Ел тынысы

«Пойыз» үйіңізге дейін әкеліп тастайды

«Перроннан үйге дейін» қызметі тағы екі бағыттағы пойызға қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Жолаушылар тасымалы» АҚ интермодальдық тасымалдау сервисін жақсарту мақсатында 4 сәуірден бастап тағы екі жолаушылар пойызында трансферді іске қосады. Енді №71 «Шымкент–Астана» және №7508 «Көкшетау–Астана» бағытарының жолаушылары елорданың теміржол вокзалынан үйге дейін жайлы трансфермен жете алады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Нұрлы жол» вокзалының № 1 келу залында пойыз толық тоқтағаннан кейін трансфер жолаушыларды 15 минут ішінде күтеді. Содан соң салонның толуына қарамастан жолға шығады. Автобус жолағын пайдалануға рұқсат етілген трансфер жолаушыларды діттеген мекенжайға дейін тез жеткізеді.

Қызметтің құны жолаушылардың барлық санаттарына қолжетімді болу үшін 850 теңге болып белгіленген.

«Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға барынша қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге ұмтылады. «Перроннан үйге дейін» қызметі іске қосылған сәттен бастап оны 6 мыңнан астам жолаушы пайдаланған. Бұл көрсеткіш қызметтің жолаушылар арасында жоғары сұранысқа ие болғанын растайды. Бүгін біз бұл қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны тағы да екі бағытта іске қостық» — деп атап өтті, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма Төрағасы Жәнібек Тайжанов.

Бұған дейін бұл қызмет тек № 3 «Алматы–Астана», № 67 «Өскемен–Астана» және № 85 «Шымкент–Астана» жолаушылар пойыздарында қолжетімді болған.

Трансферге тапсырыс беру үшін азаматтар жолаушылар вагондарында көрсетілген QR кодын сканерлеп, өзіне қажетті мекенжайды көрсетіп, қызметке ақы төлеу керек. Сонымен қатар, жолаушылар вокзалдан үйге дейін трансферді https://uvu.kz/ktz веб-сайт арқылы өздігінен тапсырыс бере алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button