Полиция бекеттері жұмысын жалғастырады
Астананы айнала қойылған полиция бекеттері жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
ҚР Ішкі істер министрлігі елордаға кіреберісте қойылған полиция бекеттері жұмыс істей беретінін мәлім етті.
«Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзудың алдын алу және жолын кесу мақсатында полицияның жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген тәртібіне ауыстырылған. Сол кезде қалаға кіреберісте стационарлық бекеттер жұмысын бастады. Бұл ретте онда құжаттар, автокөліктерде тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексерілді. Сонымен қатар, қазіргі кезде олар (бекеттер) жұмысын жалғастырып жатыр», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, биыл тамыз айында бұл бекеттер жұмысын қыркүйек айының ортасына дейін жалғастыратыны хабарланған еді.
Сол кезде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек күндері өтті. Жарысқа әлемнің 89 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысты.
Еске салсақ, ШЫҰ саммиті 3-4 шілдеде өтті. Осыған орай, террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізіліп, әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар елге келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдады.