Тұлға

Қайсар мінез қайраткер

Жақында Көкшетау қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековке ескерткіш ашылды. Елге адал қызметімен танылған тұлғаны бүгінгі аға ұрпақ өкілдері жақсы білгенмен, өсіп келе жатқан жас ұрпақ оның өмірбаянынан бейхабар болуы мүмкін.

[smartslider3 slider=1031]

Е.Әуелбеков – Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын қызыл дипломмен бітірген маман. Қызметке ерте араласқан Ерекең лауазымды жұмыстың бәрін жауапкершілікпен табысты атқарып шықты. Еркін Нұржанұлы бүкіл болмысымен әділетсіздікпен, заңды аяққа басқандармен күресте ымырасыздыққа жол бермейтін дара шыққан іскер, бірбеткей басшы болатын.

абинетінде жеке қалған Ерекең күндегі әдетінше жұмыс аяғында үстел үстіндегі күнтізбе бетін аударып қараса, тамыз айы да жақындап қалыпты. Осыдан он бір жыл бұрын Ерекең өзі туып-өскен Көкшетау облысына обкомның бірінші хатшысы болып сайланған екен. Иә, уақытта өлшем жоқ деген осы.

Есіне Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академия­сын қызыл дипломмен бітіргеннен кейінгі еңбек жолын бастаған Солтүстік Қазақстан облысындағы «Марьевский» совхозы түсті. Оның алдында аудан басшылары Ерекеңді шаруа­шылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал егін орағы кезінде совхоздың директоры басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты аудан басшылығы Еркін Нұржанұлын директордың міндетін қоса атқаруды тапсырды. Дәл сол кезде Ерекең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден шаруа­шылық жұмысына қызу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көпшілікке таныта білді. Егін орағы табысты аяқталып, шаруашылық жұмысын қорытындылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті совхоз директоры етіп бекітті.

Директорлық қызметке кіріскен Ерекең халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте беріліп, өзіміздің қазақтар шетқақпай қалатын. Сол жағдайды байқаған Ерекең ауылдастарымен ақылдаса келе, асарлық әдіске көпшілікті жұмылдыра білді. Бүкіл ауыл болып сенбі, жексенбідегі бос уақыттарын үй тұрғызуға арнап, лай илеп, саман құйған жігіттерге бас болып жүрген соң, қалған жұрт та тыс қалмай, ұйымшылдықтың арқасында бір маусымда баспаналарын жақсартып алды.

Бірінші басшылық қызметте жүріп Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атағын алуына септігін тигізді. Көптеген аупарткомның бірінші хатшылығы мен аудандық атқару комитеттері төрағалығына жергілікті кадрлар тартылды.

Еркін Әуелбековтің лауазымының тез өсуі аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында өтті. Оған бірден-бір себеп – Еркін Әуелбековтің өзі жетекшілік ететін шаруашылық тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қосымша көздері іздестіріліп, еңбек адамдарының күш-жігері сондай ұрымтал тұстарға жұмылдыра білуінде еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кадрларды таңдаудағы қоғамда қалыптасқан талап бойынша ұйымдастыру қабілеті бар, қай қызметте болсын өзін жақсы қырынан көрсете білген адамдарға әрдайым жол ашық болатын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысында істеген қысқа уақытта өзін сондай қырынан көрсете білді. Қарапайым халықтың арасында қызу еңбекте Еркін Әуелбеков қайнап пісті. Болмысындағы алғыр мінез де, жан-жақты іскерлік те, өжеттік те, міне, осы тұста бой көрсетіп, жас Еркіннің азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түсті.

Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта Ерекең осы облыстағы лауазымды қызметтердің бәрін жемісті атқарып шықты. 1961 жылы ол Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң Ерекең облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды, көп ұзамай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осыншама лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, салауатты да салиқалы қалпынан айнымайтын Ерекеңнің тұлғасынан парасат пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұратын. Облыс жұртшылығы Еркін Әуелбековті осындай қырынан тани білді. Қабылдауға келгендер ақыл-кеңес сұрайды. Ондай жандар қашан да риза көңілмен алғысын айтып шығатын. Осындай құрметке ие болу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт және ол әкесі Нұржанның қанымен, анасы Қалиманың ақ сүтімен дарыған өнегелі тәрбиеден болатыны хақ. Еркін Нұржанұлының басшылықтағы табандылығы мен дарындылығы, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білуі жөніндегі іскерлігі республика басшылығына да жетті. Орда бұзатын отыз жасқа жаңа толған Еркін Әуелбековті сол жылдары Қазақ КСР Министр­лер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бейсебаевтың ұсынысымен Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Осындай жауапкершілігі зор республикалық көлемдегі қызметті атқаруға Еркін Нұржанұлы тас-түйін дайын еді. Өзіне де, басқаларға да қатаң талап қоя білетін Әуелбеков бұл жұмысты үйіріп әкетті.

Еркін Әуелбековтің министрліктегі кадр саясатына батыл араласуы министр Моторикаға ұнай қойған жоқ. Ашық тартысқа бармаса да, араларына бір сызаттың түскені байқалып тұрды. Е.Әуелбеков қай жерде жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да өмір бойы шәкірт тәрбиелеген Нұржан әкесінің өсиет етіп айтып кеткен: «Балам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын ешкімге таптатпайтын бол» деген нақылын ешқашан естен шығармайтын. Министр Моторика консерваторлық көзқарастан арыла алмайтын және қазақ мамандарына көп сене бермейтін. Еркін Нұржанұлы министрлікке келген бетте осыны бірден байқаған еді. Дінмұхамед Ахметұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті көп ұзамай Қазақ КСР-і Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі етіп жоғарылатып жіберді.

Тың игеру жылдары Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай, Қазақстанға бет бұрып, Ресей мен басқа республикалардан ағылған кадрларда есеп болмады. Әсіресе солтүстік облыс­тардағы жағдай еш сын көтермейтін халге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс республика басшысы Қонаев­тың назарынан тыс қалмады. Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде Дінмұхамед Ахметұлы жас та болса басшылық қызметтің түрлі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланысты жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қазақ мамандарын өсіріп, шаруашылықтың түрлі салаларына орналас­тыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Шынында, Е.Әуелбеков осы облысқа келгенше мұнда лауазымды қызметтегі қазақ кадрларының үлес салмағы мардымсыз еді. Олардың бірен-сараны ғана совхоз-колхоздардағы партия комитеттерінің хатшылығынан аспайтын.

Бірінші басшылық қызметте жүріп Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атағын алуына септігін тигізді. Көптеген аупарткомның бірінші хатшылығы мен аудандық атқару комитеттері төрағалығына жергілікті кадрлар тартылды.

Ер-ағаның осындай адал еңбегін облысқа демалуға ара-тұра келетін Леонид Ильич Брежнев те, республиреспубликаны ұзақ жылдар басқарған Димаш аға Қонаев та байқады, соған орай олар әділ бағасын берді де. Қырық беске келген шағында Еркін Әуелбековке жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұндай атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде-бірі жетпеген еді.

Тәжірибесі мол, ысылған Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеруге жіберілсе, екі жыл толар-толмастан «Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін» деген ұсыныспен Сыр өңіріне барады. Қиындықтан қаймықпайтын Әуелбеков екі облыста да қордаланған проблемаларды шешудің жолдарын тауып, оны бүкіл республикаға жария етті.

Қазақстан компартиясы ХVI съезінде сөйлеген сөзінде Әуелбеков делегаттар назарын Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған Одақ, республика басшылығы тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбегенін, уақыт талабына сай халқының басым бөлігін қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін ашына жеткізді.

Елдің экономикасы мен саяси жүйесін Горбачевше реформалау барысында КСРО халық депутаттар съезіне баламалы кандидаттарды ұсыну басталды. Е.Әуелбеков Қызылорда облысынан КСРО халық депутаты болып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.

Мен өзім 1989-1991 жж. аралығында Қазақ радио­сының Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесінде Парламент тілшісі болған кезде Ер-ағаны талай кездестірдім. Бір жолыққанда «мынандай күйімізбен алып елден айырылып, халықты тентіретіп жіберетін шығармыз» деп ішіндегі уайымын жасырмап еді. Шынында да, көпшілікті ұшқыр ойымен, өткір сөзімен, қонымды ұсыныстарымен өзіне қаратып алатын асыл ағаның осындай күйзеліс жағдайда жүргенін көру бізге өкінішті әрі ауыр еді.

Жалпы Еркін Әуелбеков бүкіл болмысымен әділетсіздік пен заңды аяққа басатындармен аяусыз күресетін қайраткер, бірбеткей басшы еді. 1986 жылдың көктемінде Байқоңыр әскери бөлімшесінің кінәсінен Сырдарияның төменгі сағасындағы облыс халқының жартысына жуығы тұратын Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласына улану қаупі төнді. Осы жағдайға байланысты Е.Әуелбеков бас хатшы М.Горбачевке шығып, мән-жайды түсіндірді. Дереу Мәскеуден «Главкосмос» басшысы, генерал-лейтенант, екінші космонавт Герман Титов бастаған комиссия келді. Аталған мәселе облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, Еркін Нұржанұлы космодром басшысы генерал-лейтенант Юрий Адверкеевич Жуковты аяусыз сынады. Мұндай қылмысты аяқсыз қалдыруға болмайтынын, заң бойынша осыған жауапты космодром басшысы Жуковты партиядан шығарып, сотқа беретінін мәлімдеді.

«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, генерал Жуков өлермен жағдайға түсіп, Әуелбековтен кешірім сұраумен болды. Бұдан былай жергілікті билік органдары мен тұрғындар мүддесіне қол сұқпайтынын, аймақтың экологиялық талаптарын қатаң сақтайтынын, тағы аңдарды ендігәрі атуға бармайтынын айтып, ант-су ішті. Осылайша жөн-жосықсыз кеткен космодром басшысын Еркін Нұржанұлы сабасына түсірді.

Мәскеуден егемен еліне келген Е.Әуелбековке Елбасы Н.Назарбаев Президент кеңесшісі қызметін ұсынды. Еркін Нұржанұлы парасатты, адал азамат, алғыр тұлға еді. Ол табиғат жаратқан болмысынан өзгермей өмір сүрді, солай өмірден озды.

 Мейрам БАЙҒАЗИН,

Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button