Мәдениет

Поэзия – жүрек үні

Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» қазақ тілі оқытушысы, психолог, жазушы, ғалым Маржан Пірімбетованың ұйымдастыруымен «Поэзия-жүрек үні» атты әдеби сазды кездесу кеші өтті.

Кештің басты кейіпкері «Ақ орамал» жыр кітабының авторы, ақын, аудармашы, диктор Жанайым Ауғанбайқызы. Әдеби кешке елге танымал айтыскер ақын, журналист, сатирик Қазына Өзденбаева және аталған орталық қызметкерлері қатысты. Іс-шара шымылдығы Әнұранмен ашылып, ары қарай кеш қонағы Жанайым Ауғанбайқызымен сыр-сұхбатқа ұласты. Сұрақ-жауап барысында Ж. Ауғанбайқызы өзінің бастан кешкен қызықты оқиғаларын әңгімелеп, поэзия, өмір сүру дағдысы мен өлеңдегі жолы туралы айтып жан сырымен бөлісті.

–Поэзия мен үшін табиғат. Мен өлеңнен жүректің жылуын, жанның тыныштығын аламын. Ақын деген ұғымның өзі саналы түрде сан сауалға жауап беріп тұрған сәулелі сөз. Сондықтан да «Ақын болу ардың ісі» деп жатамыз. Өлең жазатын әрбір қалам иесінің жүрегі таза болуы тиіс. Сонда ғана ол ақын болып, ар иесі атанып оқырманына рухани ләззат сыйлай алады. Ақын үшін қараңғылықтың өзі жарық сіпетті. Нағыз шығармашылық адамы түнектің өзін күндізге айналдыра алуы тиіс,–деген ақын қоғам жайлы, ұлт жайлы әңгіме өрбітіп, айналасындағыларды отанды, ұлтты, табиғатты сүйюге шақырды. Сондай-ақ өзінің өлеңдерін оқып, кездесу барысында туындаған сұрақтарға жауап берді. Ал, Қазына Маралқызы домбырамен ән-жыр айтып кештің мерейін асырса, «Тіл шаңырағы» әдеби-танымдық клубының қызметкерлері күй тартып көрермен көңілін көтерді.

Іс-шара соңында орталықтың жетекшісі Роза Байсалбаева кеш қатысушыларына өз алғысын айтып, сый сияпат жасады.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button