Мәдениет

«Қайдасың, Гауһар?» сахналанды

Жетісайдан жеткен жылы леп

Махаббат – мәңгілік тақырып. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры елорда сахнасында аты аңызға айналған жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай осы аттас шығармасын Астанадағы Жас көрермендер музыкалық театрында сахналады. Бұл шығарма қазақ сахнасында алғаш рет қойылды. Түркістан облысы Жетісай қаласында 1968 жылы халық театрының негізінде құрылған театр өзінің 55 жылдық тарихында шын мәнінде халықтық театр екендігін тағы бір рет көрсетті, өнерін паш етті.

2024 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында оқу үшін көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың шығармалары ұсынылғаны белгілі. Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген. «Сен қайдасың, Гаухар?» повесі 1966 жылы жазылды.

Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Қайдасың, Гауһар?» драмасы Қазақстан театр кеңістігінде тұңғыш рет сахналанды. Жетісай драма театрының директоры – Орал Камал. Қоюшы-режиссері – Шағуан Үмбетқалиев. Бұл оның екінші рет қойған шығармасы.

Астанадағы қойылымның дебюті аншлагпен, зерделі көрерменнің зор ықыласымен өтті. Астана қаласы әкімдігі атынан ықылас гүлі әкелінді. Жетісайлық өнер иелерінің хас шеберлігін көру үшін Жас көрермендер театрына қазақтың Қыз Жібегі атанған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Өтекешова, әнші, мегажұлдыз Димаштың анасы Светлана Айтбаева,  танымал журналистер, руханият жанашырлары Асылзат, Анар Төлеуханқыздары, белгілі адвокат, «Қазақ аруы-91» — 1991 жылы елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Қыз сыны» байқауының бас жүлдесін алған жетісайлық ару Ләззат Ахатова, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева, орынбасары Олжас Ибраев, Астана Жастар театрының директоры Ғани Кәрімов, Астана қуыршақ театры директорының орынбасары Досымхан Бейсенбаев, өнер зерттеушілері, театртанушы ғалымдар, өнердегі жастар, студенттер келді. Онда небір керемет ойлар, ұсыныстар айтылды

— Қазақтың керемет классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың бұл тамаша повесі желісінде жазылған дүние елордадағы сахнада тұңғыш рет сахналанып отыр. Ерекше оқиға деуге болады. Өнер – қай жерде де өнер, ол өңірде болсын, елорда да болса да өз мүмкіндіктерін барынша көрсетеді. Бүгінгі кешке Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр өнері және өнертану» факультетінің студенттері, танымал әртістер, өнер жанашырлары қатысып отыр. Шеберлік шыңдалу сабақтарын үнемі біз үнемі қойылымнан соң осылай өткізіп отырамыз. Жетісай драма театрының Шығыс Қазақстан облысында жақында болатын XXX театрлар маусымының ашылуына орай осы тың дүниені алып бара жатқаны қуантады, сәттілік тілейміз,-деді Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жас көрермендер музыкалық театрының директоры, көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров қойылымнан соң шеберлік сағатында кеш тізгінін ұстап тұрып, өнерсүйер қауымға жетісайлық өнер иелерін таныстырды.

Театртанушылар Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, PhD докторы, театр сыншысы Нартай Ескендір мен Астана Жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, өнертану магистрі Назерке Жұмабайдың  және журналист-театртанушы Аманжол Қорғанбаевтың қойылымның жетістігін, кем-кетік тұстарын саралап, тілектестік бағытында жақсы ойларын жеткізгені өте әсерлі болды.

Астана – еліміздің жүрегі, күретамыры ғана емес, ел мәдениетінің ордасы, өнер өркен жайып, қанаттандыратын орта. Өңірлерден, қалалардан келген өнер ұжымдары елорда сахнасында шеберліктерін шыңдап, тың ізденістерге жол ашады. Өнердегі бәсекеден гөрі тілеулестік, әріптестерді сынаудан гөрі  болсын деген адал ниетті қамқорлық бүгінгі кештен айқын аңғарылып тұрды. Шынайы дүние, шынайы көзқарас өнер аспанында әдемі бір қойылымның дүниеге келгенін паш етті. Кеш қонақтары да, сахна иелері де ұлттық құндылықтарды ту еткен жаңа бір биікке, парасат биігіне көтерілгендей әсерде қалдық. Костюмдеріне қатысты кемшін тұстар, образдардағы шынайылыққа байланысты,  рольдерді жас актерлер ойнаса деген тілектер, шеберліктерінің шыңдалу сағаттары, сәтті сапарлар, алар биіктер, ең бастысы – қазақ сахна өнерінің руханиятқа берері жайында мазмұнды әңгіме қозғалған қызықты кеш болды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

 

 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button