Ел тынысы

Президенттің экономиканы дамытуға арналған пайымдары – нақты әрекетке шақыру

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында ел экономикасын дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты ойын ортаға салды. Президент экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін бағалай отырып, проблемалардың барын ашық айтты.
Мемлекет басшысы Үкіметтен батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отыр.
Шын мәнінде, Қазақстанда жақсы жобалар мен бағдарламалар аз емес. Алайда олардың орындалуы кейде көңіл көншітпей жатады. Жауапкершілік аз,мемлекет қолдау көрсеткен бірқатар жобалардың тиімділігі болмай жатады. Сондықтан бұл жерде ең бастысы – жоспардың қағаз жүзінде қалмауы, оның нақты нәтижеге жеткізілуі,жұмсаған қаражаттың тиімділігі маңызды.
Президенттің «Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады» деген сөзі осыны нақты көрсетіп отыр. Осы орайда әр жобаның тиімділігіне талдау жүргізу керек. Сонымен қатар,Үкімет шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген несие жүйесін қалыптастыру қажет.Өйткені банктердің қазіргі жоғары пайызбен беретін несиесімен экономиканы дамыту мүмкін емес. Сондай-ақ, мемлекеттік Қазақстан Даму банксіне реформа жүргізген дұрыс болады.
Парламент депутаттары ретінде біз әрдайым Үкіметтен, жалпы атқарушы биліктен сапалы әрі тиімді жұмыс талап етуге ерекше мән береміз. Жобаларға талдау жасап,ұсынымдарымызды енгіземіз.Заңнамалық деңгейде экономикалық реформаларды қолдап, олардың нәтижелі жүзеге асуына ықпал етуді басты міндетіміз деп білеміз. Жақсы идеялар мен жобалар халыққа нақты пайдасын тигізгенде ғана олардың құндылығы артады.
Президентіміздің өңірлерде тәжірибеден өткен, жергілікті жердің жағдайын жақсы білетін мамандарды жауапты қызметтерге тарту туралы пікірі де өте орынды. Бұл – кеңседен шықпай, қағазбастылықпен айналысқан шенеуніктерге емес, экономиканың нақты секторында, аймақтарда жұмыс істеп, әбден ысылған, қолынан іс келетін білікті мамандарға деген сұраныс артып келе жатқанын аңғартатын тұжырым.Ондай мамандар елде баршылық. Тек оларға қолдау көрсету керек.
Қазір Қазақстан үшін экономиканың 4 пайыздық өсімі жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет жаңа тәсілдер тауып, батыл шешімдер қабылдауға тиіс екенін Президент атап өтті. Бұл ретте Парламент депутаттары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жобаларды қолдап, олардың іске асуын бақылауды жалғастыра береді. Мемлекет басшысы қойған міндеттер бәріміз үшін ортақ. Әрбір азамат, әрбір мемлекеттік орган бұл жұмыстың сапалы жүзеге асуына үлес қосуы қажет. Бұл – еліміздің табысты дамуының басты шарты.
Нұртай Сабильянов, 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button