Басты ақпарат

Қаһарман қазақ қыздары

Қазақ қыздары ешқашан отбасы, ошақ қасында қалып, етекбасты болмаған. Ел басына күн туғанда ер-азаматтармен бірге қару алып, туған жерін қорғаған арулардың есімдері ел есінде. Көне дәуірдегі Тұмар ханшайымнан бері тартып ат тұяғы дүбірлеген жаугершілік заманда найза ұстап, қылыш сілтеген Айбике, Гаухар, Назым, Бопай, Ботакөз батырлар туралы тарихи деректер баршылық.

[smartslider3 slider=2335]

Кешегі Ұлы Отан соғысындағы қазақ қыздарының ерліктері – өз алдына бір төбе. Өкінішке қарай, біз әлі күнге Әлия мен Мәншүктен, сосын кештеу болса да мойындалған Хиуаз Доспановадан әрі аса алмай жүрміз. Олардан басқа да қаншама қазақ қыздарының алғы шепте, тіпті жау тылында жанқиярлықпен шайқасқанына тарихи құжаттар дәлел. Бүгінгі әңгіме солар туралы, сондай-ақ сол апаларының ерлік дәстүрін алға жалғастырып жүрген қазіргі қазақ қыздары жайлы болмақ.

Тағдыры беймәлім танкшілер

Бұдан әрі қарай ҚР Қарулы Күштері Мемлекеттік мұражайындағы тарихи деректер сөйлесін. Дәстүрлі дәрігер, байланысшы  мамандықтарын былай қойғанда қазақ қыздары Ұлы Отан соғысында зенитші де, ұшқыш та, партизан да болған екен.

Танкінің құлағында ойнап, жауға Литва жерінде тойтарыс беріп жүрген қаракөз арулар туралы мақала «Советтік Қарағанды» газетіне 1944 жылдың 22 тамызында шығыпты. «Танкші қазақ қыздарының» авторы сержант Топатай Жүнісов. Мекенжайын дала поштасы 28054 деп көрсеткен. Демек мұны әскери бөлімнің нөмірі деп болжауға болады.

Мақалада әскери тілші былай деп жазады: «Ұлы Отан үшін ұрыстарда қазақ қыздары да мәңгі өшпес даңққа бөленуде. Олар өздерінің жастарына қарамастан соғыс техникасын меңгеріп танкші, ұшқыш, атқыш және даңқты барлаушы болып алды. Солардың бірі – кеудесінде «Батырлығы үшін» медалі жарқыраған командир, кіші сержант Жамал Байтасова. Жамалды біздің бөлімшенің жауынгерлері тегіс біледі. Сөзге шешен, іске шебер Жамал зұлым жауға қарсы ұрыстарда ерліктің, табандылықтың және қажырлылықтың үлгілерін көрсетуде». Кіші сержант Ж.Байтасова танк командирі болса керек. Мақалада бұдан бөлек танкші Күлжамила Талқанбаева мен радист Жәмила Бейсенбаеваның есімдері аталады.

[smartslider3 slider=2339]

Ал Күлкен Тоқбергенова автордың сипаттауынша барлаушы болғанға ұқсайды. Себебі ол «Орта бойлы, күлімкөз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын, «тіл» әкелетін барлаушы болды. Барлау жұмыстарында командованиенің тапсырмасын батырлықпен орындағаны  үшін үш мәрте наградталған» деп жазады.

Бұл мақала отыз жыл өткен соң майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың көзіне түседі. Сөйтіп 1974 жылы жазушы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қайда екен, қайда сол ару қыздар?» деп мақала жазып, іздеу салады. «Сонда бұл қыздар кімдер? Осынау батыр қыздардың соңғы тағдырынан хабарсызбыз. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында осынау бір ержүрек қыздар есімін білетін жандар табылып қалар деген үмітпен «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы іздеу салып отырмыз. Сол себепті осы мақалада аттары аталған жауынгер қыздардың өздері, не оларды білетін адамдар табылып жатса  «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына хабарласуын сұраймыз»  дейді жазушы.

[smartslider3 slider=2340]

Өкініштісі, олардың әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Тым болмаса туған-туыстары табылды ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім. Қалмұқан Исабаев ағамыз да қазір арамызда жоқ…

Зеңгір көкке көз тіккен зенитшілер

Акима Ақжолова  соғыста зенитшілер расчетінің командирі болған. Қан майданда талай шайқастарды бастан кешіріп, жаудан Ленинградты қорғауға қатысады.  Акима алдымен Қиыр Шығысқа түсіп, сонда авиация саласындағы моторист мамандығын меңгерген екен. 1942-1944 жылдар аралығында әртүрлі жауынгерлік тапсырмаларды орындап, Акима өзінің батылдығымен, шыдамдылығымен ерекше көзге түседі.

А.Ақжолова зенитшілер расчетінің командирі міндетіне кіріскенде қарамағындағы он бір жауынгер түгел ер адамдар болатын. Соларға бұйрық беріп, басқаруға тура келді. Үлкенді сыйлап, әсіресе ер-азаматтың басын жоғары қойып үйренген қазақ қызына бұл оңай болған жоқ. Әйтсе де, ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді.

Түні бойы қуатты прожекторлардың жарығы Ленинград аспанын әрлі-берлі айқыштап, тілгілеп тұр. Тіміскілеген жау ұшақтарының гүрілін ести сала Акима бұйрық береді: «Расчет! Ұрысқа дайындал! Бағыт – 24, нысана- …». Прожектордың жарығына ілігіп қалған ұшақтар кейде бомбаларын бей-берекет тастай салып, бас сауғалай жөнеледі.

Акима 110-ші жеке зениттік-­артиллериялық бригадасындағы расчет командирі  болған жалғыз қыз бала екен. Бұл туралы бригада басшылығы қазақ қызын марапатқа ұсынғанда астын сызып жазыпты. Сол құжатта оның жеке өзі артиллерия мамандығы бойынша 21 жауынгерді дайындап шығарғаны да айтылады.  «Акима Ақжолова мінсіз әскери қызметі үшін үшін 9 мәрте марапатқа ие болған» дейді тарихи дерек.  Оның ішінде «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Әуе қорғанысы әскерінің үздігі» атағы да бар.

Зинаида Берниязова 1942 жылдың қарашасында 17 жасында екі айлық әскери дайындықтан өткен соң өз еркімен майданға аттанады. Белоруссиядағы әуе атқыштар дивизиясына бара жатқан жолда бұлардың эшелоны фашистердің бомбалау­шы ұшақтарының шабуылына ұшырайды. Ұрыс қимылдарына әлі қатысып үлгермеген Зинаиданың жадында осы қанды қырғын мәңгі жатталып қалыпты. Майданға араласып, өз ісін жете меңгерген соң шешуші шайқастардың бірінде ол жауынгерлік құрбыларымен бірге жаудың бес бірдей «Ю-88» маркалы ұшағын атып түсіреді. Осы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталады. Кейін Украинаны, Польшаны азат етуге қатысып елге аман-есен оралады. Соғыс­тан соң ол дәрігер мамандығын таңдап,  «Денсаулық сақтау үздігі» атанады.

Ажар Оразғалиева  сегізінші сыныпты бітірген жылы соғыс басталады. Үйінің үлкені болатын. Он сегізге толар-толмастан майданға аттанады. Жүрер алдында тобығына жететін ұзын бұрымын түбінен кесіп, анасына аманат етіп табыстайды. Анасы ол бұрымын өзі елге жеңіспен оралғанша көзінің қарашығындай сақтапты. Алдымен Сталинград түбінде 416-шы    артиллериялық дивизионда зенитші мамандығына оқытады.

Кейін екінші дүниежүзілік соғысы тарихында қанмен жазылған әйгілі Курск шайқасына қатысады. А.Оразғалиеваның өзі соғыстан соң былайша еске алады: «Майданда қиын болды. Жан-жақтың бәрі ұйық, батпақ. Күндіз-түні бомбалау бір толастамайды. Зениттік қондырғыда әдетте алты адам болады. Бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмір жау ұшағының координаттарын аспаптар арқылы есептейді, бесінші оқтайды, алтыншы адам атады. Бәрі бір-бірінің міндеттерін жатқа білу керек, опат болған жағдайда орнын алмастыру үшін. Ұйықтау, жуыну деген арман. Тамақты аспаздар шайқас жүріп жатқан жерге әкеледі. Курск иінінде болған бір айда бетіміз бен қолымызды түгел күс басып кетті. Бір айдан соң Курскіні азат еттік».

Жау тылындағы жаужүректер                     

Партизан десе біздің есімізге партизан жасақтарын басқарған Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Жұмағали Саин сияқты даңқты тұлғалар түседі. Алайда жау тылында ұрыс қимылдарына қатысқан жаужүрек қазақ қыз­дары туралы не білеміз?

Соның бірі Майра Мақатова 1922 жылы Тайпақ ауданы Сайқұдық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың сәуірінде  Мәскеу радиомамандар мектебіне оқуға жіберіледі. Аталған мамандықты меңгеріп шыққасын сол жылы  күзде Карель майданына партизан қозғалысының орталық штабына екінші класты радио операторы ретінде аттанады. «Қиын болды, – дейді өз естелігінде майдангер, – өйт­кені мен орыс тілінде нашар сөйлейтінмін. Бірақ бір жыл ішінде біршама төселіп қалдым. Партизан жасағымен үнемі байланыс ұстап отыру керек болды. Мәтіндер шифрланған, хабар тарататын радиостанциялар көп, соның ішінен өз жасағыңның радиооператорын жазбай тануың қажет. Өйткені қаншама адамның өмірі мен жауынгерлік қимылдың нәтижесі қабылдаған хабардың дәлдігіне байланысты еді».  Майра Мақатова соғыстың аяғына дейін сол партизан жасағында болады.

Бұдан бөлек, Бақтылы ­Боранбаева өзінің «Партизан отрядының байланысшысы қазақ қызы – Нұрғаным Байсеитова» атты ғылыми мақаласында оның Карель майданында «эфирдің сұр мергені» атанған қазақ қызы Майра Мақатовамен бірге оқығанын жазады. Сондай-ақ сол Мәскеу радиомамандар мектебінде басқа да Роза Әбдірахманова, Халима Бекеева, Замиха Науышева секілді қазақ қыздарының да оқығанын айтады.

Партизандық қозғалыстың тарихында Жамал Ақәділованың есімі ерекше деуге болады. Ол жау тылында бүкіл отбасымен – күйеуі және кішкентай қызымен бірге соғысқан. Жолдасы Ақәділов Жылбек әскери училищеден кейін Кеңестер Одағының батыс шекарасында қызмет атқарады. Ол елге еңбек демалысқа келгенде  Жамалды да өзімен бірге әскери бөлімге ала кетеді. Сол уақытта соғыс басталады. Застава командирі Жылбек Жамалды басқа әскери қызметшілердің әйелдерімен бірге тылға жібереді. Алайда олардың  эшелоны жолшыбай бомбалаушы ұшақтардың шабуылына ұшырап, тас-талқан болады.  Тірі қалған аз ғана адамдардың арасында Жамал да бар еді. Бұл кезде шекарашылар да кері шегініп, орманда бой тасалаған болатын. Сол орманда олар аман қалған Жамалдармен кездеседі. Жылбек бастаған шекарашылар кейін партизан жасағына қосылып, ол 1944 жылға дейін рота командирі болып шайқасады. Кейін Мая есімді нәресте дүниеге келеді. Бұл туралы Әди Шәріпов «Партизан қызы» кітабын жазып, кейін соның желісі бойынша фильм де түсірілді.

Аспанға ғашық арулар

Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз ­Доспанова да жалғыз емес. Ізіне ерген сіңлілері баршылық. Соның бірі – Дәмелі Жакеева Ақмола қаласының тумасы. Сегіз жылдық мектепті бітірген соң өз еркімен майданға сұранады. Саратов авиаучилищесін тәмамдаған Дәмелі 944-ші авиаполк сапында соғысқа кіріседі.

«1942 жылды тамызынан соғыс аяқталғанға дейін авиациялық қару-жарақтың шебері, гвардия кіші сержанты Дәмелі Жакеева 360 жауынгерлік ұшуды жүзеге асырып, соның 275-ін Ил-2 ұшағында орындады. 1943 жылдың 16 шілдесінде ұшағын кезекті ұшуға дайындап жатқанда, аэродромға жаудың жойғыш ұшақтары шабуыл жасайды. Шабуыл барысында ол оң қолынан жарақат алып, саусақтарынан айырылды. Соған қарамастан, Д.Жакеева әскери сапқа қайта оралып, күніне 8-9 ұшуды қамтамасыз етіп, жеңіске деген өз үлесін әуеде де, жерде де қоса білді». (1945 жылғы марапат парағынан). Дәмелі Жакеева майданнан оралғасын 1948 жылы үш соғыстың ардагері (фин, Ұлы Отан және жапон) Апетей Ахметбековке тұрмысқа шығып, үш баланы тәрбиелеп өсіреді.

Хиуаз бен Дәмелі апаларының ерлік жолын тәуелсіздік тұсында қазақ қыздардың ішінен шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, аға лейтенант Ардана Ботай әрі қарай жалғастыруда. Ол туралы келесі  бөлімде кеңірек сөз болады.

 Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button