Сұхбат

Қайрат ЖАҚЫПОВ, «Астана қаласы бойынша белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» КММ директоры: ТҰРАҒЫ ЖОҚТАР ТАҒДЫРЫ ОЙЛАНТАДЫ

– Қайрат Әсетұлы, орталықтың ахуалы қалай? Күн суытқалы мұн­да келушілер саны көбейген шығар?
– Бейімдеу орталығы негізінен 180 адамға лайықталған. Бірақ, мұн­да келушілердің санын есепке ала отырып, 230 адамды қабылдауға мүмкіндік жасадық.
Бүгінгі таңда мекемеде 201 адам тұрып жатыр. Бұдан бөлек күніне 18-20 адам келіп-кетеді. Яғни, кешкісін қонатын жері жоқ жандар орталыққа түнеп, таңертең кетіп қалады. Кешкісін жұмысын бітіргеннен кейін орталықты қайта паналауға мәжбүр. Мұнда келген жандардың тағдыры әртүрлі. Біз кешенді жұмыстар жүргізіп, қайдан келгенін, қайда баратынын, қайда жіберу керектігін зерттейміз.
– Орталыққа түскен адамға қандай көмек көрсетіледі?
– Тұрағы жоқ адамдардың күйі болмайтыны белгілі. Ең алдымен, оларды санитариялық жағынан қадағалаймыз. Жуындырып, таза киімдермен қамтамасыз етеміз. Ас-суын бергеннен кейін, дәрігерлер денсаулығын бақылайды. Жұқпалы аурумен ауыратынын немесе ауырмайтынын тексереміз. Құжатынан ай­ырыл­­ғандарға құжат дайындаймыз, туысынан адасқандардың туыс­тарына іздеу саламыз, жүйке ауруына шалдыққандарды арнаулы ауруханаға жібереміз, мүгедек жандарды немесе қария кісілерді қарттар үйіне жеткіземіз. Осындай жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету арқылы орталыққа келуші­лер­дің санын реттеп отырамыз.
– Азаматтар бейімдеу орта­лы­ғын­­ қанша уақытқа дейін пана­лай­ алады?
– Ереже бойынша бір жылға дейін ғана паналатуға мүмкіндігіміз бар. Ал сырттан, яғни, өзге өңірден келгендер бір айға дейін осында болады. Астанаға еліміздің әр аймағынан келіп, не жұмыс, не баспанаға қолы жетпей, бейімдеу орталығына кел­ген азаматтарды қайтадан еліне қай­таруға көмектесеміз.
– Үйсіз-күйсіз жандар мұндай орталықтың бар екендігін қалай біледі?
– Түнгі қону бөліміне түнеуге келетін азаматтар өздері келіп-кетіп жүреді. Сонымен қатар «Әлеуметтік патруль» жұмыс істейді. Олар қоғамдық орындарда, вокзал, әуежай, сапаржай, базар маңына рейдке шығып, тұрағы жоқ қаңғып жүргендерді түгендейді. Жалпы, қоғамның әлеуметтік көмекке зәру кез келген мү­­ше­сіне жәрдем беру, әлеуметтік көмек көрсету – мемлекеттің ұс­тан­ған бір бағыты.
– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button