Тағзым

Қаһарман

Арыстан жүректі дарабоз тұлға Жұмабек Тәшеневке қазақ жерінің тұтастығын алты батпан азапқа да, тозаққа да төзіп, жан-тәнімен қорғау, ұлтарақтай жерін де уысынан шығармау, не құрық кетер, не мойын кетер деп нартәуекелге бекініп тас жұту, тегеурінді іс-әрекет тұйыққа тірелгенде, алмағайып істе тұйғындық таныту, шешімпаздық, ұтқыр көзқарас, рухани кемелділік, ұлт, тіл тағдырын биіктен болжап терең ойлау тәрізді үздік қасиеттер тән еді. Бұған оның ел есінде, халық зердесінде сақталған ұшан-теңіз қайраткерлік, санаткерлік істері жарқын айғақ.

Солардың ішінде айтулысы – Қазақстанның солтүстік аймағындағы байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысты біріктіріп, Тың өлкесін ұйымдастырып, түптің түбінде РСФСР-ға қосу, Мәскеудің құзырына мықтап бағындыру мәселесіндегі Н.С.Хрущевтің мейлінше жымысқы, зымияндық идеясына Жұмабек Тәшеневтің дәйекті дәлелдерімен мәймөңкесіз айтылған зілдей мағыналы сес сөзі деуге болады. Тың игеру өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И.Соколовқа бұл өлке Ресей құрамына қосылмайды, керек десеңіз 24 сағаттың ішінде қараңызды өшіріңіз деп қанкөбелек ойнатады. Ойымызды әрі қарай сабақтау үшін ар-ожданнан жаралған өткір зейінді оғылан, ой-парасат иесі Жұмабек Тәшеневтің өз сөзіне жүгінейік: «Никита Сергеевич, егер Жоғары Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті орындарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституцияларының заңдарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне де, ондағы табиғи байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқығы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқығы жоқ».
От ауызды, орақ тілді, екпінді-серпінді Жұмабек Тәшенев елшілдік, мемлекетшілдік істерінде қазақ жерінің жерасты қазынасын, теңіздей толқыған егінін, қазақ халқының ересен еңбегін, шығармашылық қабілет-қарымын билік тұтқасын ұстауға төселген майталман мамандар барлығын, орыс халқына пейіл-мейірімі өзгеше екенін айрықша атап көрсетіп отырады. Мемлекет қайраткері Сағындық Кенжебаев өрі-қыры бірдей Тәшеневтің «еңбекшілердің күнкөріс харекеттеріне, ой-өрістеріне, ұлттық сана-сезім мен дәстүрге мән бергені», «үлкенге де, кішіге де тиісті, тұрақты ізет көрсету оған тән» кісілік, адамгершілік қасиеттер екенін қадап айтады.
Қазақ жерінің ғажайып бір миуалы бөлшегі – Бостандық ауданының тағдыры тайталасты күй кешкенде, комиссия төрағасы Ж.Тәшенев және құрамындағы академик Хайдар Арыстанбеков, М.Бейсебаев, А.Морозов, В.Тогосов, В.Шереметьевтер мынадай түйінді қорытынды жасаған: «Бостандық ауданының жері мал өсіруге мәні бар екендігін, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қорларының молдығын, қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйым­дастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді өте тиімсіз санады. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын беру жөніндегі Өзбек КСР-і үкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді».
Алайда КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Е.Ворошиловтың Жарлығымен Бостандық ауданы 1955 жылдың 12 қарашасында амалсыз Өзбекстанға өтіп кетті… Бұл сұмдықты естігенде қазақ қауымы «мал құлағы – саңырау» деп денесі түршікті, сай-сүйегі сырқырады, қардан кебіс, мұздан құрсау киінді.
Ұлт руханияты тарихындағы Жұмабек Тәшеневтің алтын сөздері, сәулелі істері санада жарқырайды. Республиканың бас басылымдары «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газет­терін сұмдық қатерден құтқарып қалады. 1958 жылдың 28 шілде­сінде Орталық Комитетте «Қазақ әдебиеті» газетінің мәселесі (яғни ұлтшылдық ағымның жанданып өрістеуі) қаралған. Бұған Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы И.Д.Яковлев, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенев, идеология бойынша хатшы Н.Жанділдин және Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Сақтаған Бәйішев, Қасым Шәріпов, Сырбай Мәу­леновтер қатысқан.
Үстел үстіндегі «Қазақ» газетінің бір нөмірін, «Айқап» журналын, Ахмет Байтұрсынұлының «Масасын» көріп, Сәбит Мұқанов керемет күйге бөленіп әсерленеді. Ал Ахмет Байтұрсынұлының қасиетті есімін естіген бір дүмшенің көзі шарасынан шығып үрейленеді. Осында Жұмабек Тәшеневтің «тайсақтамай, батыл сөйле!» деп Сырбай Мәуленовті жігерлендіруі немесе «Қазақ әдебиетін» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып тұрсын өзің?!» деп әпербақан редакторға зілді жауап беруінің арқасында басына төнген қауіптен «Қазақ әдебиеті» газеті аман қалады.
1959 жылы Н.С.Хрущев Қытай Халық Республикасының 10 жылдық салтанатына қатысып, Мао Цзе Дунның дастарқанында рабайсыз, даңғаза, көпірме сөздер айтып, желігіп-желпініп сөйлейді. Атыңыздың басын тартыңыз дегендей Жұмабек Тәшенев ишарат жасайды. Жол үстінде Н.С.Хрущев кешегі Маоның тілмашы қазақша не айтқанын сұрайды. Сол заматта Тәшенев: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді» дейді. КСРО Қаржы министрі Б.Ф.Гарбузовқа: «Албанияның Премьер-министрі Мехмет Шеху келсе, далаға жүгіріп шығып, есік алдында қарсы алар едің. Ал Албаниядан он есе үлкен Қазақстанның Премьер-министрімен неге дұрыс сөйлеспейсің» деп, әдепсіздігі мен әділетсіздігін бетіне басады. Я болмаса КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасы міндетін атқару барысында бір украин ғалымының жауапты адамның өліміне себепкер болуына байланысты тағылған айыпқа (өлім жазасына) қол қою керек болған. Бұл жағдай К.Е.Ворошиловпен келісілген. Соған қарамастан Тәшенев түрмеге барып, мәселенің анық-қанығына, ақиқаттығына көзін жеткізген. Сөйтсе оның өзі қария екен әрі қылмысқа қатысы тіпті жоқ көрінеді. Содан ол Н.С.Хрущевқа баяндайды. Ол: «Ты – молодец!» деп Тәшеневтің шешімін толық қуаттайды.
Қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіре­пов Бауыржан Момышұлының екі мәрте Кеңес Одағы Батырлығына ұсынылғанын Жұмабек Тәшеневке баяндап, жоғарғы жақпен сөйле­сеңізші деп қолқа салады. Ол Мәскеуде Б.Момышұлының құжат­тарымен егжей-тегжейлі танысып, істің кілті Кеңес Одағының Маршалы И.С.Коневте екендігін білген соң, онымен кеңеседі. Конев «Мен өз өмірімде ешқашан бір айтқан пікірімді өзгерткен адам емеспін» дейді.
Жұмабек Тәшенев «халық жау­ларын» ақтау комиссиясын басқарады. Нәтижесінде С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Май­линдер ақталады. 1958 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін ұйым­дастырады. Бес дарынға КСРО Халық әртісі атағын алып береді. Сондай-ақ, қыран жүректі Жұмабек Тәшенев Алматыдағы айтулы даңғылға Абай есімін бергізуі, Абай ескерткішінің құйылуын қадағалауы, Қазақстандағы ядролық жарылыстарға қарсылық жасауы, Мұхтар Әуезовті Лениндік сыйлыққа ұсындыруы, Алматы шаһарының ортасынан қазақ зиялыларына пәтер бергізуі, Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиқа анамызды пәтерге орналастыруы, Нұрмолда Алдабергеновке екінші рет Алтын Жұлдыз әперуі және т.с.с. елдік-ерлік қайырымды істері халық жүрегінде, ел жадында жаңғырады.
1941 жылы құрылған «ЕСЕП» партиясы («Елін сүйген ерлер партиясы») төрағасының орынбасары, ұстаз-педагог Махмет Темірұлы (1923-2014) «аждаһаны ауыздықтаған баһадүр» «Жұмабек Тәшенев» дейтін дастанында:
Төнгенде қара түнек көкті
торлап,
Шешкен жан шиелі істі оймен
толғап.
Аузынан аждаһаның жұтам
деген,
Жан салып, ел мен жерін аман
қорғап.
Жаралған алып батыр, ердің ері,
Қазақтың асыл туған кемеңгері.
Жұмабек жан пида деп кіріспесе,
Зар жылап қалар еді Қазақ елі, – деп толғайды.
«Тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар» деп, Жұмабек Тәшенев өзі айтқандай, сұңқар текті айтулының пірі, заманның дауылпаз дүрі, берекелі қимыл-әрекеті ірі оның тарихи еңбегі уақыт екпінімен ілесіп ілгері басады.
Халық перзентінің кісілік, қайраткерлік жөніндегі «жігіттің арланы» (Нұрмолда Алдабергенов), «кісендеулі дала жолбарысы» (Сағадат Нұрмағамбетов), «халықтың қайсар перзенті» (Еркінбек Тұрысов), «арыстан текті тұлға» (Керімбек Сыздықов), «ағып тұрған шешен» (Айтбек Бердалин) дейтін түйінді ой – моншақтар оның асқақ тұлғасын жарқырата түседі.

Рухани кемелділік – Жұмабек Тәшенев болмысының нұрлы сипаты. Жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің айтуынша: «Жұмекең ғұлама адам еді. Ел тарихы, өнер мен әдебиет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс жа­йына жетік екен… Сөйлеген сөзінің анықтығы мен нық айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жігер бары айқын сезіліп тұрушы еді».

Ол Абай өлеңдері мен «Еңлік-Кебекті» жатқа заулатқан, халық әндерін іңкәрлікпен тыңдап, әсерлі қабылдаған. 1934 жылы Алматыда өткен Халық өнерпаздарының республикалық бірінші слетіне қатысқан.
1975 жылдың сәуір айының басында Қазақ КСР Министрлері Кеңесі жанындағы мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі комитет төрағасы, ұлт патриоты Әбдірашит Шалабаев (1910-1975) дүниеден озған еді. Бұл азамат Ілияс Есенберлиннің даңқты «Қаһар» романын (1969) жариялауға мүмкіндік тудырған, қолдау жасаған. Марқұмның отбасына көңіл айтуға Жұмабек Тәшенев келген-ді: терең ой, қалың мұңның құшағында сыңайлы көрінді. Бұл да түсінікті. Жасың жетті деп зейнеткерлікке шығарған екен. Сондықтан да сыр суыртпақтап сұрауға әрі жас болғандықтан батылым жетпеді. Осы жылдың аяғы болатын. Алматы көшелері көктайғақ, жалтырап жатқан-ды. Қызметтен кейін Калинин мен Т.Өтелбаев көшелерінің қиылысындағы шағын дүкенге келе жатыр едім, қасымда бір ақсақал мұрттай ұшып кетіп бара жатқанда, әп-сәтте жерге түсірмей қағып алдым.
– Сен, бала, бір сәт кідіре тұр, мен айран, сүт алып шығайын, – деді. Көп бөгелген жоқ.
– Мынау үйде тұрамын, жеткізіп сал. Сен мені білесің бе? Мен Сәлкен Дәуленовпін, – деді.
– Иә, иә. 1960 жылдарда «Социа­листік Қазақстан» газетінің бетінен сіз туралы оқығаным бар, – дедім. Ар жағын айтқан жоқпын.
Ақсақал С.Дәуленов Тың өлке­сінің мән-жайын айта бастады.
– Жер кетіп бара жатыр. Тәше­невтің де жаны күйіп, отқа түскен көбелектей шырылдайды. Мен сол мезетте Целиноград облыстық партия комитеті ғимара­тының люстрасын сындырып, күл-паршасын шығардым, – деді.
– Мынау – менің пәтерім. Үйге кел. Әңгімелесейік. Баспанаң жоқ болса, академияның президенті Асқар Қонаевқа айтайын, – деп қоштасты.
Сонау бір аждаһаның аузынан аман алып қалған жеріміздің тағдырын, тарихын тереңдеп түсінуге, тебіреніп ой толғауға қолай­лы сәттерді дұрыс пайдалан­бағаныма осы уақытқа шейін өкінемін…

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
лауреаты

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button