Психологиялық қолдау көрсетілді
Елордалық Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің оқушылары үшін қалалық «Психологиялық қолдау орталығы» мамандарымен кездесу өтті.
Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен ашылған «Психологиялық қолдау орталығы» елорданың мемлекеттік білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау көрсету бағытында жұмыс істейді.
«Астананың 5 ауданында психологиялық қолдау кабинеттері бар. Орталық кеңсемізге де балалар ата-аналарымен бірге келіп, сұрағына жауап ала алады. Мектептер қабырғасында түрлі семинар-тренингтер және жеке консультациялық кеңестер ұйымдастырылады. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде бірінші сынып оқушыларын сабаққа бейімдеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. «Қауіпсіздік сағаттары» кезінде оқушыға қауіпті жағдайда жылдам әрекет етуге, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайдың шешімін табуға үйрететін сынып сағаттары өтеді.
Жеке тұлғаның өмірге құштарлығының артуы, болашағына сеніммен қарап, нақты шешімдер қабылдауы мектеп қабырғасынан бастап қаланады. Психолог мамандар әрбір оқушының жан-дүниесіне үңіле біліп, көңілдеріне сенім ұялатып, қуаныш сыйлауы тиіс. Қазіргі таңда жеке консультациялық көмекке жүгінетін оқушылар ата-анамен қарым-қатынасты нығайту, балалар арасындағы буллинг және өзіне деген сенімділікті арттыру бағытындағы сұрақтар бойынша келеді» деді орталық басшының орынбасары Марал Ибрагим.
Психологтармен кездесуге келген оқушылардың қатарында №76 мектеп-лицейінің оқушысы Олжас Әлен бар.
«Мен 8-сыныпта оқимын. Қазіргі кезде маған өзімнің психологиялық тұрғыдағы болмысым қандай деген сұрақ қызық. Ол үшін психолог маман маған арнайы диагностика жасап, жетілдіру керек қабілеттерімді анықтап берді. Мектебімізге психолог мамандар апта сайын келіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл бағыт кез келген оқушыға қажет деп ойлаймын» деді оқушы.
Индира БЕРЖАНОВА