Ел тынысы
Президент жоғары баға берді
Президентіміздің “Ана Тілі” газетіне шыққан сұхбатын оқып шықтым. Өте ашық жазылыпты. Шынымды айтсам, өте тірі мақала десем де болады. Шенеуніктің құрғақ тексты емес, эмоционалдылық сезіліп тұр. Жылдар бойы жиналып, ағынан жарылған сұхбат болғандай. Президент біраз сұрақтарға жауап беріп, мәселені айқындап бергені де жақсы болды.
2026 жылы БҰҰ басқаратын А.Гуттьереш мырза кетіп, орнына Қ.Тоқаев болады деген әңгіме тарағаны белгілі. Бір жағынан БҰҰ басқару – әр бір дипломаттың арманының шыңы. Ол аздай бірнеше тіл білетін, өзі БҰҰда Пан Ги Мунның орынбасары болып қызмет істеген, тәжірибелі, Батыс пен Шығыс өркениеттеріне да ыңғайлы адам ретінде, Қасым-Жомарт Кемелұлына бәсекелес жоқ еді … соны естігенде, “Әттең, Қасым-Жомарт Кемелұлы ерте кетіп қалмаса екен …” деп уайымдап едім. Бүгін қуанышымызға орай шегелеп тұрып: “Ел ішінде шаруа көп, мен мерзімнен бұрын кетпеймін” дегендей болды.
Тағы бір қоғамды мазалап отырған мәселе – Үкімет. Президентіміз ашық айтпаса да, сөзінің сілемінен, Үкіметке 100% риза емес сияқты болып көрінді. Нақты премьер-министр О.Бектеновке сұрақтары болмаса да, кейбір министрлердің жұмыстары көңілден шықпағанын аңғаруға болады. Демек көктемге дейін кейбір министрлер өз орындарын босатуы да ықтимал.
Уақыт белдеуі туралы да жақсы айтты. Шығыс шекараның бойындағы жатқан халықтың алаңдауын Қасым-Жомарт Кемелұлы естіп-біліп отыр. “Көктемге дейін уақыт бар” деп нақты айтты. Мәжілістегі отырыс кезінде, сағат 14:30 Шығыс Қазақстанның қасқарайған суретін Мемлекет Басшысы да көрген шығар деген сенімдемін. Күтелік.
”Мәжіліс сайлауын мерзімнен бұрын өткізудің қажеттілігін көріп тұрған жоқпын” деді Мемлекет Басшысы. Бұл сөзді өз басым күтіп едім. “Әні-міне”, “кетесің-кетпейсің”, “тарайсың-босайсың” деп психоэмоционалды сілкілегеннен шаршаған едік. Президенттің нүкте қойғанына шүкір. Арқадан бір жүк түскендей. 2028 жылдың Наурызына дейін Ел үшін қызмет етемін.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың депутаттардың жұмысына риза екенін есту – әрқашан ішкі толқу мен рухани дүмпу сыйлайтын сезім. Президентіміздің бағасы – жүректе ерекше орын алатын баға. Мәжіліс туралы айтылған жылы сөздерден кейін, сыбанып, жұмысымызды екі еселеп атқаруға уәде береміз!
Самат Нұртаза,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты