Президент пәрмені

ПРЕЗИДЕНТ СЫЙЛАҒАН САҒАТ

Энгельс Габбасов

Тәуелсіз елімізді сонау одақ ыдырап, бағыт-бағдарымыз белгісіз болып тұрған тоқсаныншы жылдары құқықтық, демократиялық жолға бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қасиеттері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Тіпті, қанша айтылса да көптік етпейтін сияқты. Өйткені, ұлы Абайдың өзі «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол» демей ме?

Елбасының сөзге шешендігі, өнерге жақындығы өз алдына, орынды жерінде ортаны шаттыққа бөлейтін әзілқойлығы қандай?!

Ертеректе Қазақстан Президенті Жезқазған облысына барған бір сапарында «Жекеменшікке көшеміз. Бұл жалқауларға қарсы жасалуда. Біздің ауыл шаруашылығында үш ай тракторының не комбайының астында жатып, күндіз-түні еңбек ететіндерден артық ақша алатындар бар. Нарыққа тезірек көшпесек, олар еңбектің қадірі мен қасиетін сезінбей өтуі мүмкін» деп әзілдеген болатын.

Ал өнерге жақындығы ше? Бірде сарабдал саясаткердің  қолына домбыра алып, «Машинаның тәгәрмәсә нигә сигәз бумаған, Бұл дүнияның хизықларе нәгә тигес бумаған!…» деп еңбекшілер ортасында шырқай жөнелгені бар.

Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы алғашқы сөз тоқсаныншы жылдардың басында Елбасының аузынан шыққаны белгілі. Сол идея пісіп-жетілген кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Орал қаласына жұмыс сапарымен келді. Егін алқабын аралап, дихандармен, ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен кездесуінен  кейін К.Е.Ворошилов атындағы Орал машина жасау зауытының Мәдениет сарайында ұлттық мәдени орталықтардың мүшелерімен, облыс активімен алқалы бас қосу өткізді.

– Тәуелсіздік, ел бостандығы деген тәтті ұғым ғой. Енді, осы ата-бабаларымыз армандап, біздің қолымыз жеткен егемендікті уысымыздан шығарып алмайық, Ел ішіндегі кем-кетіктің орны толар, жетімсіздік пен басқа да кемшіліктерден құтылып, жетілерміз, жаңа тәй-тәй басқан, тәлтіректеген аяғымыз қуат алып, бұғанамыз бекір. Әлі-ақ, алшаңдап, алға қадам басармыз. Тек, сырттан тиер соққыдан сақ болайық, сақтанайық! – деді.

Осыдан кейін Президент батысқазақстандықтардың қол жеткен жетістіктеріне тоқтала келіп:

– Облыста өткен жылы егін жаман шыққан жоқ. Дихандар барынша мол астық жинады. Осы жылы да жауын-шашын мол жауып, ауа-райы мүмкіндік берсе, еңбеккерлер аянып қалмас, – деді.

Сөйтті де залда алдыңғы қатарда отырған белгілі жазушы Энгельс Ғаббасовқа: «Сіз ұзақ жылдан бері ауа-райын бақылап жүрсіз ғой. Қалай ойлайсыз, келесі жаз қалай болады?» деді.

Энгельс Ғаббасов та осыны күтіп отырғандай, «Нұреке, мен көптен айтып жүрмін. Көктем мен жаздың басы жаңбырлы болады. Алдағы жыл дихандарға жайлы болғалы тұр. Облыс тағы да мол астық жинайды. Біз әлі сүйінші сұрайтын боламыз» деп қуанышты көңіл күймен  сөйлей жөнелді.

Осы сөзге қатты мерейленген Елбасы балаша қуанып, «Жарайсың, Энгельс, жарайсың! Сүйіншіңді мен-ақ берейін» деп білегіндегі сағатын шешіп берді. Осы кезде Нұрсұлтан Әбішұлының мәрттігіне риза болған зал алақан қыздыра қол соғып, шаттанып кетті.

Сол бір сәтті батысқазақстан­дықтар ұмыта алмайды. Үлкені де, кішісі де ретті жерінде айтып жүреді. Айтқандай, келесі жылы болжанған егін мол шығып, ел ырысқа кенелді. Ал, Энгельс Ғаббасов келесі 1995 жылдың сәуірінде құрылған Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы атқарушы хатшылығының төрағасы болып тағайындалды. Кейін алғашқы қос палаталы Парламенттің Сенат депутаты болып сайланды.

Қазақстан Президентінің өзі сыйлаған сол қол сағатты жазушы көздің қарашығындай сақтап келеді.

«Мен үшін бұл оқиғаның маңызы өте зор. Шын жүрегімен, адал көңілімен мемлекет басшысы сыйлаған дүние үйімнің төрінде жарқырап тұрғаны үшін де мен өзімді бақытты адам санаймын. Әрі оны келесі ұрпаққа мақтаныш сезімімен айтып отырамын» дейді жазушы.

 

Сағи ОРАЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button