Басты ақпаратЖаңалықтарТағзым

ҚАҺАРМАН ҚОШҚАРБАЕВ

Ұлтымыздан шыққан Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің көзі тірісінде берген сұхбатын теледидардан тамашалағанымыз бар. Сондағы бірнеше көрініс жадымызда жатталып қалды. Соның бірі – Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақтың тағы бір батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты болды. Қолындағы таяғын көрсетіп: «Мұны маған Рақымжан досым сыйлаған» деген партизан жазушы екеуі қатар жүріп, сырласқан күндердегі естеліктерді жаңғыртып, шовинистік сұрқия саясаттың кесірінен сол тарихи ерлік басқалардың атына жазылып кетіп, Рақымжан Қошқарбаевтың соған күйінген, көңілі босаған сәттері жайында айтқан еді.

БАТЫР БАУЫРЖАН НҰСҚАҒАН БАҒЫТ
Таяуда қазақ қаламгерлері арасында Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайлы алғашқы болып қалам тербеген белгілі жазушы, журналист Кәкімжан Қазыбаевтың «Найзағайдай жарқылдап» атты повесі қолымызға тиді. Онда автор бұл тақырыпқа халқымыздың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының тапсырмасымен қозғау салғанын әсерлі етіп баян­дайды. Жазушының ізденісі мен Р. Қошқарбаевпен кездесіп, сөйлескенінің нәтижесінде 1958 жылдың 21 ақпанында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газе­тіне «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі шығады. Бұл К. Қа­зыбаевтың батыр туралы жазылған тұңғыш мақаласы. Одан кейін де 100-ге тарта құжат жинап, «Кернеген кек» повесін жазады. «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне, «Жұлдыз», «Простор» журналдарына мақалаларын бастырады. Сөйтіп, Ұлы Жеңістен кейін он үш жыл өткенде барып, қазақ баласының КСРО билігі тарапынан қасақана еленбей жүрген ерлігін жаңғыртады.

ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Ал, Рақымжан Қошқарбаев пен қасындағы серігі Григорий Булатов алғашқылар болып Рейхстагқа ту тіккені жайлы хабар іле-шала жарияланған. Қос батыр 150-ші Идрицк дивизиясының сапында Берлинге дейін жетті. Тарихи ерлігін олар 1945 жылдың 30 сәуірінде жасаса, сол дивизиялық газеттің тілшісі Василий Субботин 2 мамыр күні бұларды іздеп келіп, 3 мамырда «Воин Родины» газетіне шағын ақпарат береді. 5 мамыр күні бұл газетке «Олар жеңіс тұғырын көтерді» деген атпен көлемді мақала бастырады. 2 мамыр күні «Фронтовик» газетінен суретші-график Илья Кричевский мен фототілші Владимир Гребнев келіп, Рақымжан Қошқарбаевты суретке түсіріп кетеді. Бұл сурет газеттің 17 мамырдағы санында «Берлин шабуылының батырлары» деген атпен басылып шықты. Атақты кинорежиссер Роман Кармен, тіпті, Рейхстагқа қызыл жалау тігілген сәтті бейнетаспаға қалдырған. Мұның бәрін Рақымжан Қошқарбаев Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына ден қойған белгілі журналист Жанболат Аупбаевқа осыдан отыз жыл бұрынғы сұхбатында айтып берген.
АҚШ-тың «Нью-Йорк Таймс» газетінің 1945 жылғы 1 мамыр күнгі санында да Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігі жайында айтылған. Сол күндері антифашис­тер листовка таратқан. Рейхстагқа ту тіккендердің аты-жөндері жазылған бұл қағаз кейіннен неміс журналисі Карл Кокошконың қолына тиіп, өткен ғасырдың 1963 жылы ол Рақымжан Қошқарбаевты Алматыға іздеп келіп, алдымен Кәкімжан Қазыбаевпен жолыққан. Сол алпысыншы жылдары «Новый мир», «Правда», «Комсомольская правда», «Литературная га­зета» сынды басылымдарда да Қошқар­баев пен Булатов жайында жазылған.
«Литературная газетаның» 1948 жылғы 18 желтоқсандағы санында белгілі жазушы Борис Горбатовтың сөздері берілген. Онда: «Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын мезгіл жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда Рейхстагқа ту тікті. Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлекше поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек» – деп жазылған.

ТӘШЕНОВ ПЕН КОНЕВТІҢ ТЕКЕТІРЕСІ
Алайда, бұдан бұрын да, бұдан кейін де Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігі еленбеді. Бауыржан Момышұлы Кәкімжан Қазыбаевқа қозғау салдырғаннан кейін қимыл-қозғалыс басталды. Оларға сол кездегі Қазақ КCP Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ілияс Омаров пен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Прези­диумының төрағасы Жұмабек Тәшенов сынды халқымыздың аяулы азаматтары қолдау білдірді. Кейінгінің әрекеті жөнінде К. Қазыбаевтың «Найзағайдай жарқылдаған» повесінде мынандай жолдар бар: «Баукеңнің айтуында, тиісті материалдармен қаруланған Жұмекең Москвада КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары ретінде бір айлық кезекшілік қызметінде Рахымжан жөніндегі Бас штабтың архивіндегі материалдарды көтертіп, одан Рахымжанның кезінде Кеңес одағының Батыры атағына ұсынылғанын біліп, оның неліктен өтпегені жайлы маршал И.С.Коневті шақырып сұрайды. Өйткені И.С.Конев соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Тәшеновтің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады, екеуі қатты сөзге келеді. Жүгінісуге К.Е.Ворошиловқа барады. Климент Ефремович өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластырута күш сала­ды. Даудың түйіні назардан тыс қалады.
– Бәрі Климент Ефремовичтің азусыздығынан болды, – депті Тәшенов Баукеңе.
Тәшеновтің барлау ретіндегі қарекеті нәтижесіз болған соң, өзі­міздің Орталық Комитет те бұл мәселені қараудан бой тартса керек.
– Жұмекең де мен секілді қызба ғой. Екеумізді құртып жүрген мінез, – деді бір әңгімесінде Баукең».

МӘСКЕУ МЕСЕЛДІ ҚАЙТАРДЫ
1964 жылдың ортасында, Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан коммунистерінің Орталық партия комитетіне Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігі жайында және оларға Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы Б. Мо­мышұлы мен К. Қазыбаев орыс тілінде жан-жақты ақпарат қамтылған ұсыныс хат дайындайды. Оған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Иван Шухов, Әбділда Тәжібаев сынды қаламгерлігімен қоса депутаттар ретінде ел ісіне араласып жүрген азаматтар қол қояды. Орталық комитет сәйкес қаулыны шығарып, Дінмұхаммед Қонаевтың қолымен құжатты Мәскеуге жібереді. Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай Рақымжан Қошқарбаев Герман Демократиялық Республикасына (ГДР) сапарға шығады. Немістер оны құшақ жая қарсы алып, Кеме жасайтын зауыттағы бір бригаданы және бір мектептегі пионерлер жасағын оның атымен атайды. Алай­да, Мәскеу меселін қайта қайтарады.

ТАРИХ ТЕРЕҢІНДЕГІ АҚИҚАТ
Осы материалды жазу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» сериясындағы «Жаужүрек» атты мақаласына жолығып қалдық. Онда автор Рақымжан Қошқарбаев ерлігіне қатысты ақиқат шындықты тарих тереңінен аршып алу үшін бір кездегі КСРО Қорғаныс министрлігінің, қазіргі РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына арнайы өтініш жолдап, батырға қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған әскери құжаттарды алдырғанын айтады. Бұл деректерге сүйенсек, Қошқарбаев пен Булатовтың тарихи ерлігі оқиғаның ізі суымай жатып ресми құжаттарда қатталған. Оның алғашқысын Рақымжанның полк командирі, подполковник Плеходанов жазған. Тіпті, ерлікті сипаттай отырып, Кеңес одағының батыры атағына ұсынған. Бұл ұсынысты дивизия командирі Шатилов қолдаған. Корпус командирі Переверткин де мақұлдаған. Алайда, бұл ұсыныс белгісіз себептермен жоғарыға жөнелтілмеген.

БОЛАР ЕЛДІҢ БАЛАСЫ…
Осы жерде реті келген соң мынаны айта кетейік: кезінде мақаламызда аттары кездесетін халқымыздың даңқты ұлдарына солақай саясаттың кесірінен батыр атағы берілген жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ғана Елбасының араласуымен Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының батыры атанды. Ол жөнінде Мемлекет басшы­сының «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн» деген тамаша сөзі де бар. Сон­дай-ақ, Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаевқа Қазақ­стан Президентінің Жарлы­ғымен Халық қаһарманы атағы берілді.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер». Ал, бірі-біріне тілекші, қолдаушы болған осы үшеуі көңіл үшін айтатындай емес, нағыз батырлар еді. Мәселен,соғыс және еңбек ардагері Олжабай Темірханов Рақымжан Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағы берілгенде Қасым Қайсеновтің естелігін келтіреді. Ондағы: «Елбасы менің де кеудеме Алтын жұлдызды жарқыратып қадағанда, оған партизандық ақ алғысымды айттым. Бірақ, Баукең мен Рақымжанның соңдарында қалып, тірі тірлігін істейтінінің кебін келтіріп, оларға тиесілі батырлық сыбағаларын өзім тартып алғандай күй кештім, арыма ақау түскендей сезімде жүр едім. Енді, міне, мың болғыр Елбасы Рақымжан ағасына да көзі тірісінде ала алмай арманда кеткен Қаһармандық атағын беріп, оның аруағын бір аунатып, халықты тағы бір қуанышқа кенелтті. Досқа, ініге деген мұнан артық құрмет бола ма?!» деген жолдар сүйсіндірмей қоймайды.

P.S. Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Қазіргі таңда бұл аумақ Целиноград ауданының шекарасына кіреді. Кейінгі жылдары осы ауданды Тайтөбе атауына ауыстыру жөнінде ұсыныстар айтылып жүр. Біздіңше, осы мақалаға өзек болған Рақым­жан Қошқарбаевтың есімін ауданға берсек те, тақияға тар келмес.
Халқымыздың батыр ұлы 1965 жылғы ГДР-ға сапарында Мәскеу қаласында аялдаған. Сонда Ұлы Жеңіс күніне арналған «Голубой огонек» бағдарламасының мерекелік көрсетіліміне қатысқан. Осы бейнетаспа да табылып, ұрпақтардың көзайымына айналса деген тілегіміз де бар.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button