Қадірі бөлек қоғам сақшысы
Полиция – қашанда халықтың қалқаны. Сонымен қатар олар – қоғамдағы тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең маңызды құрылымдардың бірі. Оның қызметі, міндеттері мен жауапкершілігі халықтың тыныштығын сақтау және заңды қорғау тұрғысынан маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде сақшылар әр күні қиын және қауіпті жағдайларда жұмыс істейді, адамдардың құқықтарын қорғап, заңды бұзушыларға қарсы күреседі.
Міне, сондай халық үшін қажырлы еңбек етіп жүрген ҚР ІІМ-нің Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасының взвод командирі, полиция майоры Досжан Молдахметов.
Қызылорда облысы Шиелі ауданы Досбол би ауылында дүниеге келген. Әкесі Айдархан Молдахметов мал шаруашылығымен айналысса, анасы Ақкенже Әбдіраманова мектепте тәлімгер болып қызмет атқарған ол өзі қарапайым отбасында дүниеге келгендіктен бірінші кезекте елдің батасын алу, екіншіден, өзінің ата-анасы сияқты қарапайым тұрғындарға қызмет етуді адамдық және азаматтық борышы» деп санайтындығын айтады.
– Мен бала күнімнен тәртіп сақшысы болуды армандадым. Тіпті достарыммен ойнайтын болсам да ұрыларды ұстап, қылмыскерлерді жазалап ойнайтынмын. Қазір міне, сол арманыма жетіп, халықтың қауіпсіздігін қорғау жолында күш-жігерімді сарқа жұмсап жатырмын. Шын мәнінде полиция болу – тек қана қылмысты ашып, заңды бұзушыларды жазалайтын адам емес. Ол – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі, – дейді ол.
Жалпы бұл қызмет міндеттері мен жауапкершілігі көп аспектілерді қамтиды. Өйткені қоғамдық тәртіп пен заңды қорғау үшін полиция қызметкерлері тәуекелге барып, батыл қадамдар жасайды. Міне, сондай қадамдарының бірін еске алған Досжан Айдарханұлы бізбен әңгімелесу барысында өзінің басынан өткен бір оқиғаны баяндап берді.
– Қарашаның жиырма сегізі күні кешкі сағат 22:15 уақыт шамасында қызметтен өзімнің тұрғылықты жерім, яғни Қ.Сәтбаев көшесінде орналасқан ЖК «Караван 2» мекенжайындағы үйімнің 3-кіреберісіне кіргенімде жас баланың жылаған дауысы шықты. Ол айқайлаған сол сәтте лифт істемей, ішінде біреу қалып қойған болар деп жүгіріп барып лифтіні қарасам, ішінде адам жоқ, бірақ лифтінің қасындағы баспалдаққа қарағанымда бір адам екінші біреуді тұншықтырып жатқанын байқап «Кім бұл? Не болып жатыр?» деп айқайладым. Сол сәтте ол баланы жіберді, қорыққаннан дірілдеп қалған бала оның қарымды саусақтарынан сытылып шығып маған қарай жүгірді. Ал ана жасы 45-50 шамасындағы ер адам болса үстіңгі қабат жаққа қашып кетті. Мен сол уақытта баланың жағдайын біліп сұрадым да, оның аса қатты жанына зақым келмегенін байқап, оны тыныштандырдым, жаңағы қылмыскердің соңына түсіп, оның қайда кеткенін көріп, бағытын бағдарлап алдым да өзім құтқарған баладан оқиға қалай болғанын, оны танитын танымайтынын сұрағанымда, бала маған оны танымайтынын, күш қолданып, лифтіден түсіріп алып ұрып-соққанын, мойнынан қылғындырып жатқанда менің келіп қалғанымды айтты.
Сол сәтте мен бірден баланың ата-анасының телефон нөмірін алып хабарласып болған жайтты айтып, тез келулерін өтіндім. Ата-анасы жақын жерде екенін айтып дереу келді. Одан кейін 102 желісіне хабарласып болған оқиғаны айтып, келулерін сұрадық. Олар келгеннен кейін күдіктіні ұстады. Сол сәтте оның бойынан спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрды. Әрі ол полиция қызметкеріне бағынбай, түрлі амал-айла істетті. Алайда оны полиция қызметкерлері қызметтік көлікке салып алып кетті. Міне, осылайша бір баланың өмірін құтқарып қалғаным бар, – деп еске алды Досжан Молдахметов.
Шындығында полициялардың жұмысын оң бағалаған кезде біз олардың күнделікті қызметінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Әрі Досжан сияқты батыр да батыл сақшылардың еңбегін бағалау арқылы халық пен билік арасындағы алтын көпірдің аясын кеңейте түсеріміз анық.
Ал біздің кейіпкеріміз алдағы арманы халықтың сенімінен шығып, генерал дәрежесіне дейін көтеріліп, ІІМ-нің өзінде қызмет атқару екендігін де жасырмады. Біз оның нағыз елінің патриоты екендігін істеген ісі мен сөзінен байқауға болатын сақшы екендігіне көзіміз жетіп ризашылығымызды білдіріп, оның алдағы қызметтік жолына сәттілік тіледік.
Шапағат ӘБДІР