Елордада – есімі

Қабанды жайратып қабанбай атанған

Астанамыздың әуе қақпасынан басталатын Қабанбай батыр даңғылы жолында қазақ елі үшін нысаналы орындарды басып өтіп, аспалы көпірден асып өтіп, А.Бараев көшесінде аяқталады. Даңғыл бойында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургиялық клиникасы, «ЭКСПО-2017», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, оқу орындары, сауда-бизнес орталықтары, Астаналық цирк, Салтанат сарайы орналасқан. Ұзындығы – 16093 м.

[smartslider3 slider=2132]

Баһадүр баба 78 жасында соңғы жекпе-жегіне шы­ғып, жауын жайратып, ғұмырында 103 рет жекпе-жекке шығып, қарсыласын жер қаптырған.

Дереккөздер ұлы батырдың 1691 жылы қаңтар айында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Тарбағатай тауының бөктерінде дүниеге келгенін, 1770 жылы 13 қарашада дүниеден өткенін айтады.

Батыр өмірін ат үстінде өткізді, бұл кезең Жоңғар хандығының қазақ даласына бастаған шабуылының жанданған тұсы еді. Жоңғар қонтайшылары әсіресе Жетісу төңірегінің жайылымдық жерлері мен Оңтүстік Қазақстанның сауда-қолөнер орталықтарына көз тікті. Көшпелі жоңғар қалмақтары қазақтардың оты, суы мол, құнарлы жайылымы көп, кең байтақ жеріне қызықты. Қазақ жерін жаулап алу үшін тынымсыз соғыстар жүргізген. Қазақ халқы тарихында қайғы-қасіретке ұшыраған ең ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Ақ қайың сауған ақ тышқан жылы» деген атпен тарихта қалды. Қабанбай батыр – осы соғыстың батыры.

Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпей «Қазақта Қаракерей ­Қабанбайдан асқан батыр болған емес» деп бағаласа, әйгілі ғалым Құрбанғали Халид «Шығыстың бес тарихы» деген еңбегінде: «Батырлығынан өресі биігі ­Қабанбай батыр еді» деп жазып қалдырған.

[smartslider3 slider=2148]

Ашық ақпарат көздерінде Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы, яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі үшінші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі төртінші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Цяньлун патшаның 1760 жылы 25 наурыз күні Қазақ хандығына жолдаған хатында: «Қазақтың Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіз және Қабанбайларына…» деген есімдердің аталатынын жазады.

Жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, жездесі Бердәулеттің қолында болды. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанды. Зерттеуші Заңғар Кәрімхан батыр жорықтарының жылнамасын жасаған екен. Осыған сәйкес 1717 жылдан бастап 26 жасында елі мен жерін қорғау жорығы басталғанын жазып, Аягөз шайқасы, Түркістан қорғанысында шайқасып, 32 жасында Түркістанда хан сайланып, қазақтың бас сардары дәрежесіне көтерілгенін айтады. Батыр 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырына айналды. Ғалымның айтуынша, 1741 жылы Шыңғыс­таудағы Шаған шайқасында ақ боз атпен топ жарып, жауды жеңгені үшін «Дарабоз» атанды. 1751 жылы батыр қолы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан азат етіп, Төле бидің билікке келуіне ықпал жасады. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.

1752-1754 жылдар аралығында Қабанбай басқарған қазақ сарбаздары алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол мен Нарында, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылады. Одан кейін Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан азат етті.

1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген Қытай әскерінің бетін қайтарады. Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан тазартады.

1756-1757 жылдары Еженханның қытай шеріктерін үш мәрте ойсырата талқандады. Қазақ топырағын басқызбады.

1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдатып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Мұны іске асырушылар: ұлы Едіге мен інісі Туматай. 1758 жылғы және 1762 жылғы Аягөзде өткен Қытаймен екі арадағы Қандыжап, Мамырсу бітімдерінде Абылаймен, Әбілпейізбен қатар сөз ұстады. Қытайлар бабамызды «…қазақтың бас, қалқан батыры – Қаракерей Қабанбай» деп атап көрсеткен.

1769 жылы 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Әтеке жырық баласы Қарабекке, науқастанып жатқанына қарамастан, қарсы шығып, жекпе-­жекте Қарабекті өлтірген.

Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының көне қолжазбалар бөлімінде Қабанбайға арналған жырлардың төрт нұсқасы, Қытай қазақтарында онға тарта нұсқасы сақталған. Бұл батырлық жырлардың кейбірі ұлттық фольклордың інжу-маржаны – «Бабалар сөзі» 100 томдығына енді. Аягөз қаласында орналасқан танк дивизиясы бүгінде Қабанбай батырдың атымен аталады. Бір Қазақстан аумағында оның 10-нан астам ескерткіші бар. Ал шетелде – Ыстанбұлдағы Бакыркёй ауданының Киікті саябағында еңселі ескерткіш орнатылған.

Қабанбай батырдың отыз жыл серігі болған Қубас атына бұрынғы Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылының жанындағы «Қубас» кезеңіне ескерткіш қойылды.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button