Басты ақпаратҚоғам

Қайраткер жолы

(Оңалбек аға Сәпиұлы туралы сыр)

Менің өмір жолымда жай аралас-құралас емес, ерекше із қалдырған ағаларымның бірі де, бірегейі де – Оңалбек Сәпиұлы! Қарапайым қойшыдан қайраткерлікке дейін созылған өмірдастаны бар азамат биыл сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. Астанада тұрады. Елорданың Ақмола өңіріне қоныс аударып, көшіп келуіне тікелей атсалысқан адам. Ол кезде республика Парламенті Сенатының депутаты еді. Жай депутат емес, ең беделді депутаттар санатынан орын алған-ды. Өйткені Оңалбек аға адалдықты ту еткен, өтірік пен жағымпаздыққа жаны қас, жемқорлар мен жебірлерді жанына жуытпайтын текті тұлға ретінде танылды. Ал, бұған дейін…

…1979 жылы Алматыдағы университеттің журналистика факультетін ойдағыдай аяқтаған бұл пақырыңыз өзінің туған топырағы – Сыр еліне оралып жатқан шақ. Республикалық «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Абдул-Хамит Марқабаев ағамыз жұмысқа шақырып, жауапты қызметке бұйрық шығарып қойса да, елдегі отбасылық жағдайға байланысты, кешірім сұрап, жолға шығып кеткен ек. Пәлі десе, сөйткен бұл пақырың елдегі аудандық газеттен де орын таба алмай екі-үш ай босқа сенделер ме! Ақыры, Қызылорданың дәл түбіндегі Тасбөгет поселкесінде (Сырдария ауданының орталығы) шығатын «Сырдария» газетіне әзер деп, онда да екі ай мерзімге сынақпен жұмысқа алындық қой, не керек. Жә, бұның бәрін не үшін тәптіштеп айтып жатырмыз? Сол алақандай газеттің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген шағымызда бір жолы аудандық комсомол комитетінің кезекті конференциясы өткізілді. Кім бергенін қайдам, жиында сөз сөйлеушілер тізіміне аудандық газеттің бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі деп мені де жазыпты. Амал қанша, атым аталған соң, сөйлеуім керек қой. Мінбеге көтеріліп, аудан жастарының арасында мәдени-көпшілік жұмыстары жолға қойылмаған, комсомол ұйымдары бұған аса көп мән бермейді деген секілді сыни пікірлерімді ашық айтып салдым. Сөйтсем, бұл конференцияға облыстық жастар ұйымының басшысы Оңалбек Сәпиұлы қатысып отыр екен. Қысқасы, жиын аяқталған соң ол кісі мені шақырып алып «бізге жұмысқа ауыс» деді. Жауабымды да күтпестен «ертең менің жұмыс орныма кел, қалғанын сосын сөйлесерміз» деп түйіндеді де, жылы қабақпен шығарып салған-ды. Осылайша, «жалынды журналист» болам деп алқынып жүрген пақырыңыз ойламаған жерден комсомол қызметкері болып шыға келер ме?! Әрине, облыстық комсомол ұйымында басқа сала емес, өзіме етене жақын насихат және мәдени-көпшілік жұмыстарымен айналыстым. Бірақ, несін жасырайын, мұндай жұмыста тәжірибем өте аз, талай-талай сүріндік, қателіктер де жіберіп жаттық. Сондайда Оңалбек аға тікелей шақырып алып, әуелі аямай біраз сілкілеп, аяғында ақылын айтатын. Бірте-бірте ол кісінің өмір жолына қаныға түстім. Қызылордаға Алматыдан емес, сонау Мәскеудің өзінен келген көрінеді. Бүкілодақтық комсомол ұйымында ауыз толтырып айтарлықтай жауапты қызметте болған екен. Қарапайым қазақ жігітінің Кеңес Одағының бас қаласында, өңкей орыстың һәм орыстілділердің ортасында өзін көрсетіп, абыроймын қызмет істеуі таңқаларлық жағдай. Тіпті беделі де зор болған сыңайлы. Кейде өз кабинетінде жиналыс өткізіп жатқанда Мәскеуден бір танысы телефон соға қалса, онымен орысша әзіл-қалжыңын айта отырып-ақ, облыс үшін аса маңызды кейбір шаруаларды әп-сәтте шешіп алған кездерінің де куәсіміз. Өткен өмірі жайлы әңгімесін тыңдасаң, таңданбасқа амалың қалмайды. Сыр өңірінің Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент деген кішкентай ауылда, қарапайым колхозшы Құдайбергенұлы Сәпи мен Әбішқызы Ұрқия апамыздың отбасында 1944 жылдың 11-қаңтарында жарық дүние есігін ашыпты. Жас күнінде текті әжесі, ақынжанды ана Өтепқызы Зұлхияның арқасына мініп, еркелеп өсіпті. Содан да болар, Оңалбек аға қазақтың көне сөздері мен мағыналы мақал-мәтелдерін өте көп есінде сақтаған, сөйлесе төгіле жөнеледі. Осындағы төменгі сыныпты тәуір аяқтап, ары қарай аудан орталығындағы малшылардың балаларына арналған мектеп-интернатта жатып оқиды. Оқуын аяқтаған соң, дереу білім жолына түспей, жастық көңіл қалауымен қой бағатын бригадаға жазылады. Қойшылық өмірді бастайды. «Қазақтың ата кәсібінің дәмін ерте таттым» дер еді аға. «Мен жас күнімнен қара қоймен сөйлестім, олардың тірлігі маған етене жақын!» Арада екі жыл өткенде аудандық комсомол ұйымы жас жігіттің бойындағы жалын атқан жігерді байқап, жоғары оқу орнына жолдама береді. Оңалбек аға Шығыс Қазақстан облысындағы педагогика институтына түсіп, оны үздік аяқтайды да, ректораттың ұйғарымымен сол оқу орнындағы комсомол ұйымына басшылық жасауға шешім шығыпты. Жастарға жетекшілік жасап һәм жастармен қоян-қолтық жұмыс жасау, міне, сол кезден бастау алып жатыр. Одан соң Шығыс Қазақстан облыстық комсомол ұйымының хатшысы, Бүкілодақтық комсомол ұйымының жауапты қызметкері, ал 1977 жылдан – Қызылорда облыстық жастар ұйымының бірінші хатшысы болып тағайындалыпты. Тап осы кезеңде біз де жағалап, дәлірек айтқанда, өзінің шақыруымен, ағаның қарамағына қызметке келіп қалсақ керек. Осынау жылдар мен үшін де үлкен өмір мектебі болғанын бүгінгі күні ерекше атап айтар едім.

Оңалбек ағаның бойында екі-үш түрлі ерекше адами (бәлкім, қазақи) қасиет бар: сөйлесе сөзге шешен, ағытылып айтады, төгіліп сөйледі, жүрегіңді дір еткізеді; жазса жазуы жүйелі, ойы орнықты, санаңа сәуле құя түседі; ең бастысы, ол ұлт руханиятына мейлінше жанашыр жан; қазақ ақын-жазушыларын оқып қана қоймайды, тілекші болуы өз алдына, оған қоса көбісімен әзіл жарас­тырып, тонның ішкі бауындай сыйласа білді

Оңалбек Сәпиұлы облыс комсомол ұйымын басқарған жылдары көптеген бастамалар көтерді, жастарды жаңа істерге жұмылдырды, жас та алғыр кадрлардың өсіп шығуына тікелей ықпал етті. Мысалы, кейінірек республикаға есімдері бек танымал болған Қырымбек Көшербаев, Биғали Қайыпов, Болат Оразов, Гүлсара Алтынбекова, Кеңес Маханбетов, Ерғали Алдоңғаров, Зауыр Ақдәулетов, Махмұт Нәлібаев, Марат Есенов, т.б. Оңалбек ағаны ұстаз санайды.

Бұдан соңғы өмір жолы да санамызда сайрап тұр: Мәскеу­дегі қоғамдық ғылымдар академиясында тыңдаушы болып, оны қызыл дипломмен аяқтап, қайтадан Сыр өңіріне оралып, екі-үш ауданды басқаруы, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметі – барлығында да ізденімпаз, талапшыл және байқампаз басшы ретінде із қалдырғанын бүкіл ел біледі. 1997 жылдан бастап республика Парламентіне халық қалаулысы болып сайланып, бұдан былайғы қызметі тәуелсіз еліміздің аса зәру заңдарын талқылау, жетілдіру және керек уақтысында қабылдау бағытында болған-ды. Рас, жалғыз депутат бар мәселені шеше алмас, бірақ сауатты депутат қай кезде де сауатсыз заңдардың өмірге жолдама алуына тосқауыл қоя алады. Бұл ретте Оңалбек аға өзі айтатындай, ешқашан ел мүддесіне, халық игілігіне қиғаш келетін заңдарға қолдау көрсеткен емес, керісінше ондай шикі құжатты байқаса, ешкімнен тайсалмай, қос қолын көтере қарсылық жасай алды, оған батылдығы жетті. Сосын да ел құрметіне бөленген күні кешегі абыз ағаларымыз Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Амангелді Айталы, т.б. жолымен жүрді, мақсаттас болды, ел келешегіне алаңдады. Парламент қабырғасында өткен, белгілі бір заң жобасы айналасындағы қаншама талас-тартыстар жайлы, ондағы Оңалбек ағаның өтімді пікірлері жайында кеңінен толғап айтса да болар еді, алайда ондай «сая­си сайыс» әңгімесін кейінге шегере тұралық.

Оңалбек аға өнегелі отбасы иесі, жеңгеміз Зада екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, әлденеше немере сүйіп отыр. Ұлы Еркебұлан қазіргі кезде Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін абыроймен атқаруда. Өзі зейнет жасына шықса да көңілі сергек, үнемі елімізде және әлемде болып жатқан саяси-мәдени жаңалықтарға елеңдеп отырады. Жақында Оңалбек ағаның қара шаңырағына бардым. «Сексен жасыңыз да тақап қалды, атап өткен жөн емес пе?» деп сұрап ем, басын шайқады. «Бүкіл елді шулатып, дүркіретіп атап өтердей халқыма нендей айтулы еңбек сіңірдім, қарапайым ғана ғұмыр кешкем жоқ па» деп, жылы жымиды. «Кейінгі ұрпақ қазақ ішіндегі қазіргі көзі тірі идеологтар тобына сізді де қосып айтады» дедік. Ағамыз былай деді: «Нағыз ұлт идеологиясының қамшыгері кешегі Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібек еді ғой, аты көп аталмай жүр, тойлағыш ел сол кісіні жылда еске алып отырса артық болмас еді» деп қайырды. Қарапайым болу деген, асылы, осы болар! Қазіргі уақытта не бітіргенінде шаруасы жоқ, сексен тұрмақ елуі мен алпысын, тіпті қырық жасын да аста-төк атап жатқандар аз ба? Біреудің қуанышын қызғану емес, бірақ ұлан-асыр той жасау үшін де әуелі бұған халқым қалай қарайды деп ойланып қойса, ә? «Ары кетсе, ең жақын достарым мен туған-туысты, өздеріңдей інілерімді жинап, елу-алпыс кісіге дастарқан жайып, ата-бабама құран арнасам деп шештім» деді ойлана сөйлеп.

Оңалбек ағаның бойында екі-үш түрлі ерекше адами (бәлкім, қазақи) қасиет бар: сөйлесе сөзге шешен, ағытылып айтады, төгіліп сөйледі, жүрегіңді дір еткізеді; жазса жазуы жүйелі, ойы орнықты, санаңа сәуле құя түседі; ең бастысы, ол ұлт рухания­тына мейлінше жанашыр жан; қазақ ақын-жазушыларын оқып қана қоймайды, тілекші болуы өз алдына, оған қоса көбісімен әзіл жарастырып, тонның ішкі бауындай сыйласа білді, бірталайына қолынан келген көмегін аямады, тұрмыстық жағдайының дұрысталуына, тиісті марапат алуына дейін араласты, бірақ онысын бұлдаған жоқ. Мысалы, ақын Иран-Ғайып, суретші Қайырбай Зәкіров, жырау Алмас Алматов, жезтаңдай әнші Лена Әбдіқалықова, тағы басқалардың өнер жолына ақжайма төсеген – Оңалбек аға. Әбіш Кекілбай ағам бірде дастарқан үстінде «Оңалбек кешегі Өзбекәлі Жәнібек салып кеткен жиекті жолдың жоқшысындай азамат қой» деп еді.

Біз бұдан асырып не айта алармыз? Аман болыңыз, асыл аға!

Жолтай

ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,

жазушы-драматург

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button