Тағзым

ҚАЙРАТКЕР ҰСТАЗ ЕДІ

Осы жылдың маусым айында Қазақстанның Халық ағарту саласын ұзақ уақыт басқарған ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері Қажахмет Балахметовтің туғанына 90 жыл толады.

Ол 1926 жылы Көкшетау уезінің Ортақшыл болысында дүниеге келген. Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдары ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларында жұмыс істеуден бастайды. Тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтаған соң 1948 жылы қазіргі Сырымбет орта мектебіне орналасады. Ұстаздық қызмет еткеніне төрт жыл өтісімен облыстық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына таға­йын­далады. Осы кездері Қажахмет Балахметов ауыл­дық, қалалық, облыстық Кеңестердің депутаты бола жүріп, халыққа білім беру ісін өркендетуге елеулі үлес қосты. Шебер ұстаз, жақсы ұйымдастырушы, әрі саяси-қоғамдық құбы­лыстардың беталысын саралай білетін маман ретінде ол Орталық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына қызметке алынады.
1974 жылдың 14 тамызында Қажахмет Балахметов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Республиканың Халық ағарту министрі болып тағайындалады. Жауапкершілігі мол осынау қызметті он үш жыл бойы абыроймен атқарды.
Еліміздің педагогикасын ғы­лымның жетістіктерімен, білім беруді ұйымдастырудың озық тәжірибелерімен байытуға министр ретінде Қажағаң көп еңбек сіңірді. Әсіресе, ұстаз­дардың біліктілігін көтерудің нақты шаралары жүзеге асырылды. Орта білім берудің берік іргетасына айналған жүзден астам әдістемелік нұсқаулықтар мен кітаптар жыл сайын «Мектеп» баспасынан жарық көріп отырды.
Кеңестер Одағының импе­риалдық саясатының мықтап жүргізілген кезеңінде сы­ңар­жақ саясаттан жол тауып, мүмкіндігінше қазақ мек­тептерін сақтап қалуға, мек­теп­терде қазақ тілі мен әде­бие­тінің жүргізілуіне, қазақ тілінде кітаптар мен оқулықтар шы­ғаруға, «Қазақстан мектебі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарын шығаруға игі ықпал етті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтында қазақ филологиясы бөлімінің ашылуына жол бастап, институт ұстазы Жағыпар Мусин бастаған ұстаздар өтінішін қолдап, алғаш бөлім ашқызды.
Қажахмет Балахметов – қазақ халқының білімге деген ерекше қабілетін мақтан тұтқан ұстаз ретінде танылған тұлға. Ол математика, информатика, физика, химия, жаратылыстану сияқты ғылымдарды әлемдік байланыста оқып үйрену керектігін яғни, дәл бүгінгі өзекті мәселені айтқан.
Қазақстанның білім саласында өзінің жаңашылдық қасиеттерімен ерекшеленген ұстаздың айтқандары әлі де маңызын жоғалтқан жоқ. Мәселен, айтарлықтай рөлі жоқ, алуан түрлі мәжілістер мен кеңестер, көптеген адамдарды қатыстырумен өткізілетін басқа да шаралардың орнына ұйымдастырушылық жұмыстарын жандандыру әлдеқайда тиімді. Басқаша айтқанда, негізгі кемшілік – формализм. Есептер мен информацияларды жинаумен шектелу бір мәселе бойынша бұйрықтар мен шешімдердің қайталанып қабылдануына алып келеді.
Халыққа білім беру саласына айтарлықтай үлес қосқан, ағарту ісінің шын шебері Қажахмет Балахметов тек оқу процесіне ғана емес, тәрбие жұмысына да көп көңіл бөлді. Өйткені, тәрбие – мектептің үлесінде. Адамның дүниетанымы мен мінез-құлқы да мектепте қалыптасады. Сондықтан да болар, өзінің саналы ғұмырын бала оқыту мен оны тәрбиелеу ісіне арнаған ұлағатты ұстаз зейнетке шыққан соң Қазақстан балалар қорының төрағасы болып жұмысын жалғастырған еді.

Шара БАТТАЛҒАЗИЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button