Руханият

Қайнарынан қанып іш…

(белгілі қаламгер, Мақпал ­Орынбетованың «ӘКЕМ АЙТАДЫ» атты кітабы туралы бірер лебіз)

Шынымды айтсам, 20 күн бойы әлемдегі ең дана адаммен – Алаштың ардақты ақсақалы, Арқа баспасөзінің ардагері, бүгінгінің нағыз зиялысы Қасым Орынбетов әкемізбен тілдескендей сезімде болдым. Бұрын да мұндай мазмұнды, салиқалы әңгімелерді Мақпал апайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып, сәулелі сөздің құдіретіне қайран қалып жүруші едім. Ал мына кітап рухани қайнарға, ой ұлылығына тұнып тұр. Әр бетін ашып қалсаң, адамзат баласының ең асылы – ақпейіл қарттың дана сөзіне, жылы жүрегі мен қазақы тіліне таңдайыңды қағып, рухани шөліңді баса алмай, қайнарынан қанып ішуге ұмтыла бересің, ұмтыла бересің…

«Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады» депті Шәкәрім атамыз бір сөзінде. Міне, қазақтың Қаскеңдей қадірлі қариясының есті әңгімелерін оқып отырып, өне-бойынан сол шын адамның, толық адамның бет-бейнесін көрдік. Сексеннің сеңгіріне шыққан көкірегі көмбе ақсақалдың сөздің ең ұлысы – Тарихты жадына өшпестей етіп жазып алғанына сүйсіндік. Жаһандану заманында біз жоғалта бастаған ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, болмыс-бітімімізді қарапайым тілмен, өмірдегі айшықты оқиғалармен әңгімелегеніне көңілің тоғаяды.

Қасым Орынбетовтің рухани қайнарына «күмп ете түскен» адам ұлт санасын оятқан рухани алыптар (хан Абылай, қабырғалы билер) әлеміне, Алаш арыстарының зар заманына, кешегі тоталитарлық жүйе үстемдік құрған тар заманға, бүгінгі тәуелсіздік алған жылдарға дейінгі дәуірлердің дастанын оқып, кеңістігін оймен кезіп шығады. Бұл жердегі оқырман алып таудан алтын іздеген жиһанкез болса, әр әңгімені оқыған сайын, заңғар таудың әр тасынан алтын түйіршіктерін тапқандай қуа­нады. Данагөй қарттың есті де өнегелі әңгімесінен көнеден тасқа қашалған нақыл сөздерді де, қазақы даналықтың даралығын айшықтайтын көркем ойларды да, шешен де тапқыр бабаларымыздың ой-қазынасын да, ұлттық болмысымыздың тереңдігін танытатын құнарлы көмбені де, әр заманның адамдарын көңіл таразысына сала білген зерделі жанның кемелдігін де көзбен ғана емес, көңілмен де анық көре аласыз. Қаскеңнің есті сөзі бәрімізді ойландырып, толғандырумен шектелмей, рухани қайнарымыз – ұлттық қалпымызға қайтып оралуға үндейді. Ұлттық рухынан, қазақы болмысынан ажырап бара жатқан жұртын қазақ болуға шақырады.

«Әкем айтады» әр қазақтың үйінің төрінде тұратын кітап ғана емес, көңілі мен көзінен таса қылмайтын құнды затқа айналып, Қасым ақсақалдың ескірмейтін есті сөзін күллі қазақ оқып, санасына тоқыса, нұр үстіне нұр болар еді. Ендеше, қазақ болып қаламыз десек, ар-ожданын екі дүние­сіне азық еткен асылдың сынығы, жақсының тұяғы Қаскеңнің рухани қайнарына бас қояйық!

«Бала кезімізде әке-шешеміздің аузынан «ұят болады», «жаман болады» деген сөздерді жиі еститін едік. Осы сөздерден жақсы тәрбие алдық. Үлкенге қарсы сөйлеме, алдын кесіп өтпе, бейпіл сөз айтпа, тағы сондайлар ұят болады. Үйге қарай жүгірме, табалдырықты баспа, есікті керме, бос бесікті тербетпе, бас киіміңді теріс киме, шашыңды жайма, тағы сондай сөздер жаман болады. Ата-ананың осындай кеңестерінен ұят болмасын деп, ұялшақтау, жаман болмасын деп сақтана жүріп ержетіп, есейдік. Оқығанымыздан гөрі үлкендерден алған рухани тәрбиеміз молдау болды. Ал қазіргі жастарда үлкендердің тәжірибесінен гөрі оқуы мол. Қазақи наным-тыйымға шорқақ» дейді Қаскең екі түрлі тәрбиені салыстырып-салмақтап астарлы ойын жеткізіп.

«Бармын деп мақтану, даңқтымын деп бардай болу, білгірмін деп күпірлену, өзіңді өзгеден артық санау – мінездегі кемшілік. Алланың берген жақсылығын пайдалан. Рахатын көр. Асып кетіп, тасыма» дейді ар азығын жан қалауына айналдыра білген, елі үшін еңбек етіп, арда қазағына сүйкімді болған Қасым ақсақал. «Әкеде де әке бар, балада да бала бар» деп Алаш арысы Міржақып Дулатұлынан қалған есті сөз бар. Осы сөз өзінің жан-дүниесін тірліктегі ұсақ нәрсемен, болымсыз қарекетпен былғамаған, ақ жүрегін аппақ қалпында сақтаған ақылды әкеге, хас зиялыға арналып айтылғандай.

Кітаптың қай бөліміне келсең де аузы дуалы қарттың адалдық, әділдік, ақжүректілік, мейірімділік, ынсаптылық, татулық, туыстық туралы ой толғамдарына үңілсең, өзінің жеке басын емес, өмір жолында Жаратқан жүздестірген жандардың бет-бейнесі арқылы яғни, бірдің емес мыңның мінез-құлығы, тәлім-өнегесі арқылы шынайы оқиғаларды қызықты етіп әңгімелеуімен өзіне баурап алғанына таң-тамаша боласың. Бұл шығарманы бас көтерместен оқып отырып, жылы жүректің жалынына жылынып, көркем ойдың шуағына шомыласың! Ақылы толысқан әкенің сүйікті қызына қана емес, тұтас ұлтына өнегелі сөз қалдырғысы келгенін пайымдайсың.

Демек, «Әкем айтады» әр қазақтың үйінің төрінде тұратын кітап ғана емес, көңілі мен көзінен таса қылмайтын құнды затқа айналып, Қасым ақсақалдың ескірмейтін есті сөзін күллі қазақ оқып, санасына тоқыса, нұр үстіне нұр болар еді. Ендеше, қазақ болып қаламыз десек, ар-ожданын екі дүниесіне азық еткен асылдың сынығы, жақсының тұяғы Қаскеңнің рухани қайнарына бас қояйық! Дүниедегі ең қымбат қазынаны жан-жүрегіне сақтап, ұлтына уыс-уыс қылып ұсынып отыр­ған Қасым әкеміздің айтары, оны қарашаға қаз-қалпында жеткізетін жаны жайсаң Мақпал апамыздың жазары таусылмасын дейміз!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button