Мәдениет

Прагада қазақ киносы күндері өтті

 Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында, сондай-ақ қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының 90 жылдығына орай, Прагада Қазақ киносы күндері өтті. Іс-шараны «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шараның ашылу рәсіміне Чехияның мемлекеттік және қоғамдық мекемелерінің, дипломатиялық корпус, іскер топтар, киноиндустрия, БАҚ, қазақ диаспорасы өкілдері, сондай-ақ ел астанасының тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Кино көрсетілімдерінің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дюсенбаев бұл іс-шараның Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Елші Қазақ киносы күндері жергілікті көрерменге әлемдік деңгейде мойындалған Қазақстанның заманауи өнерімен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Алғашқы күні көрермендерге танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі ұсынылды. Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірілген бұл туынды адам рухының беріктігі мен кез келген жағдайда ар-намысты сақтап қалудың маңыздылығы туралы баяндайды.

Екінші күні көрермендер қазақтың атақты балуаны, халық ақыны және композиторы Нұрмағамбет Баймырзаұлы туралы Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» биографиялық драмасын тамашалап, сондай-ақ белгілі режиссер әрі сценарист Эля Гильманның қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғайтын «Күнбағыс» атты әлеуметтік драмасын көрді.

Прагадағы Қазақ киносы күндері көрерменнің кең аудиториясының қызығушылығын тудырып, Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткен маңызды мәдени оқиға болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button