Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Кеше Ақордада бұқаралық ақпарат құралдары саласында үздік деп танылған журналистерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы сыйлықтары мен гранттарын ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков табыстады.

Мемлекеттік хатшы еліміздің барша БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелері, яғни Байланыс және ақпарат қыз­меткерлері күнімен құттықтап, отандық журналистиканың негізгі мақсаты күллі қазақстандықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай ұйыса білу керектігін кеңінен насихаттау екенін айтты.

«Қазақстандық БАҚ өзінің қалыптасу кезеңінен табысты өтті. Бірақ қазіргі заманғы түрлі жағдайлар олардың алдына соңғы әлемдік трендтерді ескеріп, сапалы жаңару сынды жаңа міндеттер қойып отыр. Ақпараттық технологиялар, интернет және әлеуметтік желілер ақпарат жеткізудің қалыбын және жалпы журналистиканың қоғамдағы рөлін өзгерту үстінде. Қазақстандық медиа-кеңістікке соңғы жаңалықтарды бақылап қана қоймай, шынайылық пен нақтылық сияқты негізге сүйеніп, кеңінен сараптамалық талдау жасаудың маңызы зор» деді Әділбек Жақсыбеков.

Мемлекет басшысының сыйлығы «Жас қазақ» газетінің бас редакторы С.Смайыл мен «Время» газетінің бас редакторы Л.Тараков сынды өз ісінің шеберлеріне берілсе, «КТК» телеарнасының Астанадағы тілшілер қосынының жетекшісі Я.Красиенко мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Ж.Төлемісоваға Президент гранты бұйырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хаты «Айғақ» телерадио компаниясының, «Қаз­контент» акционерлік қоғамының, «Коре ильбо» газетінің, «Мир» мемлекетаралық компаниясының Қазақстандағы ұлттық филиалының шығармашылық ұжымдарына табысталды. Президент сыйлығының лауреаттары 2 млн теңге, ал грант иегерлері 1 млн 700 мың теңге көлеміндегі ақшалай ынталандыруға ие болады.

Салтанатты рәсімнің соңында Мемлекеттік хатшы БАҚ өкілдеріне шығармашылық табыс тілеп, жур­налистік шеберлікті ұдайы жетіл­діре отырып, елде болып жат­қан өзгерістерді назардан тыс қал­дыр­мауға шақырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button