Руханият

Қабырғалы қаламгер еді

1 қараша күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Ақсейіттің «Сапар Байжановтың публицистикасы» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітап тұсаукесерінде қаламгердің жары Күләш Бейсенбиева, жазушының көзін көрген, қызметтес болған әріптестері Сайраш Әбішқызы, Сауытбек Абдрахманов, Айгүл Кемелбаева, «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, бір топ ұстаздар мен студенттер қатысты.

– Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, дара жол салған Сапар Байжановтың шығармашылығына арналған кітап жас журналистерге қызмет ететін болады. Сапар ағаның ғұмыры жүз жылға созылса, кітаптың ғұмыры жүздеген жылдар жасайды, – деп факультет деканы жиын шымылдығын ашып берді.

Жиын барысында Сапар Байжановтың жары Күләш Бейсенбиева көсемсөз шеберінің адамгершілік қасиеті мен рухани болмысын ерекше ілтипатпен әңгімеледі.

«Шығыстың ұлы ойшылы Сағди айтпақшы, бұл дүниеде адамға берілетін ең үлкен марапат – мейірімділік, қайы­рымдылық, артынан өшпес із қалдыру. Бұл сөз Сапар үшін айтылғандай.

Бүгінде Сапардың үлкенді-кішілі 22 кітабы қалды. Оның жолын ары қарай жалғас­тыруды өз қолыма алдым» деді К.Бейсенбиева.

Бұқара жазушының журналистикаға тың тыныс әкелгенін жарыса айтты. Солардың бірі – Мәжіліс депутаты, Сапар Байжановтың шәкірті Сауытбек Абдрахманов.

«Журналистиканы өнер деңгейіне көтерген тұлғалардың бірі – Сапар Байжанов. «Социалистік Қазақстанда» он жылдай еңбек еткен Сапекеңнің айтқан өнегелері көп. Бірде маған көлемді мақала жазуға тапсырма берген еді. Ертесіне мен жазып бардым. Бірақ ол кісі мен саған ертеңге дейін бітір дедім бе деп сұрамасы бар ма. Сондағы айтқаны – жұмысты азапқа айналдырмау. Яғни, жұмысты жөнімен істеп, одан азап жасамау керек.  Бұл сөзі маған үлкен сабақ болды» деп еске алды ол.

Ғалымның замандасы Сайраш Әбішқызы, жазушы Айгүл Кемелбаева Сапар Байжанов­тың қабырғалы қаламгер ғана емес, адамгершілігі мол қайраткерлігін, жастарға қамқорлығын сөз етті.

Бұдан соң салтанатты түрде кітаптың лентасы қиылып, іс-шараға қатысқан студенттер өнерін ортаға салды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button