Жаңалықтар

Поэзия қайнарынан сусындады

Елордадағы №5 балалар кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы Фариза ­Оңғарсынованың 80 жылдығына орай «Өлең мен сені аялап өтем…» атты ақын оқулары өтті. Бұл байқауды Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.Ақын оқуларына қаланың 15 мектебінен 5-11 сынып аралығындағы 80 оқушы мен Политехникалық және Қаржы колледжінің студенттері қатысты.
Биыл «Қазақ поэзиясының падишасы» атанған ақын апамыздың мерейтойы туған жері – Атырауда басталып, елордада жалғасын тапты. Бас шаһарда ардақты тұлғаға көше беріліп, жауһар жырға толы сырлы кеш өтті. Ақынның жыр кітабының таныстырылымы мен ол туралы жазылған спектакль қойылды. Қабыр­ғалы қаламгердің тойы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Балалар кітапханасы Фариза Оңғарсынованың дәл туған күні – 5 желтоқсанға орайлас­тырып ұйымдастырған байқау да осы тойдың жалғасы деуге болады.
Фариза оқуларына Мәдениет қайраткері, ұстаз Оспан Сүлейменов, журналист Күләш Молдахметова және Айдана Сегізбаева, Айжан Табаракқызы секілді жас ақындар қазылық етті.
Байқауға қатысушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, жиналған қауымды поэзия қайнарынан сусындатты. Сондай-ақ шайырдың сөзіне жазылған әндерді де орындады.
Сонымен ақын оқулары байқауындағы 5-8 сыныптар арасындағы сайыста №10 мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Төлегенова бірінші орын алды. 9-11 сыныптар арасында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектептің оқушысы Мақпал Рахатқызының бағы жанды. Арнайы жүлде Іңкәр Мергенге бұйырды. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button