Қоғам

«Қаһарман» сөзін дұрыс қолданып жүрміз бе?

«Қаһарман» деген кім? Оны біз қазір дұрыс қолданып жүрміз бе? Осы төңіректе өз ойымды бөліссем деймін. Кеңес кезінде орыстардың «герой» деген сөзінің аудармасы қазақша «қаһарман» болып қолданылып кетті. Ал енді сол Батыстан келген «герой» сөзінің түпнұсқасын (этимологиясын) зерттесек, көп шындыққа көзіміз жетеді.

Орыс сөздіктерінде:

  1. Герой, м., одуш. (фр. heros < лат. heros < греч. heros – полубог).
  2. Герой – вероятно, из франц. héros «герой», как и герои́ня – из франц. héroïne (-иня по аналогии боги́ня и т. д.). Форма герои́ческий ­соответствует франц. héroïque и нем. heroisch. В XVIII в. вместо них – иро́й, ирои́ческий под влиянием ср.-греч. и нов.-греч. произношения слова ἥοως; см. Горяев, ЭС 66.
  3. Герой – заимствование из французского, в котором heros восходит к греческому (h)eros, имеющему значение «полубог, герой» – так в Древней Греции называли смертных, родившихся от богов и наделенных выдающимися способностями, в первую очередь огромной силой, как, например, Геракл, деп келтірілген.

Керісінше, Батыс елдерінде «герой» деп батырларды айтпаған, оларда «Кавалер Святого Креста», не болмаса «Рыцарь Тевтонского Ордена» сияқты атаулар қолданылған. Патшалық Ресейде де «герой» атағы болмаған.

Лермонтовтың «Герой нашего времени» деген кітабы есіме түсіп, бұл атау қалай қолданылды екен деп, оны да қарап шықтым. 1838-1840 жылдары жазылған кітапта «герой» деген атау ирония болып шықты, қазақша айтсақ кекесін, мысқыл, мазақ ету. Оның «геройы» – «қаһарманы» тырнақша ішіндегі «әулие» болды. Олай атаудың себебін Лермонтов былай түсіндіреді: «…Иные ужасно обиделись, и не шутя, что им ставят в пример такого безнравственного человека, как Герой Нашего Времени; …Герой Нашего Времени, милостивые государи мои, точно, портрет, но не одного человека: это ­портрет, составленный из пороков (көргенсіздік, бейбастақтық, арсыздық – М.Н.) всего нашего поколения, в полном их развитии. Вы мне опять скажете, что человек не может быть так дурен, а я вам скажу, что ежели вы верили возможности существования всех трагических и романтических злодеев, отчего же вы не веруете в действительность Печорина?..».

Сөздің түпнұсқасына (этимологиясына) қарасақ, «қаһарман» атауымен не де болса өмірінде бір, не бірнеше керемет ерлік, не батырлық істеген адамды атамайды. Ерлік, батырлық істеген адамға қазақ «ер» не «батыр» деген атақ берген. Бізге жеткен шындықтың көзі – ертедегі жыр-эпостар. Мысалы, «Қарға батыр», «Тәутік батыр», «Жақыпберді батыр», «Боқы батыр», «Бөке батыр», Бөгенбай батыр», «Ағыбай батыр», «Қойшы батыр», «Ер Тарғын», «Ер Жәнібек», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Шора», Ер Бұлан», «Ақжонасұлы ер Кеңес», т. б. Ал «Қабанбай қаһарман», «Бөгенбай қаһарман» демеген.

Абай, Мағжан өлеңдерін, «Бес ғасыр жырлайды» деген 2-томдықты, «Қобыланды батыр» жырын да асықпай шолып, батырға теңелген «қаһарман» деген бір де атауды таба алмадым. Неге? Өйткені қаһарман деп өмір бойы адаспай дұрыс өмір сүріп, ешбір жамандық жасамай, тақуа адам болып Алланың тура жолымен жүрген адамды атайды (полубог). Араб, парсы тілдерінде құдірет деген мағына береді. Сондай адамды ғана қаһарман дейді. Сондықтан да Құранның Таһа сүресінің 47-аятында былай делінеді: «Тура жолға түскен адам (қаһарман) аман қалады». Алланың 99 есімінің бірі аль-Қаһар екенін де еске алған жөн болар. Сонда қаһарман сөзінің синонимі – әулие, тақуа. Қаһарманның жолы өте ауыр. Құранда тағы мынадай жолдар бар: «…Сонымен қатар осы сезім қарсаңында адамдарды дүниеде күрделі сынаққа салған. Бұл сынақтан өткен адам – дүние мен ахирет қаһарманы». Қаһарман әулие тәріздес, өмірінде еш жамандық істемей, Алла алдында бірде-бір шалыс қадам жасамауы тиіс. Ал тарихтағы қаншама үлкен тұлғалар қандай да ерлік, батырлық жасағанымен, қаһарман дәрежесіне жеткен емес. Қаһарман деп пайғамбарларды, әулиелерді атау лайық (полубоги). Мысалы, Ясауи, Бекет ата, Мәшһүр Жүсіп, тағы басқа әулиелерді. Сондықтан «Халық қаһарманы» деген атақ діни тұрғыдан да, ғылыми, этимологиялық тұрғыдан да қате. «Батыр», «ер» атағы лайықты.

Бұл сөзді кезінде өркөкірек, даңғойлықтың желігімен Кремль КСРО ОК-нің 1934 жылдың 16 сәуіріндегі қаулысымен діни-аңыз атауды құдайсыз коммунистік идеологияға араластырып, қолдан қосып жіберген. Тіпті сол кездегі сөздіктерде «герой» – «қаһарман» деп қолданылмаған. 1936 жылы шыққан «Казахско-русский словарь», латын алфавитімен «Qasaqca-оrьsca sөzdik» деп аталған кітаптан мен «қаһарман» сөзін де, «герой» деген сөзді де кездестіре алмадым. Ол сөздікте «батыр» – храбрый, богатырь деп аударылады (41 б.), «ер» – мужественный, само­отверженный (109 б.). Ал «герой» деген сөз мүлде жоқ. Бірақ кейін «қаһарман» деген сөз оңды-солды қолданылып кеткен.

 Масғұт НҰРМАҒАМБЕТОВ,

ҚР ІІМ құрметті ардагері

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button