Оқырманнан он сұрақ

Қайрат БАЙБОСЫНОВ


Өнер адамының бойынан қандай қасиеттердi көргiңiз келедi?
Рысты Жұмабекова, мұғалiм

– Өнер адамдарының бiр ерекшелiгi, болмашы нәрсеге тыз ете қалғанымызбен, қайтуымыз тез ғой. «Жақсы адамның ашуы шәйi орамал кепкенше» дейдi ғой қазақ. Бiздiң замандастарымыз бiр-бiрiмiзге кешiрiммен қарайтынбыз. Өнерде ауызбiршiлiк болмаса, қиын ғой. Арамызда алауыздық, қызғаныш, аяқтан шалу болған жоқ. Тек шығармашылық бәсеке ғана болды. Менiң замандастарым ешуақытта бiрiн-бiрi жамандамайтын. Бiр-бiрiнiң жаманын жасырып, жақсысын асырып отыратын, бiз сондай дала академиктерiнен дәрiс алдық.

Қоғамның бiр мүшесi ретiнде сiздi не мазалайды?
Жарылқасын Оралбайұлы,студент

– Кезiнде Iлия Жақанов ұмытылып бара жатқан әндердi ауыл арасындағы ақсақалдардан жазып алып, бөлтiрiгiне жем төккен қасқырдай маған әкелетiн. Мен оны домбыраға салатынмын. Сөйтiп, талай ән жазылды ғой. Менiң қынжылатыным, бүгiндерi мұндай үрдiс байқалмайды. Жастарымыз жалқау ма, бiлмедiм. Емтихан кезiнде құты қалмай ант-су iшедi. Емтиханнан өтiп алған соң, ол уәдесi далада қалады. Мен осыған қатты алаңдаймын.

Әншi болу арманыңыз болды ма? Өнерге қалай келдiңiз?
Сымбат Жанайдар, студент

– Бала кездегi арманым суретшi болу едi. Археолог та болғым келдi. Үшiншi сыныпта жүргенде «Мың бiр түннiң» барлық томын оқып шық-қанмын. Сол кiтаптағы қоймалардан табылған қазыналар қиялымды қияға шарықтатып, археолог болуды армандап жүргенiм сол ғой. Ал анам зоотехник болсаңшы дейтiн. Осыны ескерiп тiлегiмен сол мамандыққа құ-жат та тапсырғанмын. Алматыда Ғалым Сарбасов деген ағамыз болды. Өзi ҚазПИ-дiң математика факультетiнiң деканы болатын. Сол кiсiнiң үйiне оқуға тапсырамыз деп ауылдан бес-алты бала келдiк. Математик ағамыз жұмысқа шығар алдында бiзге есеп берiп кетедi. Басқа балалар кешке дейiн есеп шығарып әлек боп жатқанда, мен сол үйдегi әдемi домбы-раны тартып отыратынмын. Соны сезген ағайым менi эстрада студиясына алып барды. Ол кезде менде толқымалы дауыс болатын. Балалық шақтан ересек жасқа ауысып жатқан кезiм ғой. Комиссиядағылар күй класына барсын дегендей болды. Бiрақ Ғарифолла Құрманғалиев маған сенiм артты. Бағым жанып, Жүсiпбек Елебековтiң шәкiртi атандым.

Сiздiң Мойынқұмда ән шырқағаныңызда дауысыңызды бес шақырым жердегi жылқышылар естiп келiптi деген әңгiме бар… Осы оқиға қалай болып едi?
Жомарт Сексенов, оқушы

– Сексенiншi жылдары Iлия Жақанов бастаған үш-төрт адам атақты шопан, екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi Жазылбек Қуанышбаев ақсақалдың үйiне бардық. Сол ауылда бiр жұма қонақ болдық. Жыңғылдың арасында қырғауыл атамыз, балық аулаймыз. Сосын түннiң бiр уағына дейiн ән саламыз. Бiр күнi далаға шығып Бетпақ даланың ар жағындағы Жаңаарқа жұрты, дауысымды естiр ме екен деп, есерленiп айғайға басып ән салғанмын ғой. Ертеңiнде Жазекеңнiң үйiнде қымыз iшiп отырсақ, бiраз адам жиналып қалыпты. Бiр-екi шопан даурығып сөйлеп отыр. Басында мән бермеп едiк, сөйтсек, бiз туралы айтып жатыр екен. «Жазеке, Қайратты жалғыз өзiң тыңдайтындай, бұл сенiң бiзге көрсеткен қырың ба?» деп әжептеуiр сөзге барды. Ол кезде малшылар бiр-бiрiнен 4-5 шақырым жерде отырады. Түнгi ауаның тазалығы, үп еткен жел жоқ, айтқан әнiмдi жан-жақтағы малшылардың бәрi түнi бойы тыңдап жатыпты ғой сонда.

Өнер адамының қызықты жайттары жетiп артылады ғой. Бiреуiн айтып берiңiзшi?
Ақләйлек Жадырасынқызы, оқырман

– О, о ендi ондай сәттер болады! Студент кезiмiзде Кенжеғали Тәшкенов деген жiгiт екеумiз Жәнiбек Кәрменовтi қатырып алдадық. Тиынды автоматқа салып жiберiп, вахтаға Жәнiбектi телефонға шақырдық. Ырғалып Жәнiбек келдi ана жақтан. Қыз боп сызылып сөйлесiп тұрмыз: «Осылай да осылай, мен сiздiң ауылыңыздан, Семей жақтан келiп едiм. Сiздiң дауысыңызға ғашық едiм сыртыңыздан. Бiр көрсем деп жүрушi едiм, бүгiн сағат 5-те кездессек» деп. «Менiң әкем Герой Соцтруда, қысылмаңыз ақша жағынан, мен сiздi ресторанға шақырамын» деп қоямыз тағы да. Сонымен, қойшы, парктiң iшiндегi «Жетiсу» кафесiне шақырдық қой. «Мен сiздi сыртыңыздан танимын ғой, ал менiң аяғымда қызыл етiгiм бар, содан бiлесiз» деп бастырмалатып жатырмыз. Қыс түсiп қалған мезгiл. Дала қара суық. Сөйттiк те түк болмағандай, келе қалдық жатақханаға. Жәнiбегiмiз шала бүлiнiп жүр. Бiрiмiздiң галстугымызды тағып, бiрiмiздiң көйлек, туфлиiмiздi кидi. Менiң баллон плащым бар едi, соны бердiм. Күн болса, қақап тұр, үстiнде нейлон көйлек, баллон плащты киiп кеттi. Күлкiге қарық болып бiз қалдық.
Бiр сағат өттi, екi сағат өттi Жәнiбек жоқ… Қас қарая келдi-ау. Ернi суықтан көгерiп кеткен, саусақтары икемге келмейдi. Үстiндегi баллон плащтың түймесiн ағыта алмайды. Қолы-басын уқалап, шешiндiрiп, шайын берiп, макаронды жегiзiп, «тiрiлтiп» алғанымыз бар…

Өзiңiздi «Жолы болған жiгiтпiн» деп толықтай айта алар ма едiңiз?
Ерлан Бошай,«Асу» техникалық-гуманитарлық колледжiнiң оқытушысы

– Айта аламын. Аллаға шүкiр, менде бәрi бар.
…Бiзде гастроль өте жиi болатын. Үнемi ат үстiнде жүресiң. Бiр келгенде балам кiшкентай, ендi бiр келгенде өсiп қалған. Үйдегi отанамыз өзi еркек, өзi әйел, бәрiн өзi реттеп отырады. Орнымды жоқтатпады. «Қайда жүрсiң» деп әңгiр таяқ ойнатқан жоқ. Құдайға шүкiр, сол бейнеттiң зейнетiн көрiп отырмыз. Бүгiнге дейiн бiреуден бiр тиын қарыз сұраған адам емеспiн. Әйтеуiр, еңбегiмiздiң арқасында тырбанып күн көрдiк. Жеңгең барды ұқсата бiледi, жаздың күнi үйiмiзде қазы-қарта, жал-жая жеп отырамыз, бұған өзге ел де, өзiм де таңданып қоятынмын. Үйдiң берекесi әйел деген осы ғой. Егер ол «қайда жүрсiң, ана суретте жаныңда тұрған кiм» деп жан алқымымнан ала берсе, не болмақ?! Мiне, бақыт!

Отбасыңызда өнер жолына түскенi бар ма?
Шалқар Ахтанов

– Отбасымызда да өнерге жақын жандар баршылық. Iнiм Ахат Байбо-сынов шертпе күйдi өте жақсы шертедi. Жезқазғандағы «Ұлытау» ан-самблiнде бiраз жылдар Жақсыгелдi Сейiловпен бiрге қызмет еттi. Тәттiм-бет атындағы республикалық конкурстың бас жүлдесiн жеңiп алды. Жұбайы – Роза да әншi. Қызы Айша Байбосынова сахнадан жиi көрiнiп жүр. Ұлым Мұхтар – суретшi. Табиғат көрiнiстерiн қағазға ерекше тү-сiредi.

Дәстүрлi әндi өңiрлiк ерекшелiктерге байланысты бiрнеше мектепке бөлiп жатады. Олардың айырмашылықтары қандай?
Арман, оқырман

– Мен халықтық әндi өңiр-өңiрге бөлiп қарауға қарсымын. «Арқаның әншiсi», «Сырдың әншiсi» деп жатады. Мен – бар қазақтың әншiсiмiн. Басқаны қойып, ендi өнердi жiктеуге кiрiстiк. Көп жерлердi араладым, соңымнан ерiп, маған елiктеген шәкiрттерiм болды. Қай жерде әнiңдi дұрыс салсаң, халық соның бағасын өзi бередi. Кезiнде ән шертпе, төкпеде деп жiктелдi. Шертiп тартатын мынау Оңтүстiк Қазақстан, Арқа, Тарбағатай, Iле, Сарыарқа өңiрлерi болса, төкпеге Қызылорданың жартысы, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе. Тiптi, Атырау мен Маңғыстау арасында ойнаған сазында, қағысында өзгешелiк бар. Маңғыстауда кө-бiнесе күй тектес, жосылтып, бүлкiлдетiп отырады. Сонда барып тыңдарман: «Әй, мынау Жетiсу сарыны ғой, мынау Арқаныкi, ал мынау Маңғыстаудың қағысы» деп қағысынан таныған екен. Мұның бәрiн бiр-бiрiнен ерекшелеп тұрғаны – тек домбыраның қағысы ғана. Әуен сол күйiнде сақталған. Мектеп деген бiр ғана адамға берiледi. Мәселен, Ғарифолла Құрманғалиевтiң мектебi. Өйткенi, Ғарекең ерекше даусымен әндi әуелеттi, оған бәрi елiктедi, соңынан шәкiрт ердi. Мiне, сондықтан «Ғарифолла Құрманғалиевтiң мектебi» деп аталады. Сол сияқты Ақанның, Бiржанның, Жәнiбектiң мектептерi деп кете бередi.

Дәстүрлi әннен өткiзiлетiн конкурстарға көңiлiңiз тола ма?
Ақнұр Шекербек, студент

– Көп нәрсе байқаулардың ұйымдастырылуына байланысты. Орындаушылары да осал болмауы керек. Көбiсi төрт-бес әнiн орындаумен шектеледi. Мәселен, Балуан Шолақтың конкурсына барса, оның әндерiн, өмiрiн бiлуi керек. Естайдың конкурсына келсе, Естайдың стилiн, жеке қабiлетiн, шығармашылығын толық бiлгенi жақсы. Мұхиттың әндерiн жаттап қана конкурсқа қатыса салуға болмайды. Мұның сыртында түрлi бұрмалаулар да болып жатады. Бiздiң мақсатымыз жастардың көзқарасымен, солардың талантымен өнердi насихаттау. Ең бастысы – ән әуенiнiң сақталуы. Осы мақсатта қандай iс-шара өтсе де, оның басты мұраты ұлттық өнердi насихаттаумен ұштасып жатқаны жақсы.

Ұлыстың Ұлы күнi Наурызды қалай қарсы аласыз?
Сая Қасымбек, оқырман

– Бiздiң отбасымызда қалыптасқан дәстүр бар. Бала-шағамызбен жиналып, қазақы дәмдерден тұратын үлкен дастархан жайылады. Қонақ-тарымызды күтемiз. Жалпы, отбасымызда былайғы күнде де ұлттық салт-дәстүрiмiздi ұстанып отыратындардың қатарынанбыз.

Жазып алған Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button