Президент электровоз құрастыру зауытын аралады
Президент Астана қаласының №1 индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауытын аралап көрді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорынның жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берілді. Зауытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы теміржолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындардың өнімдері көрмесін аралады. Қазір елімізде 600-ден астам компания теміржол саласына арналған бөлшектерді өндірумен айналысады.
Электровоз құрастыру зауытында еңбек ететін жас мамандармен жүздесуде Президент 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанын еске салып, мемлекет өндіріс саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсете беретінін айтты.