Құқық

Петиция неге жабылды?

Петиция – халықтың өз талабын билікке жеткізудің жалғыз жолы. Жуырда қазақстандықтар педофилдерге өлім жазасын беру туралы үндеу жариялап, қол жинай бастаған еді. Алайда үш күннен кейін аталмыш петиция жабылып қалды.

Астаналық адвокат Ләззат Ахатова барша қазақстандықтардың атынан «Педофилдерге өлім жазасы тағайындалсын» деп ҚР Президентіне ашық хат жазып, петиция жариялағаны белгілі. Онда заңгер Елбасыдан педофилдерге өлім жазасын тағайындауды заңмен бекітуді сұраған еді. Алайда үш күн өтпей жатып дауыс беру мүмкіндігі жойылды. Әлеуметтік желіде петицияның автор тарапынан жабық тұрғаны туралы пікірлер көбейіп кетті.
«Педофилдерге өлім жазасын сұраған петицияны шыққан күннен бастап біреулер қадағалауға алған сияқты. Біресе жауып тастайды, артынан біршама уақытқа ашады. Тура қазір менің атымнан жауып тастады. Кімге кедергі келтірді екен ол петиция? Педофилдердің біреуі ме немесе сәби тағдырына немқұрайлы қарайтын жүрегі жоқ имансыздар ма? Сұрақ көп, жауабы белгісіз. Қол қойдық деп жатқандар да көп, бірақ петиция жабық тұрған соң, жетпей жатыр» дейді заңгердің өзі.
Белгілі болғандай, petitions247.com сайтына жарияланған петиция­ны ашуға білікті бағдарламашылар да көмектескен. Өкінішке қарай, аз уақыттан соң қайтадан автоматты түрде жабылып қала береді. Адвокаттың өзі бірнеше мәрте ашуға әрекет еткенмен, артынша белгісіз себептерге байланысты дауыс беру мүмкіндігі жойылды.
Жалпы, елімізде петиция институты қаншалықты деңгейде жұмыс істейтіндігін осыдан-ақ білуге болады. Естеріңізде болса, 2016 жылдың маусымында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы елімізде ресми онлайн-петиция механизмін енгізу бастамасын қолға алған болатын. Бұл – мемлекеттік билік органдарына жазбаша түрде ұжымдық өтініш жолдауға болатын қарапайым әрі тегін электронды құрал. Тіпті кәсіби заңгерлерден құралған топ онлайн-петиция институтын құру тұжырымдамасын дайындап та қойды. Егер жүзеге асса, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, азаматтық қоғам алдындағы бірқатар мәселелер жедел түрде шешімін табар еді. Мәселен, АҚШ-та 2011 жылы, Ұлыбританияда осындай үндеулер 2016 жылы ресми мойындалған. Сондықтан онлайн-петицияны заңнамалық деңгейде бекітіп, халықтың талабына назар аударатын уақыт жеткен сияқты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button