Жаңалықтар

«ҚАЙҒЫ ШЫҒАР ІЛІМНЕН»

Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.

Абай

Мұнда мынандай ұғымдар бар: қайғы, ілім, ыза, білім, зар. Бес ұғым. Қайғы деген не? Ол – ойшылдықтың мінездемесі. Ойшыл адамға қандай ілім болмасын, қайғы әкелмек. Себебі, қайғы ілімнен терең, ол ізгілікті аңсаудан, оны мақсұт тұтудан туады. Ілім болса, көбінесе идеологиялық қажеттіліктен тумақ. Ілімнің ізгі ақыл болмағы қиын. Себебі, ол белгілі бір топтық мүддеге қызмет етпек. Міне, осы тұста ілімнен қайғы шықпақ. Қайғы дегеніміз –адамның ізгілік қасиеттерінен туындайтын сана. Ілім болса, билікке ынталы саяси күштің ынтасы.

Осындай жағдайда жеке адам мен қоғам мүддесі арасында алшақтық болмай қоймайды. Содан өсіп- өніп қайғы шықпақ. Өкінішке орай, қандай ілім болмасын, жақсы сөздерді ұрандатып келгенімен, өзімен бірге әділетсіздікті ерте жүреді. Себебі, билікке ынталы саяси күштің халық мүддесіне сай болмағы, үнемі де шешуі күрделі мәселе. Билік әділеттіліктің өзі емес, оған жетудің құралы ғана. Сондықтан, оған жетпекші топтың тәсілдері әрқилы болмақ. Осындай әрекетті іске асыруға негізделген ілімнен, әрине, қайғы шықпақ. Адамзаттың өткен-кеткен және бүгінгі тәжірибесінде жағдай солай болған, бүгінде қаз-қалпында ілім жасаушыларды әділеттіліктің жаршылары деу – насихат деңгейіндегі түсінік. Бұл ахуал Абай заманында тым күрделі болатын. Ілім дегеніміз – сананың дерті. Ілім тікелей ми қызметіне әсер ететін дерт. Бұдан сау қалатындар санаулы, ал, сау қалғандары қайғыға түспек.

Ілімнен қайғы шығатынын социалистік идеяға құлай сенген қазақ зиялыларының бір парасы кеш түсінді. Қайсыбірі өмірінің соңына дейін түсінбей, өзінің «ноқталы» санасымен өтті. Ілім мазмұнын танып, түсіну осал шаруа емес. Ол үшін адам болмысында иммунитеті болуы керек. ХХ ғасырдың басынан-ақ Маркс, Ленин ілімін салған дүрбелең халқымыздың ұйпа-тұйпасын шығарды. Кімнің соңынан ерерін білмеген қалың жұрт адасты, аштықтан қырылды, зиялылар жазаға ұшырады, жұрттың үштен бірі әлемнің елдерін кезіп бас сауғалап кетті. Міне, Абай айтқан ілімнен шыққан – қайғы. Сондықтан, ілім дегеннің идеологиялық бағыттағы топтар санасы екенін естен шығармаған жөн. Ілім – ойдан құрастырылған адам санасы. Олай болса, оның міні болмай тұрмайды. Ілім міні ойшылдардың қайғысы. Ілім сананы улайды, адамның еркін шектейді, ойлау кеңістігін тұйықтайды.

Ілім – адамдарды әлдебір идеяға тәуелді ету тәсілі. Ілім жасаушылық халықты қайғы-қасіретке бастамақ. Алайда, осы тәсіл бүгінде өңін айналдырып, өзгеше күйге еніп, адамзатқа жаңа қасіреттер әкелуде. Міне, осындай ойлар өрісіне негіз болып отырған хакім Абайдың «Қайғы шығар ілімнен» деген өлеңінің бір жолы. Мұндағы жаңалық қайғының ілімге байланыстылығы. Қайғы тегіннен- тегін болмайды. Бұл жерде Абай адамның жеке басына қатысты тұрмыстық қайғыны емес, ілімнің нәтижесінде болатын қайғыны айтып отыр. Ілімсіз болатын қайғы табиғи сипатта, ал, ілімнен шығатын қайғы болмысы әлеуметтік мазмұнда. Себебі, ілім – әлеуметтік құбылыс.

Өлеңнің екінші жолында «Ыза шығар білімнен» дейді. Бұл, әрине, тосын ой. Әдетте білім деген қуаныш, білім деген адам жанына жарық беретін күш деп айтпаушы ма едік. Расында, білім деген ғанибет нәрсе. Білімсіздік надандыққа бастамақ. Білімді жан нұрлы болмақ. Сөздің қысқасы, білім туралы әңгіменің бәрі жағымды. Білім адамзаттың жүрер жолы, тынысы. Міне, осы білімнен Абай «ыза шығады» дейді, соны қалай түсіндіруге болмақ? Біріншіден, бұл Абай заманына қатысты пікір болмақ.

Алған біліміңді қайда, қалай, кімнің мүддесіне сай жұмсамақсың? Ойланатын жағдай. Білім адамға, елге қызмет етуі керек. Ондай елің бар ма, басыңда бостандық бар ма? Осындай ахуалда білімнен ыза шықпағанда не шықпақ? Абай дәуірінде білімді қазақтар адам болайын деп емес, пайда тауып, шенеулік болу үшін деген ынтада болғаны да шындық. Мұндай білім, әрине, ойшылдың ызасын келтірмек. Екіншіден, осы мәселені тек Абай заманында ғана емес, бар заманға ортақ айтсақ, мәселе қандай болмақ, соны таратып айтып көрейін.
***
Білім өмір шырағы деп өстік. Дұрыс. Еш қатесі жоқ. Білімсіз түнек болмақ. Білімге ұмтылысты талаптылық дейміз. Қай қоғамда болмасын тұрақты білім жүйесі қалыптасқан. Білім – қазына. Әркім баласын білсін деп оқуға бермек. Білмек, білмекке құмарлықтың оянуы жақсылықтың нышаны. Білімді адамнан азамат шығып, ат жалын тартып ел ісіне араласпақ.

Бұл талассыз істер, хакім Абай «Ыза шығар білімнен» дегенде нені айтқысы келіп отыр? Ақын сөзі қашан болмасын белгілі жайды емес, белгілі істің тамырын қазуда көрінеді емес пе?

Қандай сөз айтса да түп-тамырын қопара айтатын Абай, әрине, білім дегенге өз түсінігімен келген. Сонда, оның айтқаны «Ыза шығар білімнен» дейді. Сондағы ыза дегеніміз не? Біріншіден, ыза деген адам қуаты. Ызалану үшін қуат керек. Себебі оның мәнісі  әлденемен келіспеушілікте. «Ол олай емес еді ғой» деген түсінік пайда болғанда, ол ыза болып көрінбек. Демек, ызаның екі астары бар. Бірі адамның осы болғалы тұрған іс туралы түсінігі болуы, екіншісі онымен келіспеушілігі.

Осы екі ортада ыза санасы оянады. Екіншіден, ыза деген – ырыққа көнгісі келмеген ашу. Бұл жақсылық емес. Бұл ызадан қайту керек. Мәселе бүлінбей тұрғанда. Ашу – шайтандық, оның емі сабыр етуде. Үшіншіден, ыза – білімді, парасатты адамның мәселені терістеу бағытындағы санасы. Сірә, Абай ызаға осы тұрғыда келсе керек. Абайдың ызалануы адамдарды ойландыратын жағдай болса керек. Неге білімнен ыза шықпақ? Тағы да екі мәселе туралы сөз айтуға тура келеді.

Бірінші мәселе, білімнің өзінде, білімнің өзі ыза туғызуда, яғни, әңгіме оның сапасында. Білім дегеннің негізі біле беру болса, солар саған, заманға, елге қажетті  білім бе? Білім сансыз, есепсіз, соның бәрі қажет пе, әлде білім сұрыпталып алынуы қажет пе? Мәңгілік сұрақ.

Екінші мәселе. Сапалы білім де ыза тудырмақ. Себебі, білім деген сансыз алдыңнан ашыла берер есіктер сияқты. Адам білген сайын білгісі келе береді. Ол ыза құмарлығын туғызады.

Бұл жатымды жағдай. Бұл мәнде ыза талаптылықтың қозғаушы қуаты, білім жолына түскен жанның сергектігі, оның білімге деген құштарлығы. Әңгіме солай, бірақ бұл соңында неге жеткізбек? Ол ЫЗА-ға жеткізбек, адам қысқа ғұмырында бәрін біліп бола алмайтынын білім арқылы білген соң, әрине ЫЗА болмақ. Себебі бұл шешімі жоқ тұйық сұрақ. Абай ызаны осы мәнде айтса керек.

Әрине, осындай жағдайдан кейін «Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен» демеске амалы жоқ… «Дүние рахат, жұмақ»,– деп кім айтты? Олай болса, неліктен жұмақты адамзат баласы о дүниеден іздейді. Себебі, ойшылдар бұл дүниеден рахат таппаған. Абай да сол халде, Сондықтан, оның да тілінен зар шығып отыр.

***
Зар дегеніміз не? Менің пайымдауымша, зардың үш мәнісі бар.

Бірінші мәнісі, зарды жанға жағымсыз мәнде қабылдаушылық. Зарлану, зарлап қалу, заржақ дегендер тоғыса келе адам халінің әлсіреген жағдайын білдірмек. Өмір болған соң, мұндай жайлар болмай тұрмақ емес. Адам басына іс түскенде, қайғы бұлты торланғанда, кең дүние тарылғанда зарланбағанда не істесін. Бұл адамның ауыр халінің бір көрінісі.

Екінші мәнісі, әлденеге ынтық, құштар, құмар болу. Не бір істі мақсат етудегі ыстық ынтаны зар болу дейміз. «Ер Төстік» ертегісінде әке-шеше бір балаға зар болады. Ақыры іс оңға басып, өмірге Ер Төстік келеді. Міне, осыған ұқсас оқиғалардағы зар болушылықты үмітке қатысты айтамыз.

Зардың үшінші мәнісі дүниетанымдық сипатта. Мұндай жағдай нені жоқтап зар етеміз. Бұл жерде зардың екі астары бар. Бірі барға місе тұтпаушылық. Абай қайғы мен ызаға көңілі толып отырғаны жоқ. Керісінше, екеуі бірігіп алып, оған қысым жасауда. Бұл – болған іске зарлану. Зардың екінші астары болмаған істі, әлі айқындалмаған жоқты аңсаудан аңғарылмақ. Бұл болашаққа, ақын сөзімен айтсақ, келер заманға қатысты. Абай «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деп ой түйіндегені көпшілікке белгілі.

Келер заман айқындалмаған. Тұман дегенде нақтылық жоқ, оны дөп басып кім айта алмақ? Сондықтан, ол зар – санасына айналатынын да түсінуге, сірә, болатын мәселе. Абай зар дегенде, оның соңғы мәнісіне қатысты ой білдірсе керек. Абайдың зары, оның тілінен шыққан ойы, түсінігі, біз соларды түсінуге талаптану нәтижесінде осы жайларды баян етіп отырмыз.

Ғарифолла ЕСІМ, академик

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button