Қала мен Сала

ПИК орнын МИБ басады

Елімізде 1 шілдеден бас­тап пәтер иелерінің кооперативтері өз жұмысын тоқтатады. Осылайша, енді бір айға жетер-жетпес уақыттан кейін тұрғын үйлерді басқарудың жаңа жүйесі толық негізде іске қосылады.

[smartslider3 slider=3169]

Елорда тұрғыны А.Айдаров алғаш рет осыдан екі жыл бұрын өзі жетекшілік ететін ПИК-ті жойып, жаңа МИБ құру ниетімен қала әкімдігі мен Тұрғын үй басқармасының қызметкерлерін шақырып жиналыс өткізген болатын. Жауапты мекеме басшылары мән-жайды толық түсіндіріп, тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесіне көшу не үшін қажет екенін түсіндіргенмен, тұрғындардың өздері жиналыста бірыңғай шешімге келе алмай, ПИК жұмысын жалғастырып келеді. Жиналыста меншік иелерінің бірлестігін немесе қарапайым серіктестікті құруға қарсы шыққандар да болған. А.Айдаровтың айтуынша, адамдар ПИК-ті жойып, тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесіне көшудің тиімділігін түсінбеуде. Міне, содан бері арада екі жыл өтсе де, ол әлі МИБ құра алмай жүр.

«Тұрғындарды меншік иесінің бірлестігін құруға көндіре алар емеспін, тіпті жай серіктестік те құрмадық. Ендігі жерде үйіміздің тағдыры қалай болатынын білмей алаңдаулымын» деді бас қала тұрғыны.

Қала халқы басқарудың жаңа жүйесіне көшу бағалардың өсуіне алып келе ме деп алаңдайды. Мамандар болса МИБ пен ҚС арасындағы айырмашылықты түсіндіріп әлек. Негізі, МИБ – заңды тұлға, ол, шын мәнінде, коммерциялық емес ұйым және оған салық салу коммерциялық емес ұйымға қолданылатын ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. МИБ Әділет министрлігінде тіркелуі және өзінің жарғысы болуы керек. Ал қарапайым серіктестік – заңды тұлға құрмай-ақ, барлық пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерін тікелей бірлескен басқару жүйесі. Тіркеу және жарғы қажет емес.

Тұрғын үйлерді басқарудың жаңа жүйесіне көшуге аз ғана уақыт қалды, бірақ қала­лықтар өз үйлерін басқаруға жауапкершілікті алуға асығар емес. Мысалы, бүгінгі таңда елордадағы 665 көпқабатты үйде 522 МИБ құрылды. 1085 қарапайым серіктестік бар, яғни елордадағы 2859 тұрғын үйдің 61 пайызы жаңа жүйеге көшкен. Жобаның жүзеге асуына қаланың белсенді тұрғындары ықпал етуде. Қала әкімдігі қолданыстағы заң аясында тұрғын үйлерді тәртіпке келтіруге барынша жағдай жасап отыр.

Елордалық МИБ орталығының басшысы Г.Әбетованың мәлім­деуінше, орталық қыз­меткерлері бірлестік төраға­ларына МИБ құрудан бастап, құжаттар дайындау барысында кездесетін барлық мәселелерді шешуде көмектесіп, қолдау білдіріп келеді. Бұл ретте сан­ға емес, сапаға баса назар ауда­рылуда. Осыған орай, меншік иелері қаржыны басқарып, көрсетілетін қызмет сапасын қадағалауы керек. Ал ревизиялық комиссия мен үйлер кеңесінің мүшелері алдағы уақытта түсі­ніспеушілік пен дау туындамас үшін МИБ төрағаларымен бірге өз үйінің даму жоспарын жасауға міндетті.

Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ә.Саипов 1 шілдеге дейін елордадағы барлық ­ПИК-тер жойылып, олардың орнына тұрғындар МИБ-тер мен ҚС-ке табысты тіркелетінін мәлімдеді. Бұл ретте бас шаһардағы МИБ орталығының мамандары тұрақты түсіндіру жұмысын жүргізуде. Атап айтсақ, олар бірлестік төрағаларының қатысуымен ашық есік күндері мен дөңгелек үстелдер өткізіп, жалпы жиналыстарға қатысып келеді.

– Басқарудың жаңа формасына көшудегі басты себептердің бірі – азаматтардың бұрынғы ПИК қызметіне көп шағымдануы. Тұрғындар осыған дейін тұрғын үй басқару саласында ашықтықтың, толық және түсінікті есептіліктің болмауына; көптеген үйлерді қамтитын, бірақ оларды тиімді басқара алмайтын ірі, ауқымсыз ПИК-тердің жұмысына; ПИК-тің жекелеген қатысушыларының тең емес құқықтарына; жаңа төрағаларды қайта сайлаудағы қиындықтарға қатысты көңіл толмаушылықтарды жиі айтатын. Осыған байланысты 2020 жылы күшіне енген заңнамаға түзетулер енгізіліп, шілденің 1-інен бастап елордадағы барлық ПИК-тер жойылады. Оның орнына меншік иелерінің бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктер құрылуда, – деді басқарма басшысы.

Бұрынғы ПИК-тердің әрқай­­сысының балансында 10-нан 50-ге дейін үй бар және кооператив төрағасы сол үйлердің қайсысында қандай күрделі проблема барын біле бермеуі мүмкін. Ал МИБ бір үйге қызмет етеді және заңға сәйкес бірлестіктің төрағасы осы үй тұрғындарынан таңдалады. Меншік иелері бір­лестігінің төрағасы өзі сол үй­де тұратындықтан, барлық тұрғындарды, яғни осындағы көршілерін, үй кеңесінің мүше­лерін күн сайын көреді, олармен үнемі кездесетіндіктен, барлық мән-жайға қанық болады. Бұл түйткілді мәселелердің дер кезінде шешілуіне ықпал етеді.

Басқарма басшысының айтуынша, ұжымдық мен­шікті басқарудың жаңа фор­масына көшу процесіндегі негізгі кедергілердің бірі – тұр­ғындардың белсенділік танытпауы. Сонымен бірге кейбір ПИК төрағалары құжаттарды МИБ-ке өтуге тапсыруға және қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюға асығар емес.

Сонымен, МИБ құруды 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Мұны арнайы қосымша арқылы онлайн режимде және тұрғындардың қатысуымен жалпы жиналыс өткізу негізінде де жүзеге асыруға болады. Ол үшін алдымен күн тәртібін бекітіп, төрағаны, кеңес мүшелерін және басқаларды сайлау қажет. Барлық пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне алдағы кездесу туралы жиналысқа 10 күн қалғанда хабарланады. Жиналысты меншік иелерінің кемінде 10% құрайтын бастамашыл тобы шақырады. Ал кворумға иелерінің 50% келуі керек. Мамандар меншік иелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда шешім қатысушылардың көпшілік дауысымен қабылданатынын, ал кворум болмаған жағдайда жазбаша сауалнама жүргізілетінін жеткізді.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button