Мәселе

ПИК кетті, МИБ келді…

Келер жылдың шілде айынан бастап пәтер иелері кооперативінің дәуірі аяқталып, тұрғын үйді басқару жауапкершілігі мүлік иелері бірлестігі немесе жай серіктестіктің біріне жүктеледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаның басты мақсаты тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отырғаны түсінікті. Оның үстіне «КСК» ұғымы тұрғын үйді басқару секторының басты терминіне айналған 20 жылдан астам уақыт ішінде бұл ұйымға алғыс айтуға ниеттілердің қатары көп бола қойған жоқ.

[smartslider3 slider=826]

Салада ашықтықтың болмауынан халықтың пәтер иелері кооперативінің қызметіне төлеп келген ақысы құмға сіңген судың кебін киді. Тұрғындардың әрбір тиыны үшін есеп беру дағдысы қалыптаспауынан пәтер иелері кооперативіне сенім жоғалды. Бұл орайда тұрғын үйді басқарудағы реформаның нәтижесі біз күткендей болса құба-құп.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, ел аумағында 54 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 46200 үйде мүлік иелері бірлестігін құруға болады. Қазіргі таңда аталған тұрғын үйлердің 57 пайызында мүлік иелері бірлестігі құрылған. Бұл қазірдің өзінде 26597 үйдің тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесіне көшкенін көрсетеді. Сонымен қатар министрлік өкілдері пәтер иелері кооперативтері тұрғанда салаға реформа енгізудің себебі ретінде ПИК жұмысының ашық жүргізілмеуін атап өтті. Сондықтан тұрғын үйді басқару саласын реформалау мәселесі көрші-қолаңнан асүйдегі әңгімесіне әрі асып, Үкімет пен Парламенттегі жиындардың күн тәртібіне талай рет қойылған. Ақыр соңында атқамінерлер халыққа сапалы қызмет көрсетуге қабілетсіз құрылымды таратып, оның орнына мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер құруды жөн деп тапты.

Әрі тұрғын, әрі төраға

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының департамент басшысы Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, жаңа жүйеге сай тұрғын үйді басқару органдарын құрудың өз заңдылығы бар.

– Негізінен, мүлік иелері бірлестігін пәтер саны 30-дан асатын көпқабатты тұрғын үйлерде құрған жөн. Ал пәтер саны 30-ға жетпейтін үйлерді жай серіктестіктер арқылы басқару оңтайлы, – дейді Марғұлан Әбдікәрімов.

Маманның айтуынша, мүлік иелері бірлестігі төрағасының сол тұрғын үй кешенінде жылжымайтын мүлігі болуы керек. Заң бойынша пәтер иелерінің кооперативтеріне өз қызметін 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізуге рұқсат берілген. Өз кезегінде халықтың сенімін жоғалтпаған пәтер иелері кооперативі сол үйге сервистік компания немесе басқарушы орган ретінде қызмет көрсетуге құқылы.

МИБ-ті мойындай бастады

Елордадағы «ЕХРО RESIDENCE» мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Ағын Нүкүшевтің айтуынша, жаңа құрылым аз ғана уақыттың ішінде шын мәнінде халықты мойындата алды.

– Осы көктемде тұрғындардан құралған бастамашыл топ тұрғын үйді басқаруды өз қолымызға алайық деп шештік. Бұған дейін бізге қызмет көрсеткен сервистік компанияға халықтың наразылығы өте көп болды. Сондықтан тұрғындар МИБ құру туралы бастаманы қуана құптады.

Қазір біздің бірлестікке тұрғын үй кешеніндегі 225 пәтер қарайды. Тұрғындар қарсы болған сервистік компанияны ауыстырып, жаңасымен қызмет ақысына бекітілген тарифті арзандатуға қол жеткіздік. Сонымен қатар компания өкілдеріне бұған дейін тұрғын үйге қызмет көрсеткен ұйымда еңбек еткен білікті мамандарды жұмысқа алу туралы талап қойдық. Өйткені олар үйдің техникалық жағдайымен жақсы таныс. Бұл талабымыз да орындалды.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі ретінде бірлестік төрағасына көптеген құзыреттің берілгенін айтуға болады. Мәселен, мен бірлестік төрағасы ретінде сервистік компанияның 1 ай ішінде атқарған жұмысын қабылдау актісіне қол қоямын. Ал егер тұрғындардың компания қызметіне көңілі толмаса, мен қол қоюдан бас тартамын. Өз кезегінде олар тиісті ақысын ала алмай қалады. Сол себептен компания мейлінше тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асады, – дейді.

Әріптесінің бұл пікірімен «Нұр Сая» мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Айсұлу Иманбекқызы да келіседі.

– Біз «Нұр Сая» мүлік иелері бірлестігін алғашқылардың бірі болып құрдық. Бірлестік құруда тұрғындардан жазбаша сауалнама алу қиындық туғызды. Өйткені бұл сауалнама 1 айдың ішінде толық алынуы керек. Біздің бірлестікте 600-ге жуық пәтер мен тұруға арналмаған орын бар. Ал олардың иелерімен кездесіп, сауалнама алу оңай шаруа емес.

Өз тарапымыздан тұрғындарды жұмыс барысымен таныстырып отыру үшін ресми сайт аштық. Ресми сайтта бірлестік жұмысына қатысты барлық мәліметтер ашық көрсетілген, – дейді Айсұлу Иманбекқызы.

Расында, қаржы-экономикамен бірге, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс салаларымен біте қайнасып жатқан тұрғын үйді басқаруда бұған дейін ашықтық болмағаны жасырын емес. Басқаны былай қойғанда, тұрғындарға көп жағдайда пәтер иелері кооперативінің басшысымен жүздесудің өзі мұң болатын. Өйткені ол кездегі заңнамаға сай пәтер иелері кооперативі 10, тіпті 100 тұрғын үйге қызмет көрсетуге құқылы болатын. Осыдан барып сапалы қызметтен бұрын пайда табуды мақсат еткен ұйымның жұмысы ақсады. Әрі кооперативке қарасты бірер жұмысшының бірнеше тұрғын үйдегі әртүрлі ақауды жөндеп, реттеуге физикалық тұрғыдан шамасы жете қоймайтыны тағы бар. Ал мүлік иелері бірлестігі тұрғын үйдегі су аққан құбырды ауыстыру, тозығы жеткен электр жүйесін қайта қалпына келтіру сынды қыруар шаруаны жеке сервистік компанияны жалдау арқылы атқарып шығуға мүдделі. Компания жұмысын бақылаудан бөлек, оған ақы төлеу де мүлік иелері бірлестігі төрағасының қолынан өтетінін ескерсек, көрсетілетін қызметтің сапасына сенім артуға болады.

Соған қарамастан, ПИК-ті келмеске жібергелі тұрғаны МИБ-тің тиімділігіне әділ баға беру әлі ертелеу…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button