Қайсар қызбен кездесу

Бұл сурет 1969 жылдың күз айында түсірілген. Елге кеңінен танымал Целиноградтың құрметті азаматы, ұстаз, өлкетанушы, қоғам қайраткері Зағипа Тінәлина ұзақ жылдар бойы кинофикация, мәдениет саласында жемісті еңбек етті.
Ол жан-жақты білімді, ортасына беделді жан еді. 1930 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық техникумды үздік бітірді. Облыстық комсомол комитетінде қызмет еткенімен, 1938 жылы күйеуі Әлібаев Абат жазықсыз ұсталып, мұны да «халық жауының» әйелі ретінде қуғын-сүргінге ұшыратты. Сөйтіп, үш жыл КарЛАГ, «АЛЖИР» түрмесінде отырып шықты. Тек 1956 жылы ғана толық ақталды.
Жастайынан алғыр Зағипа Сәдуақасқызы өзі тұрған қаланың, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласа жүріп, 1963 жылы республикалық дәрежеде дербес зейнет демалысына шықты. Алайда еңбектен қол үзген жоқ. Жас ұрпақ тәрбиесіне белсене атсалысып, тәлімгерлік танытты.
Суретте Зағипа Тінәлинаның қаладағы №4 мектептің жоғары класс оқушыларымен кездесу сәті.