Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ ЕЛУ ПЕРЗЕНТ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

ZAH_1950

Тұңғыш Президент күні қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшылары жылдағы дәстүр бойынша елорда перзентханаларында болып, жас аналарды қуаныштарымен құттықтады. Бұл күні бас қалада 50 сәби дүниеге келді. Олардың 25-і қыз және соншасы ер бала.

Алдымен Астанадағы №1 перинаталды орта­лыққа ат басын бұрдық. Сағат он бірлер шамасы бо­латын. Бас дәрігердің орынбасары Шолпан Қожах­метова осы уақытқа дейін 6 шақалақтың дүниеге келгенін қуана хабарлады. Солардың бірі Алмагүл Сүндікеева үшін бұл күн ерекше есте қалатыны анық. Осыған дейін тек өзінің туған күнін атап өтіп келген ол былтырдан бері бұл күнді тұңғыш Президент күні ретінде мерекелесе, бұдан былай екінші қызының туған күнін де тойлайтынына қуанышты екенін жасырмады.

– Желтоқсанның 1-і күні босансам деп арман­дағаным рас. Тіпті, отбасымызбен перзентімізді дәл осы күні күттік. Енді, міне, жаратқанның жарыл­қауымен үш бірдей қуанышқа кенеліп жатырмын. Бақыт­тымын, әрине. Бүгін кішкентайлы болған бар­лық аналарды да құттықтаймын, – деген жас ана сәбиін мейірлене бір иіскеді де, бізбен әңгімесін жал­ғастырды. – Әлі атын қойған жоқпыз. Бірақ, мін­детті түрде мерекемен байланыстыратын боламыз. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімінің меңгерушісі Сәуле Нұрашева бүгін босанғандардың балаларына киім-кешектер мен нәрестеге қалай күтім жасау керектігі туралы «Қуан, сәби» атты оқу құра­лы таратылғанын жеткізді. Соңғы кезде Астанада балалардың туу саны күрт өсті. 2010 жылы қала пер­зент­ханаларында дүниеге келген сәби­лер саны 16 мыңнан асса, өткен жылы 21 266 болған. Биыл он айда көрсеткіш 18 871-ге жетіп отыр. Түс ауа қалалық перзентханаға келдік. Бұл жер­де 8 сәби іңгәлап, дүние есігін ашқан екен. Бас дә­рі­­гер Елена Тихомирова мен орынбасары Халида Шәрі­­пова олардың аналарын құттықтап, әр­қай­сысына сый-сияпат тапсырды. Балалардың бе­сеуі қыз, үшеуі ұл. Барлығының да денсаулығы жақ­сы көрінеді. Тек, аналары оларға ат қойып үлгер­мепті. Қаза­қы қалып­пен үлкендердің келісімін күтіп отырған сыңайлы. Де­генмен, араларында перзентіне Елбасының есімін бергісі келетіндер де бар­шы­лық екен. Ең бастысы, бөбектердің дені-қары сау болып, ел дамуына үлес қосар азаматтар қата­рын толық­тырса дейміз.   P.S.     Жалпы, тұңғыш Президент күні бас қалада 50 сәби туған. Олардың 25-і қыз және соншасы ер бала екен.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button