Қайсар мінезді чемпион

Елордалық жас өрен Қайсар Асқаров – зендокай будо каратэ-до бойынша бірнеше спорттық жүлде иеленген дарындылардың бірі. 8 жасар спортшы жақында бас қалада өткен Astana Open Zendokai Cup чемпионатында 150-ге жуық қатысушының арасынан топ жарып, жеңімпаз атанған еді.
Зендокай будо каратэ-до – бұл каратэ, дзюдо, бокс секілді спорт түрлерінің әдістерін біріктірген жекпе-жек өнері. Негізгі жаттығулар төзімділік, күш пен жылдамдықты қажет етеді. Бұл спортпен Қайсар 5 жасынан бастап айналысып келеді. Батыл бала түрлі жаттығуларды бірден үйреніп, тіпті кейбірін әп-сәтте қағып алады екен. Қарсыластың соққысынан жалтарып, лезде қарсы шабуыл жасау, бірнеше соққыны бірізділікпен орындау және жекпе-жек барысында тепе-теңдікті сақтап қозғалу Қайсар үшін қиындық тудырмайды.
– Соңғы өткен Astana Open Zendokai Cup чемпионаты тартысты өтті. Қарсыластырым жақсы дайындықпен келіпті. Бапкерімнің үйреткен әдіс-тәсілдерін қолданып жеңіске жеттім. Қуаныштымын! Енді Қазақстан чемпионатында топ жарып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғағым келеді, – деп өз ойымен бөлісті жас чемпион.
Бас қаланың №96 мектеп-гимназияның 3-сыныбында оқитын жас спортшы оқуда да алғыр. Бірнеше қалалық және клубтық жарыстардың чемпионы мен жүлдегері. Спортқа баулып, түрлі деңгейдегі турнирлерде топ жаруына ұйытқы болғандардың бірі – Қайсардың бапкері. Спортшының физикалық күш-қуатын арттырып, тактикалық және техникалық қабілетін шыңдап, психологиясын дамыту оңай шаруа емес. Физикалық жүктемеден кейін спортшының қайта қалпына келуін есептеп, жарысқа дайындау тіпті қиын. Осы бағытта жан-жақты қолдау білдіріп жүрген жаттықтырушысы, Zendokai кarate федерациясының жетекшісі Асқар Елюбаевтың сөзінше, Зендокай будо каратэ-до спорты елімізде 2021 жылдан бастап дамып келеді.
Индира Бержанова