Қала мен Сала

ПИК емес, МИБ: оң ­өзгеріс бола ма?

Елордада тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына арналған алғашқы форум өтіп, оған 400-ге жуық адам қатысты. Өзі тұратын үйді ортақ күш жұмылдыра отырып өздері тәртіпке келтіретін тұрғындар  бұл саладағы өзгерістерді қолдайтынын білдірді. 1 шілдеден тұрғын үйлерді басқаратын ПИК жойылып, орнына МИБ қызметін бастап жатқан тұста жаңа бірлестіктердің жұмыс ерекшелігі кеңінен талқыланды.

[smartslider3 slider=3124]

Форумға қатысушылар МИБ, яғни мүлік иелері бірлестігі жұмысын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын білдірді. Қала әкімдігі тарапынан тұрғындарға жағдай жасауда МИБ орталығының құрылуы да дұрыс қадам екені атап айтылды. Осы орталық басшысы Гүлвира Әбетованың айтуынша, олардың басты қызметі – МИБ-ті қалай құрудан бастап, құжаттар дайындау барысында бірлестік төрағаларына соңына дейін қолдау білдіру.

– Орталық қызметін айтар болсақ, 2021-2022 жылдары көзделген жұмыс бағыттары – консультациялық қолдау, тұрғындар үшін құжаттар әзірлеу туралы сөз етуге болады. Нұр-Сұлтан қаласы салық төлеу жағынан елімізде бірінші орын алады. Бұл қаржы құралдарының айқындылығын, МИБ бойынша салық есептілігі сапалы төленетінін көрсетеді. МИБ-ті көбейтеміз деп сан қумай, аз да болса тұрақты жұмыс істейтін мықты бірлестіктер құру маңыз­ды, – деді орталық басшысы.

Қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов МИБ төрағаларының, тұрғын үйлерді күтіп ұстау және басқару қызметін көрсететін сервистік ұйымдардың  жұмысының маңыздылығын атап өтті.

– Елордада МИБ-ке көшуге жататын 2859 көп пәтерлі тұрғын үйдің 60 пайызы жаңа басқару формасына көшкендігін растады. Жобаның жүзеге асуына қаланың белсенді тұрғындары үлкен ықпал етуде. Біз мемлекеттік орган ретінде қолданыстағы заң аясында тұрғын үйлерді тәртіпке келтіруге барынша жағдай жасай береміз. Өз үйін тиімді басқару ондағы тұрғындардың жайлылығын жақсартып, пәтерлердің де нарықтағы бағасына оң әсер етеді, – деді ол.

Ал МИБ қызметін одан әрі қадағалау – қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының жауапкершілігінде. Аталған басқарма басшысы Әнуар Саипов елордада 2020 жылдан бері жұмыс істейтін Тұрғын үй орталығының қызметіне тоқталды.

– Азаматтар тұрғын үй алуға кезекке қалай тұруға болатыны туралы ғана емес, сонымен қатар тұрғын үй кешендерін басқарумен байланысты сұрақтарына да жауап алады. Аталған орталық жұмысын бастағалы бері 100 мыңдай адам консультация алды. Осы орталық базасында үйлерді басқарудың жаңа формасына көшуге байланысты МИБ орталығы құрылды. Әрбір ауданда жаңа форманың жай-жапсарын түсіндіретін мобильді топтар жұмыс істеуде. Олардың құрамында тұрғын үй инспекторлары мен аудан әкімдіктері және басқа да ұйымдар қызметкерлері бар, – деді ол.

Қатысушылардың айтуынша, мүлік иелері институтының жаңа реформасы енгізілгелі бері көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстауда оң тенденция байқалған. Мәселен, ай сайынғы есепті көрсетіп отыру МИБ арқылы басқару формасына деген сенімді арттырған. Көп үйлерде ыстық сумен, жылумен қамту жүйелері толығымен жаңартылып, қосымша қаржы жинамай-ақ жылу алмастырғыштар сатып алынған. Тұрғындардың өздігінен ұйымдасуы қордаланған мәселелердің шешімін табуға септік еткен.

– Меншік иелері қаржыны басқарып, көрсетілетін қызметтер сапасын қадағалауы керек және ревизиялық комиссия мен үйлер кеңесі мүшелері, МИБ төрағаларымен бірге өз үйінің даму жоспарын жасауға міндетті. Бұл алдағы уақытта түсініспеушілік пен дау туындамас үшін қажет, – деп атап өтті МИБ орталығы басшысы Гүлвира Әбетова.

Сонымен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы алғашқы форум тұрғындардың өзара пікір алмасуына зор мүмкіндік беріп, осы шаруашылықты дамытуға бағытталған тың бастамалар мен идеялардың туындауына мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button