Басты ақпарат

ҚАБДОЛОВ ҚАҒИДАСЫ

Биыл академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың туғанына сексен бес жыл толады. Зекеңсіз тойланатын сексен бес. Алаштың ардақтысы сексен бес тұрмақ, сексеннің сеңгіріне де жете алмады. Күндіз күлкісін, түнде ұйқысын ұрлап, төсекке таңған дауасыз дерт ақыры еңсеріп тынды. Ағаның аман-есен тынысын алып жатқан әр күнін бақытқа балаған Сәуле апай жанын шүберекке түйіп, түн баласы көз ілмей, қасында отырды. Ұлтымыздың ұлы адамын баладай баптаған салиқалы Сәуле апам Зейнолла аға екеуінің қол ұстасып, сексенге бірге келгенін көруді соншалықты тілеп еді. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды. Бәрібір, бұл – сәулелі сексен бес. Сәулелі болатыны – оның айналасына шашқан шұғыласы әлі күнге дейін талайға нәр беріп келеді. Сәулелі болатыны – ол өзіне қазақтың қара сөзінен мәңгі мызғымас ескерткіш қойып кетті. Сәулелі болатыны – соңында өзінің де, сөзінің де қадірін білетін ұрпақтары мен шәкірттері қалды. Сәулелі болатыны – түтіні түзу ұшқан қазаққа қадірлі қара шаңырақта Сәуле апайымыз аман-есен отыр.

«Табыла-а-а-ды сенің машинаң!»

Бір досым айтты: «Алланың сүйген құлы ғой Зейнолла ағамыз. Атырауда мектепке барады. Оған қазақтың арқалы ақыны Хамит Ерғалиевтің өзі сабақ береді. Мектеп бітіріп, Тау-кен институтына түседі. Онда кейін есімі елге мәшһүр болған академик Евней Бөкетовпен бірге оқиды. Түскен оқуын жаны қаламай, ҚазГУ-ге келеді. Келген бетте Мұхтар Әуезовтің үйінен қымыз ішеді. Не деген жолы жақсы адам!». Сөзі сырлы, жүзі нұрлы Зейнолла аға шәкірттеріне шапағатын молынан төкті. Тек шәкірттері ғана емес, қаймана қазақтың бәрін даладай кең құшағына сыйғызды. Сол құшақтың ішінде телі де жүрді, тентек те жүрді. Ешкімді алалаған жоқ. Өмір бойы жақсының жақсылығын айтты. Және қандай етіп айтты десеңші. Сұлу сөзбен сурет салып тұрып, көркем тілмен мөр басты. Ал жаманның құтын қашыруға мүлде құлқы болған жоқ. Оның тілдік қорында мақтау деген ұғым ғана болды. Күллі қазақты мақтай отырып, аялады. Аялай отырып, ұлтын ұлықтады. Ол жұрттың бәрін де жақсы көрді. Жылағанды жұбатты, жабырқағанды жадыратты. Екі ауыз сөзі еңсеңді көтеріп тастайды. Кеудеңді жаншып тұрған көңілсіздіктің ізі де қалмайды. Айтқан тілегі әулиенің сөзіндей дөп түседі. Бірде бір досым кандидаттық диссертация қорғады. Сол жылдарда қорғау өткеннен кейін диссертациялық кеңес мүшелерін мейрамханаға емес, үйге шақырып, дастархан жаю үрдіс болатын. Алыс аймақта тұратын ол қонақтарын Алматыдағы біздің пәтерімізде күтпек болды. Оралхан айтқандай, қыстың ұза-а-қ кеші. Зекең бастаған ұстаздар тайлы-таяғымен келді. Той-томалақ қызықсыз болған ба, ел қайтуға жиналған тұста есік жақтан ептеген шу шықты. Қызып қалған бір ағамыз басқа біреудің былғары етігін киіп кеткен сияқты. Олай қараймыз, былай қараймыз, әйтеуір бір етіктің ізі жоқ. Жоғалған етіктің иесі – басқа емес, майталман әдебиетші Қабиболла Сыдиықовтың өзі. Байқауымызша, киіп кеткендер де осал кісілер емес. Көне түркі ескерткіштерінің майын ішкен мамандар. Бағана өздері етік түгілі бір-бірін әзер шырамытып жүрген. Аспиранттарын адуынды ағаларының соңынан аттандырдық. Тумысынан сыпайы Қабиболла ағамыз өз етігінің орнына сүзіле қарап, сабыр сақтап тұр. Ал оның табыла қоятын түрі жоқ. Бұл кезде Зейнолла ағамыз да кетуге қамданып жатқан. Алайда жүзі жабырқаулы Қабиболла ағамыздың көңілін қимай, жанында сәл аялдап қалды. Сол кезде Зекең Қабекеңді былайша жұбатты ғой:

– Әй, Қабыш, Қабыш деймін, сен түк қиналмашы. Етігі бар болсын! Табылар…

Мына бүгінгі жиналғандардың бәрін өзің білесің. Тап осылардың ішінде бар ғой, құдай біледі, ғылымға сенен көп еңбек сіңірген ешкім жоқ. Сондықтан мына қаздай тізіліп тұрған етіктердің ең жақсысын, ең сапалысын таңдап киші. Ең тәуірі менікі, әрине… Бірақ мен аяғыма киіп қойдым ғой…

Сол күні сәл науқастанып, қабағы қырыстаныңқырап тұрған Қабиболла ағамның жүзіне қан жүгірді. Риясыз күліп, ерекше ілтипатпен босағаға жағалай қонған етіктерге емірене зер салды. Ертеңіне етіктің бәрі өз иелерін тапты. Тағы бірде етік емес, көлік жоғалттық. Амантай Шәріптің кешқұрым автотұраққа қойған су жаңа машинасын таң алдында біреулер айдап әкетіпті. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аласапыран уақыт. Ұрланған дүниені жабылып іздесең де, табыла қоймайтын заман. Күнде мініп жүрген көліктен күдер үзіп, жаяулап-жалпылап, КазГУ-ге келгенімізде, Зейнолла аға жолығып қалды. «Әй, Әбеке, машинаң бар ма-ей?», – деді Амантайға. Ол көлігінің қолды болғанын айтты. Сонда Зекең оның бетіне біраз бажырайып қарап тұрып: «Табыла-а-а-ды сенің машинаң!», – деді де жөніне кете барды. Шынында сол көлік табылды. Бұл іске заң факультетіндегі оқытушы әріптестеріміз жұмыла кірісті. Тәуелсіз Қазақстанның пәрменді полициясы тосын мінез танытып, көлікті айдап әкеткендерді көп ұзатпай қолға түсірді. Сол екі ортада ұрылар оны сойыс малындай бұтарлап, алысқа асыруға дайын- дап қойыпты. Ал автотұрақтың адамдары қайырымдылық жағынан із кесушілерден де асып түсті. Олар Амантайға тура сондай, бірақ су жаңа көлік алып берді. Бұлай болады деп кім ойлапты?! Осы оқиғаны еске алған сайын Зекеңнің ойлы кейіпте тұрып, шын ниетімен «Табыла-а-а-ды сенің машинаң!», – дегені ойымызға оралады. Ағаның ақ пейілден айтылған ақ тілегі үнемі әлдебір жақсылықтың хабаршысындай боп тұратын.

Әдебиетші ғалым Сұлтанхан Аққұлыұлы кандидаттық диссертация қорғағаннан кейінгі той дастарханында бір досымыз ішіп алып, әлек салды. Ешнәрсені қиратып қарық қыла қойған жоқ. Бірақ оның сол сәтте есін білмегенін пайдаланып, ертеңіне әбден келеке қылдық. «Ана ағаға аса ауыр сөз айттың, мына ағаның әбден көңіліне тидің. Содан соң сенің қасыңа Зекеңнің өзі келіп, тоқтау салып, әзер басты», – дедік. Сонда оны келемеждеп, мынадай өлең шығарып едік:

Жұрт назары алдыменен тойда еді,

Сені көріп, «қызып қалған ғой» деді.

Бүлдіріп ап, тұрғаныңда, балпиып,

Зекең келіп, «Ай-но-о-лайын, қой…», – деді.

 

Ол кірерге тесік таппайды. Зекеңнің төбесін көрсе, алды қырды айналып қашады. Солай еді… Зейнолла Қабдолов деген ардақты ат тәлімді тәрбиенің құралы бола- тын. Жақсылыққа жол ашатын, жат қылықтан айықтыратын. Оның ерекше есімінің өзі талайдың есін жинап, есігін түзу ашуына бағдар сілтеп тұратын.

Сыр бойындағы сырласу Ағамыз алпысқа толғанда оқуды жаңа бітірген балаң жігіт едік. Сондықтан аралас-құралас бола қоймадық. Кейіннен ол кездегі аспирант, бүгінгі белгілі ғалым Мақсат Тәжімұратов Зекеңмен жақынырақ таныстырды. Сол тұста енді ғана ардақты есімі ақталып, елмен қайта табысып жатқан әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасын түгендеуді тапсырып, диссертациямыздың тақырыбын бекіттіріп берді. Содан шәкірт болдық. Зекең өзінің кең құшағынан бізге де орын сайлады. Ол құшақта еркін еркелей алғанымыз жоқ. Алдыңғы толқын ағалар алып тұлғаның алдын босата бермейтін. Солардың сәл толас тапқан сәтін күтетінбіз. Сөйтіп жүріп-ақ, тәрбиелі тәлім, өміршең өнеге алдық. Жетпістің жотасына шыққанда жанында жүрдік. 1997 жылы желтоқсан айында ҚазГУ Зекеңнің 70 жылдығын атап өтті. Жұрт өте көп жиналды. Құттықтаулар ағылып жатыр. Мінберге шыққан Есенғали ағам (Раушанов):

– Егер осы тойда ең қысқа құттықтауға бәйге жарияланса, жүлдені сөзсіз біз алар едік, – деп әзілдеп, бір шумақ өлең оқыды. Жұрт ду ете қалды. Зейнолла аға Есенғалиға мейірлене бір қарады. Өмірі өзгенің жолын шиырлап көрмеген Есағам бұл жолы да тауып кетті. Өйткені жиылған ел ащы ішектей шұбатылған ұзын-сонар құттықтаулардан аздап жалыға бастағандай еді. Содан соң мінберге бізді шақырды. Бұл кезде Қызылордада қызмет істеп жүр едік. Сыр бойының бүкіл шайыры жабылып жазған, Қызылорда қаласының сол кездегі әкімі Бақберген Досманбетов қол қойған құттықтау хаттың соңғы екі-ақ жолын оқып беруді ұйғардық. Әрине, есіліп тұрған Есенғалидың жырындай қайдан болсын, бірақ қалың елдің ыстық ықыласын танытатын еді.

Бізге үлгі талант, тағылым, тоқтамыңыз, Қазақтың Қабдоловы боп қалыңыз!, — дедік те, мінберден түсіп кеттік. Жұрт тағы да қол соқты. Амантай екеуміз иығына шапан жауып жатқанымызда Зейнолла аға: «Әй, бір ауыз сөзбен қатырдыңдар-ау», – деді елжіреп…

Сол жылы қаланың әкімі, қазақ өнерінің жанашыры Бақберген Досманбетов Зекеңді Қызылордаға шақырды. Жалпы, Зейнолла ағаның бұл өңірге ықыласы бөлек. Сыр бойынан шыққан әдебиетші ғалымдардың өзі бір шоғыр. Зекең солардың біразымен бірге қызмет істеді. Біразының ғылымдағы тұсауын кесті. Бұл тұста олардың бірқатары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет істеп жүр еді. Кездесуді жақсылап ұйымдастырдық. Академик залдың төріне келіп жайғасқан соң қала балабақшаларының ең зерек деген бүлдіршіндері өлеңдетіп қоя берді. Дауыстары шіңк-шіңк етеді. Бірінен бірі өткен ынталы. Бұл қаладағы мекемелердің басшылығына ақындар көбірек келген тұс еді. Сондықтан сол жолы балабақша бұлбұлдары былайша сайрады:

Сырдың елі – тұнып тұрған жыр-аңыз,

Сол өлкеге келді бүгін бір абыз.

Мақтамаймыз Қабдоловты тек қана,

Қабдоловпен мақтанамыз мына біз!

Мен де шығам, топтан озып, қатардан,

Үлгі аламын Зейнолладай атамнан.

Ақмолаға көшкен кезде астана,

Елбасының өзі одан бата алған!

Шәкірт болып Әуезұлы Мұхтарға,

Топтан озып суырылып шықты алға.

Қазағымның Қабдоловы деген сөз,

Ұлылықтың белгісіндей ұққанға.

Таңқалдырған Тайсойған мен Нарынды,

Зейнолла атам елден ерек дарынды.

Атырау мен алты алаштың ардағы,

Келді ортаға, құттықтаймын бәріңді!

 

Зекең-абыз бүлдіршіндерге мейірлене көз тастады. Елжіреп отырып разылығын білдірді. Соның алдында ғана Торғай жағына барып, Ахаң мен Жақаңның рухына тағзым етіп қайтса керек. Сыр елінде тағы бір қанатты сөзін қолма-қол өмірге әкелді. «Торғай – ұлттың ұшқан ұясы болса, Қызылорда – қонған қиясы ғой» деді. Қызылордалықтардың қол шапалағы әкімшіліктің кең сарайының түндігін желпілдетіп жіберді. Кейін де Сыр бойына бірге сапар шектік. Ағыл-тегіл сыр ақтарылған сол күндер лезде тым алысқа шегініп кете қояды деп кім ойлаған?!

Құт қонған кафедра

Сексенінде де сөйтіп мейірленгенін көрсек дейтінбіз. Жазмышқа не шара… Енді бүгін сол сәттерді сағынышпен еске аламыз. Ғылыми жетекшімізбен көбіне-көп Сәуле апайдың дастарханында, кейде кафедрада кездесетінбіз. Кафедра демекші… Қазір еліміздегі қаптаған университеттерде кафедрадан көп нәрсе жоқ. Әр кафедраны бір-бір меңгеруші басқарып отырады. Олардың танымалдық деңгейі әр түрлі. Біреуі жалпақ жұртқа кеңінен танымал. Біреулері бала-шағасының, ағайын-туыстарының арасында ғана танымал. Біреуінің беделінен кафедрасының беделі үлкен. Керісінше, енді біреулерінің беделі кафедраны да өрге сүйреп келеді. Біреуі

Кафедраны шікірейіп, шіреніп отырып басқарады, екіншісі басқарған ғұрлы жұрттың әбден

берекетін алып болады. Тағы бірінің әншейін кафедра меңгерушісі деген аты ғана, тізгін баяғыда басқа біреудің қолына көшкен. Біреу бұл қызметке парасатты жолмен келген. Біреу содан басқа қолайлы адам болмағандықтан ет қызуымен тағайындалып кеткен. Біреуі кафедра меңгерушісіне емес, сол оқу орнының ректорына ұқсайды, екінші біреу кафедра басшысынан гөрі ассистентке көбірек келіңкірейді…

Бұл – қазіргі хал. Ілгеріде кафедра меңгерушісі деген әкімнің орынтағына айырбастамайтын қызмет еді. Ғалымның ғалымына, онда да сөзімен де, ісімен де соңына жұртты ерте алатын ғалымға ғана жарасатын қасиетті лауазым болатын. Кафедраның қақ төрінде ақ қалпағын киіп алып, алыптар шоғыры отырар еді. Ілім мен ғылымның ордасы саналатын кафедралардың құты еді олар. Ұлттық университетте қазақтың қасиетті қағбасы секілді бір кафедра бар. Талай тастүлектің томағасын сыпырған қазақ әдебиеті кафедрасы – ұлт руханиятының қара шаңырағы.

Ұлы Мұхаң негізін қалаған, зиялылардың зиялысы Зекең – Зейнолла Қабдолов ұзақ жыл басқарған кафедра бұл. Осынау шаңырақтың әр мүйісіне кісілік пен кішіліктің, парық пен парасаттың, зерделілік пен зиялылықтың иісі сіңген. Құтты шаңырақты Қабдоловтың басқару тәсілі қайран қалдырады. «О ғажап, аудиторияға ұлылық кіріп келе жатты!» дегенді Зейнолла ағаның өзіне айтуға да болар еді. Ол кісі кафедраға келгеннен-ақ қас-қабақ сөйлейді.

«Мынаны былай істе, ананы олай істе!» деп нұсқау беріп жатпайды, бірақ саңыраудың өзі еститіндей, меңіреудің өзі түсінетіндей етіп аңдатады. Зекеңмен бірге кафедраға жайдары жылылық пен нұрлы сәуле ілесе кіреді. Бөлмеден шығып кеткен соң да сол жылылықтың лебі сезіліп тұрады. Содан соң бұл кісінің ерекше жаратылған адам екенін еріксіз мойындайсың. Бұған басқа атағы мен шатағы қоса жүретін кейбір ғалымдардың аспиранттарды алқымнан алып, оқытушыларға одыраңдап, мінез көрсетіп жатқанын көргенде көзің жете түседі.

Ал оқытушы түгілі студентке дауыс көтеру Зекеңнің табиғатында жоқ. Бірде мынадай оқиға болды. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі  Зекең отыратын кабинеттің сыртқы дәлізге қарай ашылатын есігі бар еді. Бірақ бұл есік үнемі жабық тұратын. Зейнолла аға өз кабинетіне оқытушылар жайғасқан

Бөлме арқылы өтеді. Бірде бір студент Зекеңнің есігін сыртынан жұлқып тартып жатты. Құлыптаулы екені белгілі, сонда да қоймайды. Есіктегі әйнектен әлгінің сұлбасы көрініп тұр. Аяғын жақтауға тіреп, тұтқаны шіреніп тұрып тартады. Оқытушылар бөлмесі арқылы айналып өту ойына келмейді. Зекең шыдамай сыртқа беттеді. Біз де ілесе шықтық. Ешкімді елемей, есікті аша алмай, әлі де тыраштанып жатқан әлгі әңгүдікке біраз қарап тұрып, көзін cәл ежірейтіп, байыппен ғана: «Әй, слушай, ұ-ұ-я-т емес пе?!», – деді. Бар болғаны сол.

Студент тұрған орында сілейіп қалды. Басқа біреу болса, әлгі байғұстың жер-жебіріне жетер еді. Жеңінен сүйреп, деканатқа алып барар еді. Тіпті болмаса, аты-жөнін жазып алып, өлердей қорқытар еді. Әйтеуір, мұғалімдердің студентке әлі келетін әдеті бар ғой. Зекеңнің осы бір зілсіз жеңіл кейістік білдіруінің өзі барлық жазалау шарасының қай-қайсысынан да пәрмендірек еді. Өйткені педагогтік қасиет оның қанында болды.

Құт қонған кафедраға өзге кафедраны басқаратын әріптес, дос-жарандары жиі кеп тұратын. Солардың бірі профессор Тауман Амандосов дүние салып, қоштасу рәсімі өткенде Зейнолла аға: «Университетке талай жыл еңкейіп кірген есігінен ол тұңғыш рет шалқайып шықты» деді. Мұндай саналы сөз, қанатты қағида, тосын тіркес кафедраның ішінде сәт сайын айтылатын.

Қазір академик деген ардақты атау ойыншыққа айналған кез. Доктор да академик, кандидат та академик. Тіпті өмірінде диссертация қорғап көрмеген пірадарлардың да біразы академик атанған. Ал бір кезде академик деген атау «даналық» деген ұғымның баламасындай болды. Сол ұғым Зейнолла аға Қабдоловтың болмысын дәл бедерлейтін.

Ол басқаратын кафедраның да мәртебесін биіктете түсетін. Үнемі шәкірттерінің мерейін асырып отыратын. Бірде университеттің мәжіліс залында Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романына байланысты әдеби кеш өтіп жатты. Кешті Зейнолла ағаның өзі жүргізді. Бір сәт ұстаз қасындағы қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылары Зинол-Ғабден Бисенғалиев пен Ермек Аманшаевтың қайсысына сөз берсем екен дегендей сәл ойланып тұрды. Сөйтті де, «Аманшаев Шекспир сияқты драматург болғанымен Бисенғалиев сияқты доцент  емес қой, сөзді Бисенғалиевке берейін», – дегені. Бір-ақ сәтте екі шәкіртін екі шыңның басынан бір-ақ шығарды. Бүкіл зал дүркірете қол соқты.

Кафедрадағы жас әріптестері туралы толғанғанда: «Бұлар – менің қабырғаға мықтап қаққан шегелерім ғой. Әрине, әрқайсысын бір-ақ ұрып кіргізем, бірақ кейбіреуін екі рет ұру керек», – деп күлдіретін. Әдебиеттанудағы Зейнолла Қабдолов дәстүрін берік ұстаған сол егесін іздеген шегелер биыл ұстаздың сексен бес жылдығында бас қосады. Тек сұлу сөзбен сурет салатын Сардардың өзінің жоқтығы болмаса…

Таспен ұрғанды баспен ұру

Зейнолла аға ұлт мінезін, ұлт болғанда, талай- талай тар жол, тайғақ кешуден өткен, теперіш көрген, саны аз, санасы биік қазақ ұлтына қажетті мінез-құлықтың бәрін бойына сіңірді. Қабдолов ғұмыры – ұлт болып ұйысу үшін кешірімшіл болудың, тірлікте сыйласып өтудің, жақсылығыңды асырудың, жаманыңды жасырудың үлгісі. Қабдоловқа ұқсап, бір-бірімізге жылы сөз айтсақ, өзімізді өкпелеткен кісіге өршеленіп, тұра ұмтылмасақ, тас атқанға ас ұсынсақ, қаймана қазақтың бәрін бауырға тартсақ, алты алашқа «айналайын» деп еміренсек, қанша адамның өмірін ұзартар едік. Бірлігі мол, берекесі келіскен ұлтқа айналар едік. Аз ғана тіршілікте итше ырылдасып жүріп, соны түсіне алмайтынымыз-ай…

Ұлт мінезінің қалтарыс-қатпарларын жетік білетін ол төңірегін қас-қабағымен ғана билейтін. Ешкімге артық сөз айтпайтын. Адамның бойынан тек қана ізгілік көргісі келетін. Жүрегіне біз сұққандарға да «сіз» дейтін.

Кейде жаны жабыққанда соларды да іздейтін… Ойын тұспалмен айтатын, астармен жеткізетін. Дертке шалдығып, жаны қиналып жатқанда да сол дағдысынан жаңылмапты.

Ауруханаға қайта-қайта түскен соң, шаршады ма, бірде біраз үнсіз жатып, жанында отырған Сәуле апайға «Салқындық сезіледі…» депті. Әншейінде Зекеңді емеуріннен ұғатын апай сол жолы палатаның терезесін жауып келіп, ағаның көрпесін қымтапты… Сонда Зекең дертінің ауырлап кеткенін, дәрігерлердің де қажи бастағанын меңзеп отырғанын қас-қабағымен ғана аңғартыпты.

Академик Қабдолов шәкірттеріне көп нәрсе үйретті. Бір қызығы, «былай істеңдер, олай етіңдер» деп ешқандай нұсқау берген жоқ. Жүріс-тұрысымен үйретті. Қимылымен қозғау салды. Жанарымен жөн сілтеді. Жүрегімен

ұқтырды.

Ол бізді тек ғалым ғана емес, адам болуға да баулыды және онысын өзімізге де жария қылмай, әлпештеп, аялап отырып аңғартты. Шәкірттерін шаңырағына жиі жинады. Сәуле апайдың берекелі қолынан дәм татырып

отырып, тек қана санаңды сәулелендіретін әңгімелер айтатын. Сол арқылы жан дауасы – жылы сөз екенін көкірек көзімізге құйып берді. Ешқашан біреуді ғайбаттағанын көрген емеспіз.

Әрине, ұстазымыздың да ұнатпайтын адамдары болуы мүмкін. Бірақ оның парасатты пайымына қарап, бәз біреуді ұнатпайтыныңды сездіру үшін онымен керілдесіп, сөз таластырып әуре болудың міндетті емес екенін айтпай-ақ ұқтық. Жүрген жерінің бәрінде аталы сөз қалдырды. Ұлы көштің беті Арқаға қарай бұрылғанда бәтуалы сөз айтып, батасын беріп, шығарып салды.

Әдемі сөйледі. Әдемі жүріп-тұрды. Әдемі қартайды. Бұдан біз абыройлы ақсақалдық пен қастерлі қарттықтың қандай болатынын көңілге түйдік.

Сондықтан біреулерге бір нәрсені қайта-қайта шегелеп, тықақтап қоймайтын мазасыз ағаларымызды көргенде соның бәрін қас-қабағымен аңғартатын ұстазымыз еске түседі. Үлкендігін міндет қылып, шәкірттерін тұқыртып отыратын шолақ ойлы шалдуар шалдарды көргенде ешқайсысымызға салмақ салмаған ардақты ағаны ойлаймыз. Өмір бойы біреулерді жерден алып, жерге салып, іреп сойып жүретін, кеудесі қыжылға, көмейі ызылға толы беймаза кісілерді көргенде де Зейнолла ағаның парасатты бейнесін іздейміз. Өйткені ол бүкіл болмысымен әлгіндей мінез- құлыққа қарсы болды. Ол қоян жылғы өкпе-реніштерін еске алып, мемуарлық шығарма жазбады. Баспасөз бетінде найзағайдай ойнаған қарсы мақалалардан іргесін аулақ салды. Ұлтты ұйыстыруға ұмтылды. Сондықтан оның бейнесі елдің ұғымында бітімгер бидің тұлғасындай болып жатталып қалды. Дүние-мүлікке, қаржы-қаражатқа құлықты болған жоқ. «Осы менің ақша жөніндегі  түсінігім дореволюционный ғой», – дейтін. Мал-мүлікке құмартпай, өмір бойы жинаған, мазмұны бай, тағылымы терең кітаптарының ортасында өмір сүрді. Жалыққанда солармен тілдесті, жабыққанда солармен сырласты. Жалпақ жұрттың жайылған құшағынан босаған сәтте соларға асықты. Күллі әлемнің қасіретін жан дүниесіне ұялатып, қасиетін қалың елге танытты. Көргені мен білгені көп Қабдоловпен бірге талай қазына кетті. Оның ішкі әлемі жұмбақ күйінде қалды. Әйтпесе, атам заманнан бері бір-біріне тіс батыруды теріс көрмейтін біздің ұлттың кереғар қылықтарын ол аңғармады ғой дейсіз бе?! Елді зобалаңға ұшыратқан жаралы жылдардағы осалдық пен озбырлықты, астамшылық пен ақылсыздықты, қателік пен қатігездікті, сабырсыздық пен сатқындықты ол білмеді ғой дейсіз бе?! Азуы кере қарыс айбынды ағалардың аяқ астынан пенделікке бой алдырып, таудай тұлғасы төбедей төмендегенін ол байқамады ғой дейсіз бе?! Жазығың болса да, болмаса да, саған сілтеніп, ту сыртыңнан қанжардай боп қадалатын қазақтың дәстүрлі қаңқу сөздерін ол естімеді ғой дейсіз бе?! Үнемі қалың ел алдында жасындай жарқылдап, күндей күліп, жан-жағына шуақ шашып жүретін қыран тектес Қабдолов осы қалпынан арылмай, қамсыз-қайғысыз күй кешеді ғой дейсіз бе?!

Жоқ, аңғарды, білді, байқады, естіді… Тек соның бәрін алдымен көкірегінде қорытты, елге іріткі салғаннан басқа пайдасы жоқ қолайсыз нәрселерді жадынан өшіріп тастап отырды. Бәлкім, өшірмеген де болар, ішкі әлемінің бір қалтарысында қалдырған шығар.

Ол онсыз да бірлігінің кемістігі бар азғантай ғана қазақтың құлағын қимылдатып, тілін түртіп, санасын сарсаңға салатын қоқыр-соқырды ортаға тастаудың әзірге қажетсіздігін жақсы түсінді. Кейде жаманнан жиренуден гөрі үйренуге бейім тұратынымыз бар ғой. Ал енді жазуы… Бір академик ағам айты: «Зекеңнің жазу шеберлігін дұшпанының өзі мойындар еді». Бірақ сол «дұшпан» деген ұғым Зекеңнің сөз қолданысында болды ма екен?!

Ол бірде естеліктерінде өзін іліп-шалған қадірлі ағаларымыздың біріне мерейтойымен құттықтап, жеделхат жазып жатты. Енді біріне дастархан үстінде өзіне тиесілі басты ұсынды. Бас ұсынды!..

Сөйтіп, таспен ұрғанды баспен ұрды… Біз осыны көрдік. Қалың елді қайран қалдыратын Қабдолов қағидасы сонысымен де қымбат!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button