Мәселе

Қайда барсаң да қойыртпақ тіл

Мейлі телеарна тамашала, мейлі көшеге шық, мейлі автобусқа мін – күлкіңді келтіретін қойыртпақ тіл.

[smartslider3 slider=112]

Иә, солай, теледидарды қостым. Баяғы тұтас хабарды жырым-жарым етіп бір сағаттық сериал біткенше жеті рет жарнама беретін әдетіне басып жатыр екен. Қысқа күнде қырық қайталанып беріліп жататын «Казком» банктің жарнамасында «от» деген сөзді айта алмай, «од басынан – од басына» («Отбасы» дегені ғой) деген сөйлемді естігенде отқа күйген сақау тіліңді ұрайын дегім келді. Телеарналар осындай орашолақ тілді жарнама берушілерге «ең алдымен тілі дұрыс болсын» деп неге талап қоймайды екен?!
Сосын күн сайын екі қайтара берілетін «Ғашықтық дерті» деген түрік сериалы басталды. Жайлан дейтін қыз: «Менің үйленгім келмейді!» деп бақырып-шақырып тағы бір күлдіріп тастады. Дұрыс қой, қыз баланы «тұрмысқа шығарудың» орнына «үйлен» деп қысып жүрген шешесінде ес жоқ. Артынша (сол сериалда) Байрам шалдың «сорпаға қақалып қалдым ғой» деп кесек етке емес, сұйық сорпаға «қақалған» кемшілігін кемпірі Сұқиладан көріп көзін алартты (дубляж жасаушының да, Байрамның да желкесінен ұрғым келді). Теледидарымды ұруға аядым. Сынып қалса, қасқа кедейге оңай ма?!
Көңілім қалып, «Qazaq» арнасына ауыстырдым. Тілші Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданындағы бұғы шаруашылығынан репортаж жүргізіп жатыр екен. Бұл да жырғатпады. Бастан- аяқ бұғы шаруашылығын «марал шаруашылығы» деп соқты. Тіпті «маралдың ұрғашысы» деп қояды. Марал деп ұрғашы бұғыны айтатынын қайдан білсін. Енеңді ұрайын, мәңгүрттер дедім де, қолды бір-ақ сілтеп, «Хабар-24» арнасына ауыстырдым. Баяғы жыр болған автокөлік апаты. «Жүргізуші рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кету салдарынан үш адам қайтыс болған, бір адамның «бас миы шайқалған» (дәрігер болса сөкпес едің, тележурналистің тілі). Миы жұлын болып кеткен журналиске не айтарсыз?!
Жарайды, үйде телеарналарға телміруден өзге ермегі жоқ қария бірауық автобусқа отырғаным бар. «Келесі аялдама – Сүйінбай батыр көшесі» деп саңқ етті (№320 автобус). Ақын бабамыз батыр да болған екен-ау! «Естімеген елде көп» деген осы. Тағы бір автобусқа отырдым. «Жолақы төлеуді ұмытпаңыз. Ақысыз жол жүру үшін салынатын айыппұл көлемі – екі айлық есептік көрсеткіш немесе 5840 теңге». Ә-ә, ақысыз жол жүру үшін алдын ала 5840 теңге төлеп, сосын алаңсыз жүре беруге болады екен-ау! Оны кім білген? Ерте кездің бір өмірден туған анекдоты есіме түсті. Өмірінде бірінші рет үлкен қалаға барған қария көшеде келе жатып дәретке қысылыпты. Талдың тасасында «кіш етіп» отырғанда, полиция ұстап алып: «Ақсақал, көшеде дәрет сындыруға болмайды, айыппұл төлейсіз. Бес сом әкеліңіз» десе, қария қалтасынан қызыл ондық купюра суырып беріпті. «Ата, артық бес сомыңызды қайтарып беретін сдача жоқ, бір дүкенге барайық» десе, қария айтады дейді: «Қарағым, ақша қайтарып әуре болма, артығы сенде тұра берсін. Қуығы бос кәрі адам тағы да дәрет сындырамын ғой» депті. Сол сияқты автобустың да айыппұлын алдын ала төлеп тастауға болатын сияқты.
Сосын Сарайшық көшесінің «Домалақ ана» аялдамасынан түстім. Көзіме көшедегі көрнекті жарнама оттай басылды. «Жақында қаламыз жазира алапқа айналады». Сұмдық қой! Сонда кешікпей астанамыздағы аспанмен астасқан зәулім құрылыстардың бәрін жермен жексен ететін болғаны ма?! «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, қайда барсаң қойыртпақ тіл..

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ, журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button