Қала мен СалаМәдениет

ПИАНИСТЕР ДОДАСЫ БАСТАЛМАҚ

Astana Piano Passion

Жыл сайын өтетін «Astana Piano Passion» халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауы биыл үшінші мәрте шымылдығын түрмек. Байрақты шараға өтінімдерді қабылдау басталып кетті. Байқаудың көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі, белгілі пианист Денис Мацуев. Ал өнер додасының жүлде қоры 60 000 АҚШ долларына жетіп жығылады.

Қатысушылардың өтінімдері 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қабылдана бастады. Байқаудың ақтық сыны келесі жылы 24 сәуір мен 2 мамыр аралығында ұйымдастырылмақ. Шараның арнайы сайтында байқауға қатысудың талаптары мен шарттары толықтай көрсетілген, ережелері жарияланған. Мұнда бір айта кетерлігі, шараның өткізілуіне  айтарлықтай өзгерістер енгізілмеген, тек жартылай финалы мен финалдың өту күні өзгертілген.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «…Барша қазақстандық мәдениеттің дамуына жаңа серпін беру керек» дегені есімізде. Классикалық фестиваль әрбір қазақстандық үшін фортепианолық өнердің әлемдік жұлдыздарының концерттерін тамашалауға мүмкіндік береді. Аталған жас пианистер байқауы Қазақстанның дарындарын тәрбиелеп өсіреді және жастарды музыкамен айналысуға тартады. «Astana Piano Passion» ІІІ халықаралық жас пианистердің фестиваль-байқауын ұйымдастырудың да мақсаты осыған саяды. Сонымен қатар, ұлттық фортепианолық мектепті нығайтуға, шетелдік орындаушылармен  тәжірибе алмасуға септеседі.

Өсіп келе жатқан жас ұрпақты рухани тәрбиелеу бағытында классикалық фортепианолық музыканы насихаттау да, Қазақстанның дарынды жас музыканттарының шығармашылық жолының алғашқы аяққа тұру кезеңіне қолдау көрсету де ұйымдастырушылардың басты назарында.

Қатысушылардың өнерін халықаралық қазылар алқасы құрамына кіретін, әлемдік атаққа ие беделді пианистер, айтулы халықаралық байқаулардың музыкалық продюсерлері бағалайтын болады. Үміткерлер он сегіз жастан аспауы тиіс. Шараға қатысу тегін, бұған қоса, ұйымдастыру комитеті қатысушы мен оны алып жүруші бір адамның жолақысы мен Астана қаласында тұру ақысын төлейді.

Жас орындаушыларды Астана қаласының әкімі атынан екі арнайы сыйлық, байқаудың көркемдік жетекшісі атынан – «Crescendo», «Annecy Classic» (Франция, Анси қаласы), «Звезды на Байкале» (Иркутск қаласы, Ресей) арнайы сыйлықтары, халықаралық фестивальдарға қатысу, Суздаль қаласындағы жазғы лагерьге бару жолдамалары,  қазақстандық композитор шығармасын үздік орындаушыға арналған арнайы сыйлық күтіп тұр. Сондай-ақ, байқаудың лау­реаттары атанған қатысушылардың мұғалімдеріне де сый-сияпат тағайындалған.

Іріктеу туры арнайы комиссияның қатысуымен 2015 жылдың 1-20 наурыз аралығында өтеді. Байқауға қатысушылар іріктеу турының қорытындысы бойынша анықталады. Жартылай финалға отыз шақты жас музыкант жіберіледі. Байқауға қатысуға өтінім беру, шараға қатысты басқа да жаңалықтар www.astana-app.kz сайтында жарияланады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button