Құқық

Полициядағы реформа: болашаққа бастар сенім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға түбегейлі жаңару тұжырымдарын ұсынып отыр. Осы негізде енді сыбайлас жемқорлық пен жеңұшынан жалғасуға, жатыпішерлік пен арамтамақтыққа, асырасілтеушілік пен мақтанқұмарлыққа қарсы дендеп күрес жүргізілетін болады. Бірақ ол үшін ең әуелі ішкі тәртіп күшейтілуі тиіс. Ішкі тәртіптің күшеюі үшін адамдардың ішкі істер органы қызметкерлеріне берік сенімі болуы керек. Ал өзара сенім болу үшін полиция мен қарапайым халықтың арақатынасы бұрын болмаған дәрежеде жақсара түсуі әбден қажет-ақ. Міне, осы негізде қазір қазақстандық полицияда біршама оңтайлы істер қолға алынды.

[smartslider3 slider=2638]

Киім ауыстырылды, ендігі өзгеріс қандай?

Полицияға реформа жасау керектігі қашаннан бері айтылып келе жатыр. Біздің қоғамдық тәртіп сақшылары халықпен қарым-қатынас жағынан да, кәсіптілік біліктілік жағынан да оза шауып тұрмағандығы кейбір сын сағаттарда айқын аңғарылып қалып жатады. Мұны жоғары мінберлерде билік өкілдерінің өздері бүкпесіз мойындап жүр. Дегенмен кейінгі кезде елімізде ішкі істер органы қызметкерлеріне қатаң талаппен бірге мемлекет тарапынан барынша қолдау, көмек те көрсетіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі жылдар бойы қоғам мен адамдар арасында қалыптасып қалған полицияға деген немқұрайдылықты жою үшін бар күшін салуда. Соңғы бес жылда осы салада біршама өзгеріс байқалуда. Айталық, қазір жол полициясы бұрынғыдай бұтаның арасына тығылып тұрып жүргізушілерді ұстамайды. Жол бойының барлығында полицияның мобильдік қосындары қойылған.

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен 2019 жылдан бері өзара қарым-қатынастағы сервистік үлгіге көшуге бағыт ұсталды. Бұл деген сөз кейінгі кезде полиция жұмысты басқару стилі мен ұйымдастыру стратегиясын, қордаланған кейбір мәселелерді қоғаммен ақылдаса отырып шешуге бет түзегендігін білдіреді.

Сондай-ақ Қазақстан ­Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағалы полицияның мектеппен, ондағы ата-аналар комитетімен өзара байланыс жұмыстары да жандана түсті. Өйткені енді бұдан былай ювеналды полиция мектепте отырмайтын болады. Есесіне өзіне бекітілген аумақта алдын алу жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуі қарастырылған.

Жақында полицейлердің киім үлгілері өзгерді. Ең соңғы рет елімізде полиция қызметкерлерінің киім үлгісі 2005 жылы ауысқан болатын. Дегенмен уақыт өте келе бұл форманың да заман талабына сай келмейтіндігі байқала бастады. Сөйтіп, сала басшылары киім үлгісін өзгертуге бірнеше жыл дайындық жұмыс­тарын жүргізді. Енді, міне, Жол картасын жаңғырту аясында сол көптен жоспарланған ауқымды іс жүзеге асырылып отыр.

Бір маусымда елордалық учаскелік полиция инспекторларына арналған 6000 дана жаңа киім үлгісі әзірленді.

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласының учаскелік инспекторлары тұрғын үйлердің ауласында шылым шеккен, күл-қоқыс тастаған 48 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Тұрмыстық қалдықтарды уақытында шығармаған 56 мердігерлік ұйымға, 64 ПИК пен МИБ-ке 3 млн. 700 мың айыппұл салынды

Жаңа киімді ең әуелі елордада учаскелік және патрульдік полиция қызметкерлері киді. Расымен де, олардың алғашқы болып мұндай құрметке ие болатын жөні бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, «полицияның сервистік моделі» қанатқақты жобасы аясында «тиімді учаскелік полиция инспекторы» үлгісі де қолға алынған еді. Осы негізде тәртіп сақшыларының жұртқа жақындай түсуі, олармен етене тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі нақты өмірлік тәжірибеге енгізілуде.

Полицейлерге арналған киім үлгісін әртүрлі климаттық жағдайларда қызмет атқаратын қызметкерлердің ұсыныс-тілектерін ескере отырып, оларға барынша ыңғайлы әрі қолайлы етіп жасауға ерекше көңіл бөлінген. Учаскелік полиция инспекторларына арналған жекелеген нысанды киім әзірленген. Осыған байланысты жетондар, эмблемалар, жұлдыздар және кокардалар тоқыма маталарға ауыстырылған. Сонымен қатар барлық сұлбасы бойынша жарық шағылыстыратын элементтерге ерекше көңіл бөлінген, бұл жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Қанатқақты жоба жүзеге асырылғалы учаскелік инспекторлардың танымалдығы үш есе өсіп, жұмыстарының ақпараттық деңгейі де айтарлықтай көтеріліпті. Бір сөзбен айтқанда, ішкі істер органдарындағы жаңару жолдары өз жемісін беруде деп айтуға болады.

Жаңару мен ілгерілеу мүмкіндігі

Кейбір сапаршылардың пікірінше, бұрын погон таққан мырзалардың қызметі шұғыл орындап тастауды, біреуді жазалауды осыған байланысты әп-сәтте шешім қабылдауды қажет еткен болса, кейінгі кезде заман талабына орай пәрменді ескерту әдіс­тері көбірек қолданылады екен. Екінші сөзбен айтқанда, қазір полиция қызметкеріне оқиғаның болғандығын тіркегеннен гөрі, оның алдын алу мүмкіндіктерін көбірек қарастыру талабы қойылып отыр.

Осы тұрғыда учаскелік инспекторлардың жұмысына көбірек назар аударылуда. Бұрын оларды әр ауданға бөліп-бөліп тағайындаған болса, қазір учаскелік инспектор тек өзі жұмыс істейтін учаскеде тұрып, тек сол өзі тұрған аумаққа жауап беретін болады. Әрі ол сол жерде мүмкіндігінше бес-он жыл жұмыс істеуі керек деген де қағида бар. Бұл не үшін енгізіліп отыр? Өйткені неғұрлым көбірек тұрса, сол учаскенің қордаланған мәселелерімен, сол жердегі адамдардың түйінді түйт­кілдерімен етене таныса түседі. Адамдардың тыныс-тіршілігін, бір-бірімен қарым-қатынасын жақсырақ біле түседі. Бұл алға қойған түпкі мақсатты орындау үшін де, жұмыстың сапасын жақсарта түсу үшін де жасалып отырған қадам екені белгілі.

Ішкі істер саласындағы жаңаруды қатардағы қызметкерлерден емес, ең бірінші басшылықтан бастау керек деген пікір де қазір көбірек айтыла бастады. Осыған орай, полицияның сервистік үлгісі жобасына сәйкес мамандардың білімін көтеруге ден қойылуда. Ішкі істер органдарының жұмысына реформа жүргізу керек дегенде елімізде жұмыс осыдан басталған сияқты. Ал одан әрі жұмысты жаңаша жүргізудің түрлі амал-тәсілдері мен айшықты жолдары бар. Көбі шетел тәжірибесіне сүйенеді. Мәселен, кейбір сарапшылар француздардың тәртіпті қадағалап, жұмыстарын өзара бәсекеге құратын үш құрылымын тиімді деп атайды. Оларда, негізінен, ұлттық полиция бөлімшесі ішкі істер бөлімшесіне қараса, жандармерия Қорғаныс министрлігіне бағынады екен.

Қалай дегенмен де ішкі істер саласының жұмысында қозғалыс бар. Осы қозғалыс одан әрі ілгерілеуге жол ашады деген сенім мол. Оған қоса, ведомствоға тәжірибелі жаңа басшының келуі де көпшіліктің үмітін оятып, жаңару мен жаңғыруға мол мүмкіндіктер туғызғандай.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button