Президенттік шырша шуағы
Жаңа жыл – жаңа арман, жаңа үміттің басы, жақсылықтар мен жаңалықтардың жаршысы. Жыл сайынғы дәстүр бойынша елордадағы Президенттік орталықта Қазақстан Республикасы Президенті мен Астана қаласы әкімдігінің атынан балаларға арналған жаңа жылдық Президенттік шырша мерекесі өтті.
Жас жүректің лүпіліне жылу ұялатқан мереке бүлдіршіндердің езуіне күлкі, жүзіне қуаныш сыйлады. Шын мәнінде, көшпенділер санасында мәңгіліктің ағашы саналатын, ұлттар мен ұлыстарға ортақ осы бір қартаймас мәңгілік өмірдің, ортаймас бақыттың символы болған ағаштың жаңа жылдың басында түрлі түсті шырақтармен көмкеріліп, сәнге бөленуі жүректерге жылу сыйлап, адамзат баласын шыршаның шырағы емес, жаңа бір белестің, жаңа бір арманның білтесі жанғандай сезімге бөлейтіні анық. Біздің ұлтымыздың да, жұртымыздың да болашағы – қара домалақ ұл-қыздар. Оларға арнап тігілген шырша алауының жануы біздің келешегіміздің, ертеңіміздің жолына нұр мен жарық түсірмек. Сондықтан да Президенттік орталықта тұрғызылған бұл шыршаның орны ерек, жөні бөлек. Сол себепті де іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, қаланың жас тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, олардың дамуы мен табысқа жетуіне қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.
«Құрметті достар, біздің жас таланттар! Жаңа жыл құтты болсын! Біз сіздерге өз талантыңызды жүзеге асыруға, үйренуге, дамытуға және жаңа достар табуға мүмкіндік беретіндей жағдай жасауға тырысамыз. Осы мақсатта қаламызда жаңа мектептер, шығармашылық сарайлар, спорт алаңдары салынып, жаңа саябақтар мен скверлер бой көтеріп жатыр. Біз өскелең ұрпағымыздың дені сау, білімді, ақылды болып өскенін қалаймыз. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін!» деді Есет Байкен.
Мерекелік іс-шараға 300 бала, оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі, ерекше білім беруді қажет ететін балалар, сондай-ақ мектепте, спортта, шығармашылықта және әлеуметтік салада жетістіктерге жеткен дарынды балалар қатысты.
«Жаңа жыл – әрбір бала өзін ерекше бақытты сезінетін уақыт. Бұл – адами әрі ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені ұштастырған тамаша бастама. Іс-шараның сценарийі балалардың талантын дамытуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар оларға үлкенді сыйлау, өзгелерді құрметтеу сияқты маңызды өмірлік ұстанымдарды үйретеді» деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі жан-жақты өтті. Қатысушылар үшін «Витебсктегі славян базары» халықаралық байқауларының жеңімпаздары мен «Голос» телешоуы, сондай-ақ танымал қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жүргізушілер, аниматорлар қазақ және әлемдік ертегілер кейіпкерлерінің киімдерін киіп өнер көрсетті.