МәслихатСұхбат

Қай қызметте болмасын халықтың сенімі маңызды

Нұр-Сұлтан қаласына әуе көлігімен елдің түкпір-түкпірінен, әлемнің әр қиырынан келетіндердің табаны әуелі елорда әуежайына тиеді. Біз үнемі айтатын туризм саласын лайықты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету дегеніңіз дәл осы тұстан басталады. Әрі-беріден соң тәулік бойы аптаның кез келген күнінде тыным таппайтын әуежай қызметінсіз қала тіршілігін көзге елестету мүмкін емес.

Екі жылдан бері елорданың басты әуе қақпасына авиация саласының білікті маманы Ғабит Тәжімұратов жетекшілік жасайды. Әуежай басшылығымен қоса осы жылдың басында Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВПЕН елордалық әуежайдың тыныс-тіршілігі, депутат қызметінің барысы туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Ғабит Қалиұлы, қазір елорда мен бірге тұтас еліміздің бет-бейнесі саналатын Нұрсұлтан Назарбаев халық­аралық әуежайының басшылығына келгенге дейін қызметтің барлық сатысынан өттіңіз. Қатардағы маманнан басқарма төрағалығына дейінгі жүріп өткен еңбек жолыңыз туралы  айтып берсеңіз…

– Мен мектепті үздік аяқтаған соң Мәскеу Азаматтық авиация мемлекеттік техникалық университетіне түстім. Біздің студенттік шағымыз 90-жылдардағы аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Сондықтан жалғыз шәкіртақымен күнелту қиын болғандықтан, Мәскеуде жүріп қарапайым жұмысшы, көше тазалаушы болып ақша табуға тура келді. Жоғары білім алған соң, еңбек жолымды Мемлекеттік авиациялық регистрінде әуе кемелерін пайдаланушыларын сертификаттау бөлімінің жетекші сарапшысы болып бастадым. Кейін «Қазавиасертификация» ЖАҚ-да бас сарапшы, бөлім басшысы, Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментінде бас маманы болдым. Министрлікте жүрген Қазақстанның әуе саласын реттеудегі бірінші заң жобасын дайындауға белсенді қатыс­тым. Азаматтық авиация комитетінің әуе компаниялар қызметін реттеу бөлімінде қызмет атқардым, сонымен қатар әр жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасы Ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің көліктік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі, «Airport Management Group» ЖШС Бас директорының орынбасары сынды қызметтерде болдым.

2015-2019 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқардым. Ал 2019 жылдың желтоқсанында маған Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы қызметін сеніп тапсырды. Әрине, бұл қызметке тағайын­дау маған үлкен сенім артылғанының белгісі деп білемін. Одан кейінгісі өздеріңізге мәлім. Басқа салалармен бірге авиация саласы да пандемия кезінде өз қызметін тоқтатып, жұмыс бәсеңдеді.

– Карантин кезіндегі жағдай әуе­жай қызметіне қаншалықты әсер етті? Пандемия кезінде әуе рейстері тоқтап қалды. Осы сәтте сіздердің жұмыстарыңыз қай бағытта өрбіді?

–  Карантинге қарамастан біз  көптеген шығындарды барынша қысқартып, жүк тасымалымен айналысатын әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіп, әуежайдың жұмысын тоқтатпауға тырыс­тық. Әуежай ғимараты аумағындағы көптеген кәсіпкерлік нысандарға жеңілдіктер жасалды. Бір сөзбен айтқанда, пандемия әуе қатынастары саласында оңай соққан жоқ. Әуежай ұжымының бірлігі мен сәтті шешімдер арқылы бұл қиындықты еңсеріп шыға алдық. Кездескен қиындықтарға қарамастан  әуежайдағы қызметкерлер  қысқармады.  Қазір  біздің әуежайдың басшылық құрамында еліміздің әр аймағындағы бес әуежайды басқарған білікті мамандар қызмет жасайды.

Әуежайдың жаңа терминалын салу және басқа да жобаларды іске асыру мақсатында несие алуға да тура келді. Екі жылдан бері осы берешегімізді өтеу бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Қандай жағдай болмасын біз жолаушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге күш саламыз.

Әуежай басшылығына келген уақыт аралығында нысанның  сыртқы және ішкі көлік тұрағының жағдайын жақсартуға қол жеткіздік. Жолаушыларға  жүктерін уақытылы алу мүмкіндігін бердік. Әуежай ғимаратындағы сауда орындарындағы тауарлардың бағасы реттелді. Қазір Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының жеке мобильді қосымшасы бар.

18 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ұшу-қону жолағы жөнделіп жатыр. Оған қоса биыл Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 90 жылдық мерейтойын тойлауда. Мерей­той қарсаңында біршама іс-шаралар өткізілді. Әуежайдың 2035 жылға дейінгі даму картасы әзірленді. Даму картасын іске асыру бойынша жоспарлы түрде жұмыс жасап келеміз.

[smartslider3 slider=705]

– Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағалығымен бірге қалалық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Жергілікті өкілетті органдағы қызметіңіз қалай жүріп жатыр?

– Үлкен кәсіпорынды басқарып отыр­ғандықтан, халықтың мұң-мұқтажымен жете таныспын. Оның ішіндегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық мәселелер де маған таңсық емес. Міне, дәл осы мәселелер шешімін табуы үшін халықтың аманатын арқалауға тура келді.

Мәслихаттағы құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесімін. Аталған комиссия Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының қарауына енгізілетін құрылыс, қаланың бас құрылыс жоспары, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану, мемлекеттік тұрғын үй қорын пайдалану, халыққа көліктік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету мәселелері, төлемақы мөлшерлемелерінің жобалары бойынша қорытындыларды қарайды. Жер заңнамасына сәйкес жеңілдіктер белгілеу, жер қатынастарын реттеу жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Нұр-Сұлтан қаласының аумағын абаттандыру мәселелері бойынша қағидаларды және бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген басқа да міндетті қағидаларды әзірлеуге қатысады.

– Қалалық мәслихат депутаты ретінде халықпен жиі кездесіп тұрасыз. Сәйкесінше елордадағы шешімін күткен өзекті мәселелермен де жақсы таныс боларсыз…

– Шын мәнінде үлкен қалада үлкенді-кішілі қоғамдық, әлеуметтік мәселелер жетіп жатыр. Оның ішінде көлік кептелісі, жаңбыр суы ағатын құбырлардың, мектептің тапшылығы, жол сынды мәселелерді айрықша атап өтуге болады. Жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жолы құрылысының тезірек аяқталуын тұрғындар да үнемі талап етеді. Депутаттар осы мәселелерді тиісті органдарға жеткізіп, барынша тез шешілуін бақылауға алады.

Қалалық мәслихат депутаты ретінде Пригородный тұрғын алабы тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста болып, тікелей жұмыс жасап келемін. Бұл ауданда әуе қызметіне еңбегі сіңген біршама ардагер тұрады. Сондықтан да болар, осы аудан басқалардан ерекше ыстық көрінеді.

Бос уақытымда ауданды жиі аралап, тыныс-тіршілігін көзбен көріп, тұрғындардың шағымын тыңдап, қолдан келгенше көмек көрсетіп тұрамын. Тұрғындардың әр ісіме ықылас білдіріп, жігерлендіріп отыратындығы қуантады. Болашақта дәл осы ауданның әл-ауқатын одан сайын жақсартып, қаламыздың көрікті жеріне айналдыру ойымызда бар.

– Аталған алаптың тұрғындары негізінен қандай мәселелерді көтереді?

– Мұнда тұрғындар тарапынан көбіне ауызсу, жарықтандыру және жол мәселелері көтеріліп жатады. Әсіресе, жер үйлерде тұратын тұрғындарда түрлі мәселе бар. Қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған күннен бастап ауданның ішкі мәселелерімен толық танысып, оны шешуге күш салып жатырмын. Тұрғын алаптың бірнеше көшелеріне әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып асфальт төсеп, жарық жүйелерін ретке келтірдік.

– Депутаттық қызметтің негізгі бір бағыты азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау екендігі мәлім. Осы орайда сіздің қабылдауыңызға жазылғандардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Әрине, өзекті мәселесін жеткіземін деген әрбір азаматты тыңдауға дайынмын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны баршамызға мәлім. Сол себептен қабылдауымда болған әрбір азаматтың сұрағына жауап табуға тырысамын. Осыған дейін де көптеген азаматтарды қабылдап, мәселесін шешіп бердік. Жұмыссыздық мәселесін көтеріп келген азаматтардың дені жұмысқа орналасты. Жаңа оқу жылы қарсаңында балалар үйін мектепке керекті жабдықтармен және ноутбуктармен қамтамасыз еттік.

Қысқасы, қай қызметте болмасын халықтың сенім жүгін арқалау әрбір азаматтың парызы деп білемін. Еліміздің барлық перзенті осы ұстаныммен жүрсе, мемлекетіміздің тұғыры әрдайым биік болмақ.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button