Жаңалықтар

ҚАДІРІ БӨЛЕК ҚАЛАМГЕР

Журналистиканың мәртебелі мамандыққа айналуына мұрындық бола білген Алаштың аптал азаматы, классик жазушымыз Шерхан Мұртаза туралы «Менің Шерағам» деген тақырыппен эсселер жарық көре бастағанда елең ете қалғанбыз. Автордың жазу стилі мен сөз саптауына қарап, қаражаяу емес, керісінше, әдебиет әлемінде өзіндік үні мен қолтаңбасы бар қаламгерлер қатарынан екенін іштей сезінгенбіз. Үлкен ағасын ұлықтаған кіші ағамызды көруге құмартқанымыз да рас еді.

 Кейін Мырзатай Жолдасбеков ағамыз басқаратын Президенттік мәдениет орталығында өткен бір жиында соның сәті түсе кеткені. Шерағаның қасынан сырт болмысы бөлекше азаматты аңдап, оның ағасына деген құрметі бойына сыймай, ізеттілік таныта беруі бізді де ойға қалдырды. Мамамыздың нағашы апамызға «мама» дегенін алғаш естігендегідей, осы бір ақжарқын ағаның өзінен үлкендеу ағаға «сіз» деп сызылып, құрметтеп, иіліп тұрғанын көргенде еріксіз сүйсіндік. Үлкен тұлғаны үлгі тұту, жақсыға еліктеу жастар үшін жат мінезге айналып бара жатқан мына заманда парасаты биік адам ғана кісіні кісілігіне қарап бағалайтынын түйсіндік. Бұған кейінірек «Шерағамның шеруі» деген атпен жарық көрген роман-ээссесіндегі «Үлкен кісі үлесі» деп аталған үзік әңгімесін оқығанда анық көз жеткізгендей болдық.

«Сол жолы бірге бола алмай қалған үлкен кісінің «аты кім еді?» деп мен де сұраған емеспін, Шерағам да айтқан емес. Әйтсе де, кейін Алматыға келген соң маған орталықтан ойып тұрып төрт бөлмелі үй алып берерде Шерағам «сол үлкен кісінің де үлесі бар» деп құлаққағыс еткен еді. «Ол кім еді?» деп ол жолы да сұраған жоқпын. Себебі, маған Шерағамнан өткен үлкен адам жоқ сияқты боп көрінеді де тұрады», – дейді автор…

* * *

Біз әңгіме етіп отырған қаламгер, тұлға туралы жазып жүрген тұлға, бұл – «Егемен Қазақстан» газетінде жанын жалдап, тапжылмай 36 жыл қызмет істеген журналист, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Дүйсенбек.

Аздап өмір жолына тоқталсақ: 1942 жылдың 24 мамырында қазіргі Тараз қаласының жанындағы «Жас өркен» ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Үшінші курста жүргенінде әскери борышын өтеуге шақырылады. Сөйтіп, 1964–1967 жылдар аралығында әскер қатарында болып, әуе десантында қызмет етеді. Бірнеше рет парашютпен секірген Морзені бес саусақтай меңгерген бірінші сыныпты радиотелеграфист. Елге оралған соң, қайтадан оқуын жалғастырған болашақ жазушы университетті 1969 жылы бітіріп, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне қызметке тұрады.

Әуелгіде-ақ Әділ Дүйсенбек газет редакциясына жазушы болсам деп келген. Басылымда қызмет ете жүріп, сол арманын жүзеге асыруға барынша күш салады.Сөйтіп, қолы қалт ете қалғанда көркем дүниелер жазумен де шұғылдана бастайды.

Асқар Сүлейменов «Арыстың суынан акула іздеп жүресің» дейтін жазушы Дулат Исабеков – жан досы. Бүгінде Әділдің мерейін тасытып отырған екі қызы – Жазира мен Елігайдың есімін осы Дулат досы қойса, Дулаттың егіз қызы – Айман мен Шолпанға ат қойған – Әділ ағамыз.

Студент кезінен бір жатақханада тұрып, ылғи да ой бөлісіп, пікір алысып жүретін жазушы досының әлемі, әрине, бұған да жат емес еді. Қаламдас серігінен Дулат та сыр жасырмаған. Қысқасы, бүкіл саналы жылдарын журналистикаға арнаса да, жазушылықтан қол үзбеуіне Дулат досының да ықпалы көп болған көрінеді.

Газеттегі жұмыс көп жағдайда өзге біреулердің атынан мақала дайындап, хат қорытудан басқаға мойын бұрғыза бермейтіні мәлім. Әйтсе де, Әділ ағамыз түн ұйқысын төрт бөле жүріп, бауыр еті – баласын аялағандай, әдебиет әлеміне бойлайды. Өзінің көркем шығармаларын жазумен болады. Жазған-сызғанын бәйгеге салып, әдеби конкурстарға да қатысады. Оның қаламынан туған дүниелер бірқатар ұжымдық жинақтарға енген. «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ» сынды кітаптары жарық көрген.

Талай жыл табан аудармай газет редакциясында еңбек еткендіктен, бертінде ғана өз ауылы – жазушылыққа бет бұра бастаған қаламгер досы туралы Дулат Исабеков бертінде «Шыдамды алма күзде піседі» атты мақала жазған. Онда автор: «Әзірге жарық көріп, оқушы көңілінен шыққан әңгіме, хикаяттарын ой таразысына салып қарағанда, Әділдің жазғанынан жазбағаны көп екенін аңғарасың», – деп баға беріпті. Оған толық қосылуға болады.

* * *

Кейде адам бойында тілмен айтып жеткізгісіз сезімдер болады. Әу баста жұмырбасты пенденің қолына қалам алғызған да сондай құдірет пе дерсің. Жазушы Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» роман-эссесін оқығанда ең алдымен осындай ойға келесің.

Бұл кітап жалпы алғанда қаламгердің тұлғаға шәкірт көзімен қарағандағы құрметінен туған сияқты. Ал, екінші жағынан алып қарасақ, жазушының жазушыны ұлықтауы сияқты болып көрінуі де мүмкін. Несі бар, Шерағаға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды емес пе? Оны автор сәтті орындай білген. Көңілі жас баладайын жанының тазалығы әр сөйлемінен аңғарылып тұрады. Кітапты оқығанда кей тұстарында еріксіз жымиясың. Кейде намысың қайралып, рух тұлпарына мінесің. Ендігі бір тұстары терең ойға батырады. Ойға қалдыратыны, шығарма ішінде өрбіген диалогтар ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақ тәрізді. Сұрақ-жауап түріндегі әңгімелері даналық дәрістері дерлік. Мұнда ел, жер туралы танымдық мағлұмат та мол. Қазақтың дүниетанымы, ұлттың психологиясы тұрғысында қалтарысты тұстар қопарылып, ашылғандай да болады. Ең бастысы, осы бір мөлдіреп тұрған көркем шығарма адам қанша қайраткерлік танытып, қайнаған қоғамның қақ ортасында жүрсе де, оған Құдай жанын таза сақтап қаларлық қауқар беретінін дәлелдеп тұрған секілді.

Айтпақшы, әңгімеміздің басында біз жазушы Әділ Дүйсенбектің ұзын бойлы, келісті келген кісі екенін айттық. Сол бойындағы күш-қайратты байқағандықтан да болар, кітап кейіпкеріне айналған тұлға – Шерхан Мұртаза ағамыз қаламгерді «Архари» деп атайды екен. Өзінен он жас кіші болса да дос та, сырлас та, шәкірт те, бауыр да бола білген кіші жазушыға үлкен жазушының ара-тұра «Арқари, Арқарым менің» деп мейірлене тіл қатуын біз ерекше сыйластықтан туған еркелету деп білдік.

Сірә, бұлайша кейіпкерінің  құрметіне бөлену – екінің біріне бұйыра бермеген бақыт. Олай дейтініміз, бүгінге дейін «Менің Әуезовым», «Менің Абайым», «Менің Жамбылым» секілді дүниелер жазылған болса да, көзі тірі тұлға туралы роман жазып, оны жариялау – тек Әділ Дүйсенбектің ғана қолынан келген шаруа.

«Мұхтарды Мұхтар еткен – Абай» демекші, кітапта баяндалғандай, бұқара халықтың қажырлы қайраткеріне, қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналған Шерхан туралы жазуға құмартушы аз болмаса керек. Алайда, кейіпкер бейнесі көркемтілді штрихтармен шебер суреттелген мұндай романды жазып шығу – Әділ Дүйсенбектің ғана маңдайына жазылыпты. Мұндағы ең басты құндылық – шындық. Бұған ақиқаттың ақтаңгері атанған Шерағаның өзі куә.

Айтпақшы, қаламгердің  осы бір орны бөлек туындыны жазуды қалай қолға алғаны да қызық. Әуелгіде бірі – басшы, бірі – қосшы болып, бір редакцияда қызмет еткен екеуі жұмыс бабымен Жамбыл облысына іссапарға барыпты. Жанындағы журналисінің қырағылығы, сезімталдығы, шыншылдығы мен адалдығы сүйсіндірсе керек, редактор келе-келе оны жанынан тастамайтын болыпты. Іссапарға шықса, ертіп алады. Елге танымал тұлғаның қасында жүрген соң журналист, әрине, оның қыр-сырын да біле бастайды. Ешкімге ұқсамайтын сөйлеу мәнері бар, елден бөлекше  өр мінезді тұлғамен қатар жүріп, талай қызық оқиғаларға куә болады. Кәсібі қалыптастырған дағды болса керек, әуелгіде Шерхан Мұртазаның аузынан шыққан тәмсіл сөздер мен қызықты жәйттарды түртіп ала жүрген. «Бертін келе ағама өзі туралы кітап жазғым келетінін айтқанымда, Шерағам:«Қайтесің, оны, Архари!» деп, онша қолдай қоймады», – дейді қаламгердің өзі бұл туралы. Әйтсе де, Әділ ағаның осы тақырыпқа қызығуы басыла қоймайды. Сөйтіп, түрлі эсселер жазып, үзінділерін баспасөзде жариялай бастайды. Қаламдас інісінің беталысын байқағаннан кейін ғана Шерхан Мұртаза келіскендей, үндемейтін болған көрінеді.

* * *

Біз әңгіме етіп отырған кітапты жазу идеясы «Егемен Қазақстан» атты қарашаңырақта туған. Бір жылдары басшы болып келіп, кейінгі жылдарда намыс көрмей, қарапайым тілшілер қатарында қызмет еткен (бұл да кітапта сәтті суреттелген) Шерхан Мұртазамен Әділ Дүйсенбек екі мәрте қызметтес болған. Бірақ, қандай жағдайда болса да, ағалы-інілі жандардың бір-біріне деген көңілдері сол қалпында қалған. Шерағаң үлкенмін деп шалқаймаған, Әділ ағамыз өз ағасы алдындағы кішілік кісілігінен ажырамаған.

Сол кісілігі шығар, автордыі отыз алты жыл бір орында табан аудармай еңбек етуі. Әйтпесе, кейін біздің сұрап-білгеніміздей, кезінде Әділ Дүйсенбекке түрлі деңгейдегі жоғары лауазымды қызметтерге шақыртулар болған. Әйтсе де, «қызметкермін десең, «ЦК-да» істе, журналистпін десең, «СҚ-да» істе» дейтін заманда, шенеунік болғаннан гөрі, еңбегі адал журналист болып «СҚ»-да қалуды ол өзіне мәртебе санаған. Осылайша, 1969 жылы есігін ашқан «Егемен Қазақстанда» Әділ Дүйсенбек өзі зейнеткерлік жасына толатын 2005 жылға дейін қызмет істеді. «Қарашаңырақ» атты кітабының басындағы автор сөзінде «әке орнына – әке, шеше орнына шешедей болды» деп, осы газетті өзінің ыстық ұясына балайтыны түсінікті.

Расында да, Әділ Дүйсенбектің еңбек кітапшасында осы бір ғана мекеменің аты жазылған. Шерхан Мұртазаның: «Саған «СҚ» ескерткіш қоюы керек» дейтіні де сондықтан болса керек.

* * *

Жазушы Әділ Дүйсенбек – қадірі бөлек қаламгер. Оның «Қарашаңырақ», «Тергеу әлі біткен жоқ» деген шығармалары әр жылдарда Жазушылар одағының ішінара байқауларында жүлделі орындар иеленді.

Бүгінгі таңда өзі қызмет еткен қарашаңырақ – «Егемен Қазақстан» газетінде қолтаңбасы қалған қазақтың аяулы тұлғалары туралы жазып жүрген қаламгер қазір де өзіне артылған жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді. Оның сыртында бастапқыда «Менің Шерағам» деген эссе түрінде жарық көріп, бертінде «Шерағамның шеруі» деген атпен роман болып толықтырылған шығармасы әлі де жетілдірілу үстінде. Бұл орайда, новеллалар түрінде басталып, деректі романға айналған, шындықтан өрілген көркем туынды жазушы-кейіпкермен бірге жасап, кемелдену үстінде деуге болады.

* * *

Талай журналистің қаламын ұштап, атын баптап, аламанға қосқан Шерхан Мұртазаны терең танып, біле түскісі келгендер бүгін, әрине, Әділ ағамыздың кітабын іздейді. Бірақ, оны оқығандардың Шерағадан да жаңа туынды күтетіні даусыз. Ол күттірген нәрсе – үлкен жазушының өзінің қаламдас інісі туралы толғанысы. Бұлай дейтініміз, романда баяндалғандай, Шераға інісі туралы болашақта жазам деп, оқырманды емексітіп қойған. Тіпті, Әділ інісімен бірге өткізген күндері туралы болашақтағы жазбасына «Қордай кештері», «Арыс арулары», «Шардара шағалалары» деген сықылды тақырып қоятынын да айтып салған екен…

Кім біледі, ондай дүниелерді де оқып қалуымыз бек мүмкін.

* * *

Кезінде замандастарының көпшілігі балаларының болашақта шен-шекпенді болуын көздеп, орыс мектептерінде оқытып жатса да, Әділ ағамыз сүйікті жары – Дариға жеңгемізбен бірге ұлт мүддесін аттамауға бел байлаған. Алматыда тұрған кездерінде үлкен ұлы Айдар мен қыздары Елігай, Жазираны ойланбастан қазақ мектебінің табалдырығын аттатыпты. Бүгін де сол ұл-қыздарынан тараған немере-жиендерін де қазақша оқытып жатыр. Ең үлкен немересі Айбар – Англияда. Университетке биыл түсті. Осылайша, балалары өз ана тілінде білім алып-ақ маңдайы жарқырап, биіктерден көрініп келеді.

Ағамыздың бойында журналистика айдынында жүзіп жүргендер үшін үлгі боларлық ерекше қасиет бар. Ол – азаматтық ұстанымға беріктік, адалдық, сосын кішіпейілділік пен сыпайылық.

«Шерағамның шеруіндегі»:

«Маған не жорық міндетсіп. Шерағам кім, мен кім? Екеуміздің арамыз жер мен көктей емес пе? Ол кісі халық жазушысы, мемлекет қайраткері, ел сыйлығының иегері. Ал, мен қатардағы журналистердің бірімін, жарайды, жазушы деген атағым бар шығар, бірақ жазғандарым ағамның кітаптарының ширегіне де тұрмайды ғой. Неменеге шіренем. Қайта ағам қораш көрмей, жанына ертіп жүргеніне қуанбаймын ба?» – деген жолдардың өзі қаламгердің өзі құрмет тұтқан тұлға алдында иіліп, ізет көрсетуге ешқашан да арланбайтынын көрсетеді. Бұл – үлкен кісіліктен туған кішілік.

* * *

«Менің Шерағамның» авторы, міне, осындай тұлға екен.

Қызығы, жазушы жазушы туралы жазып келеді. Алдыңғы буын ағаларының арасынан өзіне рухани жақын тұтса керек, тұлғаның болмысын шығармасына тақырып етіп алды. Ал бүгін осы қаламгердің өзі 70-ке толып отыр. Журналистикадағы кейінгі толқын – біздер енді жазушы туралы жазған жазушы жайында қалам тербеп отырмыз. Рухани сабақтастық, сірә, осылай болатын шығар…

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button