БілімЖаңалықтар

Профессор сабағы

Бүгінде елорданың екі мектебінде «Профессор сабағы» өтеді. №52 және №85 мектеп-гимназияларында былтыр наурыз айынан бері іске қосылған бұл сабақ қазіргі таңда оң нәтижесін көрсетіп келеді. Білімді жаңғырту орталығының тың жобасы саналатын «Профессор сабағының» мұғалімі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразахынова.

[smartslider3 slider=138]

Биыл көктемде 3 профессор Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылды. Ал төл технологияның теориялық негізі – Алаш арыстарының ой-тұжырымдары. Н.Оразахынованың ұстанымы да осыған саяды. «Ұлтты сүю, қазақтың өзгеше мінезін сақтап қалу туған ана тілін қалай оқытуға байланысты. Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт». Халел Досмұхамедұлының осы тұжырымын шамшырақ етіп алған технологияның басты межесі де осы – ана тіліміздің жалауын жықпай-ақ екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау, таңдау пәні арқылы оқушылардың білімін тереңдетіп, дүниетанымын кеңейту. Аталған зертхана Үкіметтің «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі» қаулысына сәйкес, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басшылыққа ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Профессор сабағы» жобасы аясында іске қосылған еді. Қазіргі таңда төл технологиямызға арналған зертхана жұмысы елордалық білім саласының дамуына зор үлесін қосып келеді.
«Заманауи талаптарға сай оқу-тәрбие үрдісін ұлттық құндылықтарға негіздеу арқылы ұлттық мектептің үлгісін жасау қажет. Қазіргі таңда бір ғана елорданың өзінде 2 мыңнан астам білім алушы, 150-ге жуық тәрбиеленуші сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындауда. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаң жұмыстарына ел көлемінде 7 балабақша тәрбиешісі мен жүзден астам мұғалім белсенді қатысып жүр. Нұр-Сұлтан аумағында соңғы 9 жыл көлемінде жүргізіліп, аясы кеңейіп келе жатқан төл технологияның алғашқы жеңісі мен жетістіктері аз емес. Бұл технология – әсіресе, қазақшаға шорқақ балалар үшін таптырмас оқыту әдістемесі. Мектеп оқушылары осы технология бойынша оқитын болса, ана тілін жетік меңгеріп қана қоймай, сөздік қорын молайтып, өзге пәндер бойынша да ойлау қабілетін дамытады» деді «Профессор сабағының» мұғалімі Нұрша Алжанбайқызы.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button