Әйелдің қырық жаны бар», «Әйел қырық шырақты» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған ғой.

Дәліз бойымен келеміз. Пер­зентхананың тәртібі бойынша қай палатадағы әйелдің қай уақытта босануы мүмкін екендігі арнайы тақтаға жазылып қояды. Әзірге босанатындардың ауылы алыс.

Дәліздегі қарбалас кішкене саябырсыған тәрізді. Осы сәт­ті пайдаланып, босандыру бөлім­шесінің меңгерушісі Күләш Досовамен тілдестік.

– Біздің күндегі жұмысымыз осындай қарбаласқа толы болады. Кейде осылай бір сәтке тынышталып қалады да, кейде барлық палатадағы әйелдердің толғағы бір уақыт шамасында келеді. Ондай кезде тіпті қиын. Дәрігер жетпей жатады. Бірақ, біздің міндетіміз оларды аман-есен босандырып алу екенін есімізден бір сәт те шығармаймыз, – дейді ол.

Дәрігер кей кездері түймедей нәрсені түйедей етіп көрсететін кейбір бұқаралық ақпарат құрал­дарына деген ренішін де жасырмады. Аман-есен босанып, жеңілдеп алған соң алғыс айтудың орнына тырнақ астынан кір іздеп отыратын келіншектердің де бар екенін айтады. Бірақ, отыз жылдық жұмыс тәжірибесінде мақтанып айтарлық еңбегі аз емес екенін біледі. Бір кездері өзі кіндігін кескен мыңдаған, бәлкім, он мыңдаған сәбидің алды отыздағы азаматқа айналып отыр бүгінде.

Осы орталықта дәрігер болып қызметін бастаған ол бөлімше меңгерушісіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда босандыру бөлім-шесінде 8 дәрігер, 11 акушер жұмыс істейді. Бәрі де өз қызметінің майталманы екені көрініп тұр.

Дәлізде ілулі тұрған таблодағы мәлімет бойынша, Алла сәтін салса, келесі кезек 6-палатадағы Парманованікі. Терезеден ішке көз жібердік.

Кей әйелдер секілді айғайға басып, дәрігерлердің мазасын алып жатқан жоқ. Бөлмеге кіріп, ақырын әңгімеге тарттық. Сандуғаш перзентханаға толғақ қысып, түнгі үште түсіпті. Ал, қабырғадағы сағат тілі күндізгі 12:30-ды көрсетіп тұр. Он сағаттан астам жаны қиналған оның әбден қажығаны байқалады.

Шамамен жарты сағаттан соң босануы керек. Өзіне осыны айттық.

Солай ма?! – деді ол жүзіне аздап күлкі үйіріліп. – Қалай ойлайсыз, бәрі жақсы болады ғой, иә? – дейді жаутаңдап. Адамға жаны қиналғанда керегі жақсы сөз бен жылы лебіз ғой.

Әрине, жақсы болады. Сәбиіңді қолыңа алып, бір иіскесең, бәрі де түс көргендей ұмытылып кетеді, – деп жатырмыз.

Иә, бәрі солай дейді. Қиналсам да шыдауым керек, шыдаймын! – деді ол.

Бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп, қорқасоқтап тұрған оны одан әрі жұбатуға да, қасында қарап тұруға да бұдан артық шыдамадық.
Келесі бетке алған есігіміздің маң­дайшасында «Операция блогы» деп жазылып тұр. Табалдырықтан аттауға жүрегіміз дауаламады…
Өзімізге тиесілі орынға жай­ғасып, айналамызды үнсіз барлап отырмыз. Кенет толғақ қысқан әйелдің жан даусы перзентхананы басына көтерді. Селк ете түстік. Басталды! «Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келді» деген осы. Бірінен соң бірі… Үшінші, төртінші, алтыншы палата… Әр дәрігер өзіне тиесілі палатасына құстай ұшты. Дәлізде қарбалас басталды да кетті.

«5-палатаға УЗИ аппараты керек»!

«Каталканы (жылжымалы тө­сек) дайындаңдар!» деген дәрі­герлердің бұйрығы естілді.

Аға акушер Алмаш Рахымбекова тез арада зертханаға қоңырау шалып, мамандарға хабар берді. Акушерлердің бірі жылжымалы төсекті жеткізді.

Көзді ашып жұмғанша, УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу)дәрігері Айнаш Манабаева келіп жетті. Кардиомонитор арқылы құрсақтағы шарананың жүрек дүрсілі сыртта отырған бізге естіліп тұр. Жүрек соғысы қалыпты секілді. Қателеспеппіз. Дәрігер УДЗ аппараты арқылы сәбиге төніп тұрған айтарлықтай қауіп жоқ екенін анықтады. Жанымызды шүберекке түйіп отырған біз еркін тыныс алдық.
Түскі астың уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Бірақ, дәрігерлердің қарын қамын ойлаған біреуін байқамадық. Мұрындарына су жетпей жатыр. «Тамақтанбақ түгілі, бізде оны ойлауға да уақыт жоқ. Кешке дейін ішерміз бір» дейді Күләш Ибиньқызы.

Жедел жәрдем жеткізген келесі келіншектің жағдайы тым қиын сияқты. Әрең қозғалады. Сөйтсек, жатырдағы баласы егіз екен! Құр-сағында қос бірдей сәбиді көтеріп жүрудің оңай емес екені көрініп тұр.

«Қан қысымы, дене қызуы қа­лыпты, бірақ толғағы күшейіп барады» деді дәрігерлер.

Екінші палатаға жайғасқан келіншекті босандыруды Боса­нудан кейінгі бөлімшенің мең­герушісі Бақыт Жексенқызы өз қолына алды. Босану залына біздің де кіруімізге рұқсат берді. Бәрі көз алдымызда өтті. Оны айтып та, жазып та жеткізу мүмкін емес шығар. Арасына тура он минут салып, шекесі торсықтай екі ұл дүние есігін ашты.

– Міне, қазақтың қос бірдей атұстары дүниеге келді! – деді сәбилерді қолына алған Бақыт Жексенқызы шаттанып. Толғақ кезіндегі арпалысты дәрігерлер де, жас ана да сол мезетте ұмытып, жүздері бал-бұл жанып шыға келді. Әйел бақыты деген осы!

Ал, 4-палатада жатқан Эльмира есімді келіншек таңғы онда босанған болатын. Өзінің де, сәбиінің жағдайы қалыпты болғандықтан, дәрігерлер оны босанған әйелдерге арналған бөлімшеге ауыстырды. Дәрігер­лерге алғысын айтып шығып бара жатқан оған акушер қыз Нұршат «Бізге жиі келіп тұрыңыз!»деді. «Қандай әдемі тілек» дедік ішімізден.

Эльмирамен бірге біз де бөлім-шеге келдік. Мұндағы орта да, әйелдердің көңіл күйі де өзгеше. Іңгәлаған сәби дауысы. Перзентіне мейірленген аналар. Жұмақ мекен бе дейсің.

Бөлімшені басқаратын Бақыт Жексенқызы да өз ісінің шебері, отыз жылға жуық тәжірибесі бар хас маман.

Қашан үйге шығарылғанша бала-ның да, ананың да денсаулығына осы бөлімшенің дәрігерлері жауапты. «Көзге көрінбегенімен, біздің қызметкерлердің жұмысы екі есе ауыр» дейді дәрігер.

Өйткені, бұл бөлімше жұмы­сының қызығы мен шыжығы же­тіп артылады. Мәселен, біз барғанда Бақыт Жексенқызы әлдебір әйел-дің мәселесімен айналысып жатыр екен. Оқиға былай болған. Бір күн бұрын үйінде босанған келіншек ертесіне түс ауа баласын құшақтап перзентханаға келеді. Құжат алуы керек, баласы егілуі керек. Дәрігерлер медициналық тексеру жүргізеді. Баланы расымен өзі дүниеге әкелді ме, жоқ па, соны анықтамақшы. Әрине, мұның бәрі оп-оңай жүзеге аса салатын шаруа емес.

Бөлімше 60 адамға лайықталған. Палаталар 1, 2, 3 кісілік болып бөлінеді. Босанған әйелге қажетті барлық жағдай жасалған. Дәрігерлері де иманжүзді екені көрініп тұр. Тегін Шульц деп таныстырған ұлты еуропалық әйел жақында осы орталықта босаныпты. Перзентхана дәрігерлеріне алғысын сөзбен айтып жеткізе алар емес. Бұған дейінгі балаларын Еуропа қалаларында босанған ол «Онда тәжірибелі мамандар да, заманауи құрылғылар да бар. Тек сіздердегідей жүзі жылы дәрі-герлерді табу қиын» дейді.

Жыл басынан бері №2 Пери­наталдық орталықта мыңнан астам бала дүниеге келіпті. Ақпан құтты ай болғанға ұқсайды. Бұл айда алты бірдей егіз өмірге келіпті.

P.S.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз бар қазақта. Біз орталықта болған күні тура 26 бала дүниеге келіпті. Арасында бір жұп егіз бар. Кіндігін өзіміз кеспесек те, 26 баланың жартысынан астамы көз алдымызда жарық дүние есігін ашты. Кейбіреуін анасынан бұрын біз көрдік. Кейбірінің сүйіншісін бірінші болып біз алдық. Осындай әдемі көріністің өзі адамға үлкен ерік-жігер беретін секілді.
Таңертеңнен қара кешке дейін қарбалас арасында жүретін ақ халаттылар қалай шаршамайды десек… Құпиясы осы екен ғой.

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button