Басты ақпарат

Полиция күніне – 40 көлік

ERA_7664

Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесіне орай Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елордалық тәртіп сақшыларына жаңа 40 қызметтік көліктің кілтін табыс етті.

Қалалық әкімдік алдындағы алаңда қаз-қатар тізілген 40 полиция көлігі көзге ерекше түседі. Көк белдемесі бар көліктердің маркасы да әртүрлі. «Пежо 301», «Шкода Октавия» автомашиналары қала ішіндегі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етсе, «СангЕнг-Кайрон» джип көлігі шет жақтағы ұңғыл-шұңғылы көп аумақтарды бақылауға арналған. Ал, «Пежо 508» машинасы ресми делегацияны алып жүруге, олардың қауіпсіздігін қорғауға арнайы мамандандырылған батальонға беріледі екен.

Салтанатты шараны ашқан Әділбек Жақсыбеков полицияларды кәсіби мерекесімен құттықтап, қоғамның қауіпсіздігі сеніп тапсырылған сақшыларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті:

– Мемлекет басшысы өзінің 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» бағдарламасында полицияны жаңа сапалы кезеңге көтеру, қоғамдық тәртіпті қорғау, құқық бұзушылыққа қарсы тұру сынды мәселелерге қатысты бірқатар маңызды тапсырма бергені белгілі. Қызметтік автокөліктер паркін жаңарту – мемлекеттің құқық қорғау органдары қызметінің сапасын арттыруға бағытталған сол кешенді шаралардың бір бөлігі ғана. Полиция қызметіне заманауи технологияларды енгізу арқылы бұл саланы жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз. Тәртіп сақшылары да қазіргі заман талабына сай болып, өздеріне артылған міндетті абыроймен атқаруы тиіс, – деді ол.

Қала әкімі  елордада  «Тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің кешенді жүйесі» атты ауқымды жоба жүзеге асырылып жатқанын, соның аясында алдағы уақытта қалада 15 мың бейнекамера орнату көзделіп отырғанын жеткізді.

Бұдан кейін Әділбек Рыскелдіұлы жаңа полиция көліктеріне отырып көріп, олардың техникалық жағдайымен танысты. Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Чупековтің айтуынша, Қазақстанда құрастырылған бұл көліктер қазіргі заман талаптарына сай келеді. Онда Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базасынан қажетті жедел ақпаратты алуға болатын және қоғамдық тәртіпті бұзған оқиғалар мен жол қозғалысы ережелерін сақтамау дерегін тіркейтін арнайы құрылғылар орнатылған. «Біздің автопаркте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған көліктер жеткілікті. Қалалық әкімдіктің қолдауымен олардың құрамы әрдайым жаңартылып отырады. Былтыр да полиция күніне орай 40 автокөлік кілтін алдық» дейді Елжан Қалиұлы.

Бұл көліктердің бір бөлігі – учаскелік инспекторларға, кейбіреуі – жол-патрульдік полицияға, енді бірі кәмелеттік жасқа толмағандардың істерімен айналысатын инспекторларға берілмек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button