Қоғам

Полиция мен ПИК проблемаларды талқылады

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшылығы ПИК және жеке күзет ведомстволарының өкіл­дерімен кездесу өткізді.

Жастар сарайында өткен конс­трук­тивті диалогты елордалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Саденов ашып, жергілікті полиция мен ПИК (пәтер иелері кооперативі) арасындағы өзара іс-қимыл жасаудың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, қаладағы қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жұмыстың қалай жүргізілуі тиіс екені жөнінде мәлімет берді. Қалалық ортаның сапасы мен бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышев ПИК шаруашылығы туралы ақпарат беріп, елордадағы 480-ге жуық ПИК ұйымының бәрі бірдей заңнамалық тұрғыда бекітілген ереже талаптарына сай жұмыс жүргізе алмай отырғанын айтып, көптеген көппәтерлі тұрғын үйлерде ауладағы және кіреберіс­тердегі қарапайым тазалық жұмыс­тарының өзі жүйелі жүргізілмейтінін, абаттандыру қағидаларын сақтамау әлі де жалғасып жатқанын хабардар етті. Мәселен, жыл басынан бері 123 ПИК бекітілген ережелер талаптарын орындамағаны үшін 3 миллион 509 мың теңге сомасында жауапкершілікке тартылған. Ал 27 ПИК-ке екінші рет әкімшілік жаза қолданылған.
Жергілікті полиция бастығы Ғосман Жакин жалпы қаладағы криминогендік жағдай тұрақты болғанмен, ұсақ қоғамдық тәртіп бұзушылық тыйылмай отырғанын мәлім етті. Мәселен, жыл басынан бері 248 пәтер тонау оқиғасы тіркелген. Оның көпшілігі бейнекамера мен консьержі жоқ үйлерде болған екен. Ал керісінше арнайы қондырғылармен жабдықталған және консьержі бар үйлерде ұрлық мүлдем болмаған. Осы орайда Ғ.Жакин ПИК жетекшілеріне осы мәселеге, яғни бақылау және қауіпсіздік қондыр­ғыларын орнатуға көңіл бөлуді сұрады. Ал жиынға қатысқан жеке күзет ведомство өкілдері болса, барлық ұсынысты қабылдауға дайын екендерін жеткізді.
Кездесу барысында ПИК өкілдері Жергілікті полиция басшылығы мен Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.
Ең бастысы, кездесу барысында қаладағы ПИК шаруашылығындағы өзекті мәселелер, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту жөнінде ашық әңгіме өрбіді. Айтылған проблемаларды шешудің жолдары айқындалды. Ұсыныстар мен тілектер тыңдалды.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button